Рудный қаласында бұзылған үйлер жөнделеді

Рудный қаласында бұзылған үйлер жөнделеді

Рудный қаласында үй кезегінде тұрған азаматтар санын азайту үшін бос тұрған тұрғын үйлерді жөндеп, халыққа бермек. Қазір жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Сонымен қатар білім беру саласында мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі уақытта ERG қаражаты есебінен 1200 орындық мектеп, сондай-ақ “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы шеңберінде 900 орындық мектептің құрылысы жобалануда. Бұл туралы Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко облыстық өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтып, биылғы бес айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.

Ол өз баяндамасында өнеркәсіп, инвестиция, тұрғын үй, құрылыс жұмыстарының көлемі, білім беру, мәдениет саласы, қоқыс шығару, жылу және сумен жабдықтау инфрақұрылымының жұмысын сараптады.

– Қалада 7271 шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,8% артқан. Шағын және орта бизнес саласында жалпы сомасы 4 млрд 444 млн теңгеге 20 инвестициялық жоба қолға алынған. Онымен қоса құны 924 млрд теңге болатын тағы 3 жоба қаралуда. Осы 23 жобаны іске асыру нәтижесінде 1134 жұмыс орны іске қосылып, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 229 млрд теңгеге ұлғаяды, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы Рудный тұрғындарының жайлы өмірін қамтамасыз ету үшін барлық жұмыс қолға алынатынын тілге тиек етті. Қалада дене шынықтыратын 51 нысан бар. Соның 36-сы жеке меншік. Он бірінші шағын ауданда спорт түрлеріне арналған екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталуда. Бұл қалалықтарға жақсы нысан болары сөзсіз.

 

Жаңалықтармен бөлісу