Жаны жайсаң жақсы аға

Жаны жайсаң жақсы аға

Биыл алғаш хабар тарата бастағанына 30 жыл толған облыстық телеарнада өзіндік ізін қалдырған тұлғалардың бірі ақын, журналист Нағашыбай Мұқатов еді. Нағашыбай ағаны көпшілік ақын деп таниды. Алайда ол кісінің журналист ретінде атқарған еңбегі де ерен.

1991 жылы Қостанай облыстық арнасына газетте, радиода қызмет етіп шыңдалған тәжіриебелі маман ретінде келді. Сол кездегі әріптестерінің айтуынша, келе сала жұмысқа шабыттана, білек сыбана кірісіп, жас ұжымның буыны бекіп, шығармашылық тұрғыда шыңдалуына елеулі үлес қосты.

Нағашыбай Оразбайұлы Мұқатов 1949 жылы 15 наурызда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай ауылында дүниеге келді. Замандастары айтқандай, жас күнінен өлең жазып әуестенген. Бұған өзінің үлкен ағасы, белгілі журналист Жақсылық Жүнісовтің де шығармашылықпен айналысуы түрткі болса керек. Нағашыбай ағай мектепте оқып жүргенде ағасы Жақсылық Жүнісов Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлымен бірге қызмет істепті. Серік Тұрғынбекұлы Нағашыбай Мұқатовпен алғаш танысуын былай деп еске алады.

«Сол Жақсылық (Жақсылық Жүнісов) мені қыстың бір күнінде, сол кезде «Қызыләскер» деп аталатын қазіргі Аралбай ауылына алып барды. Жақсылықтың әке-шешесі қонақжай, ақпейіл адамдар. Бізді құрақ ұшып қарсы алды. Әкесі Оразбай сол ауылда беделді қызмет атқаратын кісілердің бірі. Әдебиетке өте жақын. Өз туысы Қайнекей Жармағамбетовпен бірге өскен. Қақаң жайлы небір қызық хикаяларды айтып берді. Мен, сөйтіп, осы күнгі белгілі ақын Нағашыбай Мұқатовты сол тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде алғаш рет өз үйінде көрдім. Жақсылықтың туған інісі екен. Одан да гөрі кіші інісі Амантай тақылдатып тақпақ айтады екен. Сол есімде қалыпты. Нағашыбай өзінің мектеп қабырғасында жүріп жазған жауқазын жырларын маған ұяла көрсетті. Қарап, оқып шығып едім, баладан бірдеңе шығатын тәрізді. Балаң болса да балауса жырлардан бүршік ата бастаған көктем гүлін көргендей болдым. Үндемей өзіммен бірге ала кеттім. Жақсылық та қанша жанашыр болғанмен, маған ләм-мим деп тіл қатпады. «Інім еді, өлеңдерін шығара гөр!» деген жоқ. Мен редакцияға келе сала, Аралбай мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Нағашыбай Мұқатовтың балауса жырларының бір тобын газетке жариялап отырмыз» деген алғысөзбен аудандық газетке суретімен қоса ұрып жібердім». Мектеп оқушысы Н.Мұқатовқа қалай әсер еткенін қайдам, осы оқиғаға Жақсылық қатты қуанды».

Ақын Нағашыбайдың поэзияға қадамы осылай басталыпты. Мектеп бітіргесін бірден жоғары оқу орнына түспей, осы өзіне шығармашылыққа жол ашқан аудандық «Жаңа өмір» газетіне жұмысқа тұрады. Сөйтіп журналистиканың қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинайды. Ресейдің Йошкар-Ола қаласында әскери борышын өтейді.

Кейін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша тәмамдады. Осылайша жоғары білім алып, дипломды маман атанған соң сол кездегі Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында ұзақ жыл облыстық радиода еңбек етті. Күллі республикаға хабар тарататын «Қазақ радиосының» Торғай облысындағы меншікті тілшісі міндетін атқарды. Яғни, 1991 жылы жаңадан ашылған Қостанай облыстық телеарнасында келгенде Нағашыбай ағай қырықтан енді асқан, ақыл-ойы толысқан, тәжірибелі маман еді. Сондықтан кадр тапшылығын тартып отырған, әсіресе қазақтілді кәсіби тілшілер тапшы облыстық арна оны қуана қарсы алды. Бірден қазақ редакциясының бас редакторы қызметіне тағайындады. Бұл қызметке бел шеше кірісіп қазақ редакциясының жаңа бір шығармашылық белеске көтерілуіне мұрындық болды. Өзі бас болып «Әнге ғашық жүректер» атты авторлық хабар дайындады. Сөйтіп кейінгілерге жөн сілтеп, жол көрсетті. Мұнан соң облыстық арнадағы авторлық хабарлар саны арта бастады.

Нағашыбай ағаның хабарларынан, сөз саптауынан, қойған тақырыптарынан ақындығы анық аңғарылып тұратұғын. 90-шы жылдары кеңестік идеология көп жарыққа шығара қоймаған тақырып – жетім балалар тағдыры жайлы айтыла бастады. Қоғамдағы осы кеселдің себептері мен салдары жайлы «Тастанды бала, тас жүрек ана» атты жобасы республикалық сайыста жүлдеге ілікті. Екінші дүниежүзілік соғыста екі қолынан айрылған майдангер жайлы «Қайранкөлден шыққан қаһарман» атты деректі фильмі де еліміз бойынша үздік деп танылды. Бұл тек өзінің ғана емес, күллі ұжымның мерейін тасытқан жеңіс еді.

Нағашыбай Мұқатовтың еңбегіне сай алған марапаты, бағындырған биіктері аз емес. Замандасы, белгілі журналист Оразалы Жақсанов өзінің естелігінде бұл туралы былай дейді:

«Ол (Нағашыбай Мұқатов) облыс қана емес, еліміздегі таңдаулы журналистердің бірі еді. Сөзіміздің дәлелі ретінде деректер келтіре кетелік. Мәселен, Қазақ радиосының ұжымы ұйымдастырған «Қазақстаным – қарашаңырағым» республикалық радиофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар 2001 жылы Қазақстан журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында «Жүректен – жүрекке» ұлттық байқауының «Телевизияның үздік журналист-продюсері» номинациясының жүлдегері атанып, қуанышпен оралды. Бұдан басқа да шығармашылықта қол жеткен табыстары аз емес. Оның кеудесіне «КСРО телевизия және радио үздігі» белгісі, Астананың 10 жылдық мерекелік медалі тағылды. Кезінде Қостанай облысының өнер мен мәдениетте ерекше көзге түскен майталмандарға берілген меценаттар клубының «Әдебиет» номинациясы бойынша «Қазына» сыйлығына ие болды. Әріптесіміз кезінде аудандық, облыстық ақындар айтысына да қатысып, жеңімпаз да болған».

Он жылдай тізе қосып бірге жұмыс істеген танымал тележурналист Гүлжібек Бекмұхамедованың да Нағашыбай ағайға деген құрметі ерекше. «Мен орыс редакциясының, Нағашыбай қазақ редакциясының бас редакторы болғанда екеуміз 8 жыл бір бөлмеде отырдық. Өте ақжарқын, жаны жайсаң жан еді. Әзіл-қалжыңды, анекдот айтқанды жақсы көретін. Көптеген ауқымды тележобаларды бірге жүзеге асырдық. Арамызда ерекше сыйластық, құрмет орнады. Бір-бірімізді ым-ишарамен-ақ түсінуші едік. Ол кісімен тіл табысу сондай оңай, жеңіл. Тағы бір қызығы Нағашыбай маған орысша, ал мен оған қазақша сөйлейтінмін. Өзі бірде демалыстан Торғай жақтан оралғанда «Елдегілер маған «Орысшаң тәуір болып қалыпты» дейді. Бұл сенің арқаң!» деп балаша мәз болғаны есімде. Әнді керемет шырқайтын. Ақын достары көп келетін. Жұмыстағы ұйымдастырушлығы өз алдына, кез келген мерекелік басқосу, отырыстардың да сәнін кіргізетін».

2000 жылдардың басында телеарнадан қызметтен кеткен соң да Нағашыбай Мұқатов шығармашылықтан қол үзген жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ журналистика факультетінде сабақ берді. Осылайша жас кадрлар дайындау ісіне де еңбегін сіңірді. Кейін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайы директоры болып қызмет етті.

Нағашыбай Мұқатов аялуы жар, ардақты әке бола білді. Жұбайы Рәзиямен тату-тәтті, жарастықта ғұмыр кешкеніне көпшілік куә. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Немере сүйді. Жан жары өмірден өткенде қатты күйзелгенін де білеміз. Бұл да адалдығының, жүрегінің тазалығының белгісі шығар. Жарынан айырылып, бұл тірліктің бар мәні жоғалғандай жаны құлазыған қайран ағаның өзі де көп ұзамай 2024 жылы өмірден озды.

Нағашыбай ағаның мен де алдын көрдім. Университетте сабақ берді, кейін жұмыс барысында хабарласып жиі сұхбат жазатынбыз. Қашанда қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүретін. Айтары бар азамат еді. Біз тәрізді кейінгі толқынға қашанда тілекші болып, ағалық қамқорлығын аямайтын. Ақыл-кеңесін айтатын, жетістігімізге балаша қуанып, қолдау көрсететін. «Дәурені бөлек Дәуренбек» деп көптің алдында қолпаштап қоятын сәттері жүрекке бір жып-жылы шуақ құйғандай әсер етер еді. Жан-жағына тек жылылық сыйлап жүретін жаны жайсаң жақсы ағаның осынау ерекше болмысы кейінгі буынға үлгі өнеге.

Дәуренбек ӘБДІБЕК