Жанар-жағармай материалдарының заңсыз шетелге шығарылуы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай әрекеттер ішкі нарықта тапшылық туындатып, бағаның өсуіне, алыпсатарлықтың күшеюіне және көлеңкелі айналымның кеңеюіне жол ашады. Оның алдын алу өте өзекті болып тұр.
Осы өзекті мәселе Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында өткен жиынның негізгі тақырыбы болды. Бұл маңызды жиын Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылып, ортақ мәселені ведомство қызметкерлері, сондай-ақ өңірдегі мұнай базалары мен автожанармай құю станцияларының басшылары бірге талқылады.
«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №175-н/қ бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін бензин мен дизель отынын әкетуге толық тыйым салынған. Сонымен қатар 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін авиациялық керосин, битум, мазут, толуол және ксилол экспортына уақытша шектеулер енгізілген», – деп мәлімдеді Департамент басшысының орынбасары Қайрат Жапаев.
Осыған байланысты жиында кәсіпкерлерге мұнай өнімдерін, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға қатысты қолданыстағы талаптар түсіндірілді. Қостанай облысы Ресеймен шектесетін өңір болғандықтан, жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету қаупі әрдайым өзекті саналады. Осындай тәуекелдердің алдын алу, «сұр» схемалардың жолын кесу және ішкі нарықтағы жанармай тұрақтылығын сақтау үшін өңір кәсіпкерлеріне қолданыстағы шектеулер мен жауапкершілік талаптары баяндалды.
Сондықтан экономикалық тергеп-тексеру департаменті қабылданған шараларды қатаң бақыламақ. Мұндағы басты мақсаты – ел ішінде жанармайдың тұрақты қорын сақтау, отын тапшылығына жол бермеу және транспорт отынын заңсыз шығаруға тосқауыл қою екенін айтып өтті.
Гүлзада НҰРМАҒАНБЕТОВА
