Өткен демалыс күндері Қостанай ауданының Майкөл ауылында дәстүрге айналған «Тың-2023» спартакиадасы өтті. Ауқымды спорт сайысына Тобыл қаласы мен ауылдық округтерден барлығы он жеті команда қатысты.
Екі күндік жарыстың ашылу салтанаты спортшылар шеруімен басталды. Әр ауылдың командасын сол елді мекеннің әкімдері мен белгілі спортшылары бастап шықты. Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
– Аудан өмірінде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту басым бағыттардың біріне айналғалы қашан. Дені сау ұлт ел дамуының кепілі. Біз азаматтардың спортпен айналысуына барынша қолдау жасаймыз. Ауданымызда жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Біздің спортшыларымыз халықаралық, әлемдік деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мәселен, қазақ күресінен бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы Талғат Жиентаев, пара дзюдадан ҚР кубогының екі мәрте чемпионы Динара Құтжолова, тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері Айым Ермұханова, гір спортынан жастар арасында Азияның екі мәрте күміс жүлдегері Иван Савальев және гір спортынан жастар арасында Азия чемпионы Игорь Квашнин. Аталған чемпиондар біздің мақтанышыз және олардың жеңісі кейінгі толқынға үлгі, – деді аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов спартакиаданың ашылуында.
Салтанатты іс-шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мұрат Кинтонов пен шаруа қожалығының басшысы Николай Говоров сөз сөйлеп, үздіктерге жеңіс тіледі. Мәртебелі меймандардың жылы лебіздерінен соң, Майкөл стадионында спартакиада алауы лаулады. ҚР чемпионы, Азия чемпионы, Еуропа чемпионатының жеті мәрте жүлдегері, Әлем чемпионатының бес мәрте күміс жүлдегері, 2017 жылғы Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Илья Кангаш алауды алаңға алып шығып, әріптесі, пара шаңғы жарысынан ҚР спорт шебері, ел чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері, Азия кубогының чемпионы (Иран 2019 ж), ҚР ұлттық құрамасының мүшесі Юрий Березинге табыстады. Березин факелді ҚР ат спортынан спорт шебері, Қостанай облысы көкпар командасының жаттықтырушыкапитаны, 2015, 2023 жылғы аударыспақтан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Бақдәулет Асановқа ұсынды. Б.Асанов спартакиада алауын жағып, салтанатты іс-шара мерекелік кешке ұласты.
– Майкөл ауылындағы стадион жөндеуден өтті. Балаларға арналған футбол, баскетбол және волейбол алаңдары салынды. Болашақта ауыл жастары аталған нысандардың игілігін көреді деген ойдамыз, – деді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мылтықбай Абуайтов.
Аудандық «Тың» спартакиадасында бес жүзден астам спортшы бағын сынады. Екі күн бойы спорттың он үш түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Қорытындысында жалпы командалық есепте Заречный елді мекенінің командасы бірінші орын, Тобыл қаласының спортшылары екінші орын және Жамбыл ауылының командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз командалар алдағы облыстық спартакиадада аудан намысын қорғамақ.
Қостанай ауданы