Қостанайда алғаш рет «Асыл мұра – 2023» Қазақстандық брендінің көрмесі ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер мен дизайнерлер бір алаңға жиналды.
Көрмеде кішкентай қуыршақтар келген қонақтардың бірден көзіне түсті.
-Мамандығым шаштараз, ал қуыршақтар-менің хоббиім. Мен алты жылдан бері айналысып келемін. Қуыршақтардың бастары пенопласттан жасалған, барлығы матадан тігілген. Бір қуыршақ жасау үшін шамамен төрт күн қажет, – дейді шебер Светлана Калинина.
Іс шараның өтуіне Қостанай облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының жастар қанатының мүшесі Фариза Сейілхан мұрындық болды. Ол өзінің әріптестерімен көрмеге бір жыл бойы дайындалғанын атап өтті.
Екатерина Паевская да келгендерді өз жұмыстарымен таң қалдырды. Дизайнер көрмеге эксклюзивті киімдер дайындаған. Ол өзінің киімдерінде Қызыл кітапқа енген жануарларды бейнелген.
– Мен Ақмола облысында дүниеге келдім, сондықтан жануарлардың бейнесін саламын. Киімдерді күн сайын киіп жүруге болады, менің жасаған дүниелерім сонысымен ерекшеленеді, – дейді қолөнер шебері.
Айта кетейік, «Асыл мұра» Қазақстандық брендінің көрмесінің арнайы қонақтары белгілі дизайнер Алексей Чжен мен әнші, «Кешью» тобының бұрынғы солисі Әнел Әрінова болды. Сондай-ақ, Шығыс базарындағы «Қазақювелир» компаниясының білезік, сырға қойылған зергерлік бұйымдары көздің жауын алады. Биыл компанияның құрылғанына 82 жыл.
– Біздің бұйымдарға сұраныс жыл санап артып келеді. Осы күнге дейін тұтынушыларымызға сапалы дүние ұсынып келеміз, – дейді Қостанай қаласындағы «Қазақювелир» АҚ филиалының директоры Айгүл Саинова.
Көрмеге Әлия Әбдірахманова табиғи тастардан жасалған әшекейлерін ұсыныпты.
– Алтын жалатылған бұйымдарда арнайы жабын бар. Бұл өнімдер ұзақ уақытқа дейін қараймайды. Әр адаммен жеке жұмыс жүргізіліп, тастар зодиак белгісі бойынша таңдалады, – деді «Aliya Jewels» негізін қалаушы.
Көрмені тамашалауға келген қостанайлықтардың қарасы көп болды. Олар өздеріне ұнаған заттарды сатып алып жатты.
–Бүгінгі көрмедегі заттардың өзіндік ерекшеліктері бар. Маған дизайнерлердің ұсынған киімдері қатты ұнады. Осындай шаралар біздің өңірде жиі ұйымдастырылып отырса деген тілек бар, – дейді қала тұрғыны Гүлфейруз Ешниязова.
Іс-шараның барлық қатысушылары грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.