Үйкескен ауылының сыртындағы қорымның жанына зиярат жасаушыларға арналған орынжай салынды

Үйкескен ауылының сыртындағы қорымның жанына зиярат жасаушыларға арналған орынжай салынды

Ұзынкөл ауданы Новопокров селолық округіне қарасты Үйкескен ауылының сыртындағы қорымның жанына зиярат жасаушыларға арналған орынжай салынды. 30 адамға арналған үй мен 200 адамға арналған жазғы асхана барлық керек-жарақпен түгел қамтылған.

Жеткілікті ыдыс аяқ қойылып, жарық беретін станция орнатылыпты. Мұнда тазалық мәселесі ерекше қарастырылған, ас берілген соң қоқыс-қалдықты арнайы қойылған контейнерге салып кетеді.

Орынжайды салуды осы елдің азаматы, белгілі меценат «Үйкескен» ЖШС басшысы Тұрсынбай Сәдуақасов мойнына алып отыр. Ал ақшалай және заттай көмек көрсеткен ел азаматтары бар.

Қасиетті Құрбан айт мейрамының қарсаңында асхана орынжайы халықтың игілігіне берілді. Шарапаты мол шараға Үйкескен ауылынан шыққан үлкенді-кішілі жерлестер түгел жиналды десе болады. Ал мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарының ардагерлері Оралхан Таңжарықов, Сәкен Төкенов, Ибраш Естаев, Сәлім Қайыров, Нығмет Қонақов бастаған ел ағалары отбасыларымен арнайы барды.

– Былтыр мен сіздерге бұл орынжайды салудың мақсаты жайында айтқан болатынмын. Осы ауылдан шыққан азаматтар бұдан былай далаға келгендей болмай, арнайы салынған орында ас беріп, дұға бағыштай алады. Бұл іс бір адамның ғана қолынан келмейтіні анық. Өз Өтешов әулетінен 200 мың теңге мен кілем берген Сапар аға, асүй гарнитурасын сыйға тартқан Меңдібай жиеніміз, үстел-орындықтар әкелген Жылқыбай ініміз, сондай-ақ көрпешелер тапсырған қарындастарыма айрықша алғыс. Ал осы орынға бас-көз болып, келген адамдарға дұға бағыштап беру жауапкершілігін Мәжит Тіленкенов інімізге тапсырып отырмыз, – деді ел ағасы Тұрсынбай Сәдуақасов.

Ораз Әмірханов, Қабдолла Жақсыбаев бастаған ел ақсақалдары игі тілегін жеткізді. Тұрсынбай Сәдуақасовтың кешегі Марал ишан мешітінің мерейтойына зор еңбек сіңіріп, Ұзынкөлдегі «Балықты» мешітіне Құрман бабаның есімін беруге ерекше атсалысып жүр.

            – Бүгінгі еңбектеп жүрген сәбилеріміз ертең үлкен азамат болады, сол кезде қазіргі жасалған істі әрі қарай жалғастырып, дәріптеп отырмақ. «Байлығыңнан не пайда, қайырымдылығың болмаса. Кісілігіңнен не пайда, имандылығың болмаса» дегендей, бүгінгі науқан «өлі риза болмай, тірі байымайды» қанатты сөзімен қабысып жатыр. Бұл қолға алғандарыңыз ауылдастардың ауызбірлігінің арқасы, – деп лебізін жеткізген ел ағасы Ибраш Естайұлы өз атынан 300 мың теңге берді.

Қостанайдағы Марал ишан мешітінің бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы көпшілік атынан қорымдағы аруақтарға құран бағыштады. Бұл бейітте Ұлы Отан соғысына қатысқан жүзге жуық жауынгердің есімі жазылған ескерткіш қойылғанын айта кетейік.

Тұрсынбай Бағытбайұлы осы жерде бірқатар ел ағаларына шапан жапты. Соңынан Сәдуақасов әулеті жиналған жұртшылыққа дастархан жайып, ас берді.

 

Суреттерді түсірген Еркебұлан ӘСЕТ.

Ұзынкөл ауданы.

Жаңалықтармен бөлісу