Ахаңның әдіснамалық сабақтары

Ахаңның әдіснамалық сабақтары

Биыл қазақ руханияты үшін орны бөлек еңбек – «Әдебиет танытқыш» жинағының жарық көргеніне 100 жыл толып отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жазған бұл еңбек қазақ әдебиеттануының, тұтас ұлттық ғылымның негізін қалаған туынды десек артық емес. Ғасыр бұрын жазылған «Әдебиет танытқыш» бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, оның ғылыми жүйесі, әдіснамалық ұстанымдары қазіргі әдебиеттану мен тіл білімінде бағыт-бағдар беретін темірқазыққа айналып отыр. Ахаң сөз өнерінің табиғатын терең танытып қана қоймай, оны зерттеудің ұлттық үлгісін қалыптастырған. Ғалым Ербол Тілешовтің «Қостанай таңына» арнайы ұсынып отырған «Ахаңның әдіснамалық сабақтары» атты материалдар топтамасы – осы ұлы еңбектің ғылыми тағылымын бүгінгі көзқараспен саралап, оның өміршең идеяларын кеңінен насихаттауға бағытталған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми ойлау жүйесі, әдіс пен мазмұн бірлігі, тіл мен әдебиетті тұтастықта қарастыру дәстүрі жан-жақты талданады. Бұл сабақтар ғалымдар мен ұстаздарға да, әдебиеттануға қадам басқан жас буынға да ой салып, бағыт-бағдар беретіні сөзсіз.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,
«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы

Қазіргі қазақ ғылымында, әсіресе тіл білімі, әдебиеттану, әдістеме, тарих, педагогика және қоғамтануда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы мен қайраткерлік еңбегі лайықты бағаланып, әр сала бойынша мақалалардан бастап монографияларға дейін жазылуда,өмірбаяны, шығармалары оқулықтарға енгізілуде.

Алаш көсемі, ұлт қайраткері және жан-жақты шығармашылық тұлға ретінде танудамыз. Ахаңның сан салалы мұрасы мен қайраткерлік күресінің мақсаты мен бағасы әсіресе, қоғамдық институттары қалыптаспаған сол дәуірдің контексінде тіпті арта түседі және тарихи орасан еңбегіне ерекше құрметіміз күшейеді.

Ұлт тарихындағы Ахаңның аса ірі шығармашылық болмысын сипаттайтын анықтауыштардың қатарында «қазақ ғылымының атасы»,«ұлттық ғылымның негізін салушы» деген ойлар жиі кездеседі.Осы орайымен келгенде, Ахаң өзінің еңбектерінде ғылыми, әдістемелік алуан әдістерді қолданып, ұлттық тіл білімі мен әдебиеттанудың бастапқы ғылыми жүйесін, яғни зерттеу әдіснамасының алғашқыүлгілерін жасаған тұлға.

Әдістерден құралатын әдіснама А.Байтұрсынұлы сияқты ұлттық ғылымның негізін салған тұлғаның шығармашылығын зерделеуде аса маңызды. Бұл жөнінде:«Ұлы істердің әдісі де ұлы болады. Ұлы әдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мәнісін білгенмен, істеу әдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?!» — деп өзі де әдістің мәнін айрықша бағалайды. Бұл педагогикалық, ғылымикөзқарасын білдіретін «Баулу мектебі» мақаласындағы пікірі. Әдіскер және әдіснамашыАхаң ғалымдық, қайраткерлік барлық мақсаты мен идеясын ретімен жүйелі және нәтижелі атқарған тұлға.Бәріміз соныңигілігін көрудеміз жәнеболашақ ұрпақ та көретініне сенеміз.

«Ұлт ұстазы» деген аса мәртебелі атақтыағартушылығына қоса, ұлтты оятушы ақындығы мен көсемсөзшілігі, шәкірт тәрбиелеген ұстаздығы, азаттық қозғалысындағыкөсемдігі, ұлттық ғылыми ойдың атасы ретіндегі оқымыстылығы — тұтас тұлғасын қалыптастырған барлық қабілеті мен қайраты, күресіарқылы қазақ баласы үшін жасағанорасан тарихи қызметі әр ұрпақ құрметпен қарайтын бүтін болмысын құрайды.Ол сан қырлыағартушыдан да биік шын мәніндегі зор ренессанстық тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы сынды аса ірі әмбебап тұлғаға ХХ ғасыр басындағы ұлттықӨрлеу дәуірінің, яғни қазақ Ренессансының рухани көсемі ретінде қарауымыз керек. Абайдың ізгілікті ойларынан басталатын Жаратушы — қоғам — адам үштағанындағы этикалық, эстетикалық, философиялық гуманизмдіалаштықтарөз дәуіріндеұлттықмазмұн мен мақсаттағыазаттық-ынтымақ -санаткерлік тұжырымдамасымен толықтыра өрістетті.Ұлттық жаңаша дамудың бастауында Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстапа Шоқай сияқты Алаш көсемдерімен және тағы да бірқатар қайраткерлерменқоса Ахаңның датұрғанын білеміз. Ұлттық ӨрлеудәуіріндеАлашорда жетекшісі Әлекең ұлт күресінің саяси көсемі, ұлт ұстазы Ахаңрухани көсемі болғаны тарихиақиқат.

Ахаңныңмол қабілеті мен қызметініңішінен әдебиеттанушылық мұрасын әдіснамалық аспектіде саралауды міндетімізге аламыз.Ғылыми және әдістемелік тұжырымдары мен қисындары, солардан өрістейтін әдіснамалық үлгілері бізге білуді ғана емес, қалай орындауды да үйретуі керек.Ең басты өміршеңдігі де осында. Ұлт ұстазының еңбектерідерек көздері,әр түрлі анықтамалар мен ережелер болуымен қатар нәтижелі жұмыстарды атқаруға да әрі үндейтін, әрі баулитынмаңыздығылыми-тәжірбиелік үлгі. Сондықтан да қазіргі ахметтануғылымында ғалымның зерттеуәдістерініңәдіснамалық мазмұнын зерделеуаса қажет деп ойлаймыз.

Жалпы, Ахаңның «Баулу мектебі» сияқты мақалалары болсын, оқулықтары болсын әрқайсысының мазмұны мен құрылымына жіті қарар болсақ, үлкен әдіснамалық ішкі сабақтастықтағы жүйені көреміз. Бұләдіскер және ғалым ретіндегі аса маңызды, бәрімізге тағылым боларлық тәжірибесі. Ахаңның әдіскерлігі ғалымдығын, ал ғалымдығы әдіскерлігін қалыптастырған. Осындайорганикалық берік байланысүйрету әдістемесі және ғылым әдіснамасы үшін үлкенөміршең өнеге.

ХХ ғасыр басындағы қаламгерлер мен қайраткерлер нағыз прагматикалық дәуірдің адамдары болды десек, біз олардың әрқайсысының мұрасына осындай көзқараспен және ниетпен қарағанымыз жөн. Ахаңдар кезеңінде дәуірдің ділгір мәселелерін шешу қаншалықты маңызды болса, дәл қазір де қазақтың көптеген маңыздымәселелерін еңсеруге Алаш зиялыларының еңбектері көмектеспек.Алаш арыстарының мұрасын барынша түгендеу, жинақтау және жариялау кезеңінен ғылыми түрдеобъективті бағалау, одан нақты қолдану дәуіріне барғанымыз жөн. Әлбетте, бұл бағытта жұмыстар атқарылуда, дегенмен оларды тану және қолданудың қарқынын күшейтіп, нақты әдіснамалық тағылымынан сабақ дарытуымыз қажет.

Ғылым адамның өзге деәрекеттері сияқты зерттеудің әдістерін қажетсінеді. Негізінде, ғылымның өзі әдістердің жиынтығынан түзілетінін айтқанбыз. ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастаған ұлттық ғылымныңәдістеріғылыми ойлау үдерісінөрістетіп, әдіснамалық негізі Ахмет Байтұрсынұлы сияқты аса ірі оқымыстының еңбектерінен басталды.

Әдіснама жалпы ғылым атаулының негізі десек, осы қарапайым қағиданы міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Қазіргі қазақ әдебиеттануына әдіснамаға бетбұрыс қажет. Еңбекті жазудағы мақсатымыз– Ахмет Байтұрсынұлының әдіснамалық ойларын жәнетағылымын мейлінше жүйелі тануға атсалысу, мұғалімдердің,мамандардың,ғалымдардыңназарын аудару, әдебиеттануға баруға ниеттенген жастарғаой салу.

Ұлттық ғылымның негізін салушының әдіснамалық тұжырымдары жалпылай келгенде, сөз өнерінің негізгі үш ерекшелігімен байланысты екенін «Қазақтың бас ақыны» мен «Әдебиет танытқыштан» байқауға болады. Әрқайсынын атайтын болсақ: сөз өнерінің мәні мен табиғаты, әдеби шығарманың мазмұны мен құрылымы және әдеби үдеріс сипаты.Оларжөнінде әр сабақ барысында жазатын боламыз.

Ахмет Байтұрсынұлының әдіснамалық ойлары мен тұжырымдарын саралау әдеби құбылыстарды зерттеуге, оқулықтар әзірлеуге, білім беру үдерісінде қолдануға ғылыми және әдістемелік негіз болады.

             БІРІНШІ САБАҚ

Пәннен ғылымға

…ғылымдардың білімді таза білім жүйесімен жүйелеп шығарған кітаптары да, үйретушілердің білімді тек үйрету қолайына қарай жүйелеп шығарған оқу кітаптары да – бәрі де пән табына жатады

 Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға келуі мен зерттеушілік тұлғасының қалыптасуында өзіндік ерекшеліктер бар. Ол «Әдебиет танытқышқа» дейін қазақ тілінің фонетикасына, грамматикасына және тіл үйретуге арналған бірнеше «оқу құралдарын», «тіл құралдарын» жазғаны жәнеқазақ әліпбиі, емле ережелерін практикалық және теориялық тұрғыдан негіздегенінжақсы білеміз. «Қазақтың бас ақыны»мақаласы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланды. «Әдебиет танытқышты» жазуға келгендеоқулықтар жазған әдіскер, ғалым болып қалыптасқан-ды. Орынборда 1912 жылы шыққан алғашқы оқулығы «Оқу құралынан» бастап, 1926 жылғы «Әдебиет танытқышқа» дейін«Оқу құралдары», «Тіл құралдары», «Қазақша әліппесі», «Баяншысы»бірнеше рет жарық көрген болатын.Әдебиеттануға келсек, бұл саладағы еңбегі екеу: «Қазақтың бас ақыны» мақаласы және «Әдебиет танытқыш» оқулығы.

Ол әдебиеттану, ғылым әдіснамасы бойынша арнайы еңбек жазбаған және сол кездегі қазақ ғылымның деңгейіне қарасақ, ондай тақырыпқа бару да күн тәртібінде емес еді. Аристотель де, Гегель де, В.Г.Белинский де әдіснамалық арнайы еңбектер жазбаған, бірақ әдебиеттану әдіснамасыныңбасында тұрған тұлғалар. Олардың әдеби-эстетикалыққұбылыстарды тануы менбағалауы, ғылыми тұжырымдарының мазмұны, қисыны, стилі әдіснаманың классикалық қайнары болды және әлі де өзекті. Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық әдебиеттану әдіснамасының алғашқы тұлғасы болғанын «Әдебиет танытқыштағы»аса өрісті ғылыми ойларынан аңғарамыз және ретіне орай баяндамақпыз.

«Әдебиет танытқыштың» жалпы мазмұны мен құрылымына келсек, ілгеріде жазғанымыздай, оқулық және ғылыми еңбек. Бұл еңбегін жалпы әдебиетті тануға арнағандықтантеориялық ойларымен бірге«Ауыз әдебиет» және «Жазу әдебиет» тарауларында фольклортануға,әдебиет тарихына да байланысты тұжырымдарыбар.Әлбетте оларды «Әдебиет тарихы», «Фольклортануға кіріспе» пәндеріне мейлінше сәйкес келеді дейміз. Автордың көбіне мәтіндік ғылыми талдаулар мен түсіндірулерге барғанын ескерсек, оқулықты тарихи және теориялық поэтикаға да жатқызуға болады және осындай типтегі еңбектер жазуға бізге де ой салады.

Қазіргі ғылыми зерттеулерде «Әдебиет танытқышқа» орайына қарай сілтемелер жасалып жүр. Яғни, А.Байтұрсынұлыныңойлары ғылыми қисынды пікір және сенімді әдіснамалық негізретінде қабылданады. Тілге қатысты оқулықтары мен оқу құралдарындағы сияқты «Әдебиет танытқыш» таәдіснамалық көзқарастары мен тұжырымдарын танытады.Яғни, Ахаңтіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарын негізін салды дегенде бізғылыми монографияларын немесе ғылыми мақалаларын емес,оқу құралдары мен оқулықтарындағы әдіснамалық қисындарын да негізге аламыз. Ахаңның осы ғылыми-шығармашылық ерекшелігін алғаш рет Елдес Омарұлы аңғарған. 1923 жылыорыс тілінде жазылған«А.Б.Байтұрсыновтың ғылыми қызметі» атты мақаласында: «А.Байтұрсыновтың көп томдық ғылыми еңбектері жоқ, ол өзіне дейін ескерілмей келген қазақ тілінің заңдылықтары туралы бірде-бір трактат та жазбаған» дей келе, ғылыми тұжырымдары оқулықтарында жатқанын айтып: «А.Байтұрсыновтың қырғыз грамматикасы саласындағы жаңалықтарын және өзіне дейін жасалған қырғыз грамматикасы ережелеріне қандай өзгерістер енгізгені жөнінде тереңірек ойлансақ және оларды осы пән (қырғыз тілі) бойынша жазылған еуропалық ғалымдардың еңбектерімен салыстырсақ, онда бұл оқулықтардың орасан маңызын көрер едік» дейді. Бұдан шығатын қорытынды – Ахмет Байтұрсынұлы ғылымға пән арқылы барған оқымысты. Қаламынан туған оқулықтары мен оқу құралдары қазақ тілі білімімен әдебиеттану салаларындағы ең алғашқы толымды еңбектер болып, екі пәннің де әдіснамалықжәне әдістемелік негізін жасады.

А.Байтұрсынұлы ұғымында «пән» сөзі қазіргі ұғымдағы «пән» мағынасында да сол сияқты «ғылым» ұғымындағы мәнінде де қолданылады дегенбіз. «Пән яки ғылым деп жүйеленген білімді айтамыз. Жүйеленген білім жайын сөйлейтін байымдаманы да пән яки ғылым дейміз. Білімде үйрету мақсатпен де, үйлестіру мақсатпен де жүйеленеді. Қай мақсатпен жүйеленсе де, жүйеленген білім пән (ғылым) болады» деп автордың өзі алдымен ғылым мәнінде, соған жалғастырыпқазіргі ұғымдағы пән ретінде де анықтайды. Мысалы: «Сондықтан ғылымдардың білімді таза білім жүйесімен жүйелеп шығарған кітаптары да, үйретушілердің білімді тек үйрету қолайына қарай жүйелеп шығарған оқу кітаптары да – бәрі де пән табына жатады (пән мысалы оқу кітаптары, пән кітаптары)» дейді. Сөйтіп «білім жүйесімен жүйелеп шығарған» ғылыми еңбектерді де, «үйрету қолайына қарай» пайдаланылатын оқу құралдарын да пән деп қарастырады. Осы арада бір қызғылықты деректі келтіру артық болмас. Неміс философы И.Кант та, ағылшын философы Г.Спенсер де : «Ғылым дегеніміз жүйеленген білім» дейді.Қазақ ғалымы мен еуропалық философтардыңғылымға берген анықтамалары бірдей.

«Барлық ғылымның атасы – философия» делінетін қалыптасқан ұғым тіл біліміне, әдебиеттануға қатысты. Оны көне грек философиясынан және Мұсылман Ренессансы тұсындағы араб философиясынан айқын аңғарамыз. Осы дәуірлердегі философиялық еңбектерде филологияның мәселелері қазіргідей салаланып емес, жалпы философиялық тұрғыдан жазылғанын да жақсы білеміз. Ғылымның қазіргідей салалануы үшін уақыт пен қажеттілік орайы керек болатын.

Еуропадағы Ренессанс және Ағартушылық дәуір ғылымныңөркендеуіне,іштей салалануына үлкен ықпал жасады. Әлбетте, астарында экономикалық, қоғамдық және мәдени әсерлердің болғанын жақсы білеміз. Бұл кезеңде де тіл білімі мен әдебиеттану философияның аясында өрістеп, олардың әдіснамалық және теориялық қисындары негізделе бастады.Г.В.Лейбниц, И.Г.Гердер, Д.Вико, Э.Б.Кондильяк, Д.Дидро, Ж.Ж.Руссо сияқты еуропалық философтар мен ағартушылардың еңбектерінен осыны аңғарамыз.Осы дәстүрді немістің классикалық философиясыөкілдерінің де еңбектерінен байқаймыз.Олар тіл білімі мен әдебиеттанудың көптеген құбылыстарына барды. Тармақтала келіп, ХІХ ғасырдың І жартысында тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдары жеке сала ретінде қалыптасты. Яғни әлемдік деңгейде ғылымдардың қалыптасуын дайындау үшін сан ғасырлар керек болды.

Араб,грек,жапон,италиян,қытай,парсы,үнді сияқты көнеден мәдениет қалыптастырған, жалпы адамзат өркениетіне үлкен ықпал жасаған халықтар,одан берідеәсіресе Батыс Еуропададағы Ренессанстан кейін мәдениеті, өнері мен ғылымы өркен жайғанағылшын, испан, неміс, нидерланд, француз, шотланд сияқты халықтардамудың табиғи эволюциялық сатыларымен жүргенін білеміз.

Қазақ даласындағы ғылым тарихына қарасақ,Әл Фарабидің,Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди»,Қадырғали Жалайыридың «Жами ат-тауарих», Шоқан Уәлихановтың еңбектерін атаймыз. Олар ІХ,Х,ХV,ХVІ,ХVІІ ғасырлар және араб,парсы,орыс тілдерінде жазылған. Қадырғали Жалайыридің еңбегінің тілі қазіргі қазақ тіліне мейлінше жақын. Біздің мәдениетіміздің тарихында бұл еңбектердің маңызы аса зор.

Ұлттық ғылым тарихы жүйелі құбылыс ретінде ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы дәуірінен басталатыны белгілі.Алғышарттарын атайтын болсақ, біріншіден,ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындаБерлин,Каир,Киев,Қазан,Мәдинә,Мәскеу,Санкт-Петербор,Ыстамбұл,Уфа т.б. қалалардың арнаулы және жоғары оқу орындарынан көптеген мамандықтар бойынша кәсіби білімалған қазақтардың шоғыры пайда болды;екіншіден,осылардың ішінен білім мен ғылым саласы бойынша еңбек жазған тұлғалар шықты;үшіншіден,қазақ тіліндегі мектептердің көбеюі,соған қоса орта және жоғары білім беретін оқу орындарының ашылуыоқулықтар жазуды қажет етті. Сөйтіп, осы кезеңде қазақ зиялыларының тіл білімі, әдебиеттану, әдістеме, педагогика,биология,математика,физика,медицина,психология т.б. салалар бойынша көптеген еңбектері жарыққа шықты. Осы еңбектерде ұлттық ғылым барынша өркен жайып, ғылыми ойлаудың жүйесі,терминология негіздері жасалды.Қазақтың ұлттық ғылымы15-20 жылдың ішінде көптеген салалар бойынша қалыптаса бастады. Осындай шын мәніндегі үлкен ренессанстық тарихи құбылыстың бастауында Ахмет Байтұрсынұлы тұрғаны және мектеп қалыптастырғаны баршамызға мәлім.

Ғылыми ойларының қалыптасуы ұстаздық кезеңнен басталды десек, ширек ғасырдай уақыт, алғашқы оқулығы 1912 жылғы«Оқу құралынан» бастар болсақ, онда ұлт ұстазы он бес жылда тіл білімінің, әдебиеттанудың және үйрету әдістемесінің бастапқы, негізгіғылыми- ұғымдық жүйесін жасады. Филология ғылымына Еуропада философиялық еңбектер арқылы жол салынса, Елдес Омарұлының дәл жазғанындай, ғылымға Ахмет Байтұрсынұлыоқу құралдары мен оқулықтарымен келді,яғнипәннен ғылымға барған.

Ахмет Байтұрсынұлының алдында және дәуірінде қандай ғылыми дәстүрлер болды десек, онда Н.И.Ильминскидің «Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам», Ы.Алтынсариннің «Начальное руководство к обучению казахов русскому языку», П.М.Мелиоранскидің«Краткая грамматика казак-киргизского языка» сияқты еңбектері болғанын және олардың өзі қазақ тілінен бастауыш бастапқыбілім беруге ғана арналғанын байқауға болады. Сондай-ақ,К.Насыридің «Нәхү китабы», «Рус хоруфыһиҗасы үзрә мөрәттәб лөгать китабы»,Н.Ф.Катановтың «Материалы к изучению казанско-татарского наречия» т.б. еңбектермен және татар мектептеріндегіоқу жүйесінің жайымен жақсы таныстығын Ақаңның еңбектерінен аңғарамыз. Бұларға қоса, ол орыс әдебиеттану ғылымындағы танымал оқымыстылар А.Н.Веселовский, А.А.Потебня және философиялық, биографиялық, формализм сияқты сол дәуірдегі ғылыми мектептердің де еңбектерін білуі тиіс деп ойлаймыз.

Жалпы түркі халықтары үшін ұлттық Оянудәуірі болған ХХ ғасыр басындағы білім,ғылым,мәдениеттің өрлеуіне Жәдидшілік қозғалыстың ықпалы күшті.Мұсылмандық жаңа ағартушылық бағыт білім беру жүйесін жетілдіруге, оның ішінде соны үлгілердегі емле ережелерін, оқу бағдарламары мен оқулықтарды әзірлеуге және түркі халықтары арасына таратуға қарқын дарытты. Сорбонна университетінде білімденген,Түркиеде тұрғанЫсмайыл Ғаспаралысияқты үлкен қайраткер,санаткерлер негіздеген Жәдидшілдік қазақ оқығандарына игі әсер етті.

Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандық тұтқасын» кітабындағы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Баянауылдан» мақаласындағы, Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» еңбегіндегі ойлардан Жәдидшілік идеяларына үндесетін шын мәніндегі аса маңызды Ислам құндылықтарын жалпы жаңару мұратымен сабақтастыруАлаш қозғалысы қарсаңында келе бастағанын аңғарамыз. Әлбетте аталған еңбектерді де, жәдидшілдердің жаңаша ойларын да Ақаң жақсы білген. Мысалы, 1912 жылы Орынборда жарық көрген тұңғыш «Оқу құралына» ол «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе» деп анықтама берді. 1898 жылдан бастап татар медреселерінің оқу бағдармаларына «жаңа әдіс» дегенді білдіретін «усул жәдид»ұғымы қолданыла бастады. Оны Ахаңның да қолданғанын аңғарамыз.

Қазақ ғалымының Аристотельдің «Поэтика», Гегельдің «Эстетика» және В.Г.Белинскидің «Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу» еңбектерімен жақсы таныстығы «Әдебиет танытқыш» мәтінінен байқалады.Бұл кезеңде әдебиеттануда теориялық ойлар айрықша дамып, алуан түрлі әдеби құбылыстарға байланысты ғылыми негізі терең еңбектер жазылған-ды. Сол сияқты 1926 жылы Т.Шонанұлымен біргежазылып құрастырылған хрестоматиялық жинақтан Ақаңның жалпы дүние болмысынан, тарихтан, ғаламдық ғылымнан мол білімі мен танымы бар екені айқын аңғарылады. Жинаққа әдеби, танымдық және ғылыми мазмұндағы орыстың және Еуропаның көптеген ақын-жазушыларының, ғалымдарының еңбектері енген. Осындай мазмұндағы үлкен және маңызды еңбегі «Шаруашылық өзгеріс». Мұнда жалпы адамзаттың дамуын көне дәуірлерден бастап ХХ ғасырға дейін әлеуметтік, экономикалық, мәдени тұрғыдан сипаттап шыққан.Бұл да ұлт ұстазының энциклопедиялық шалқар білімін паш етеді.

Ғылымды ерекшеліктеріне қарай қоғамдық және жаратылыстану деп бөлсек, оларды сала бойынша жіктеумен бірге тағы бір ерекшелігіне назар аударғанымыз жөн. Жаратылыстану ғылымында табиғаттағы құбылыстар мен материалдық заттар, ондағы үдерістер зерттелетіні белгілі және математика, химия, физика, биология және тағы да басқа ғылымдар әлемдік тарихи тәжірбиеде қашанда қоғамдық ғылымдардан кейін қалыптасқан. Адамзат тарихында ғылымның пайда болуының логикасы қарапайым түсінікке саяды. Жалпы адам баласы бастапқы танымы бойынша Жаратушыны, жаратылысты, өзін тануға ұмтылады. Осыданфилософия ғылымы бірінші туған. Өйткені, адам алдымен есеп шығармайды немесе құбылыстар мен заттардың құрамын, қасиетін зерттемейді. Адам баласы жаратылысты оймен танып, қорытып қажетті құралдар жасап, түрлі тәжірбиелерге барып, содан кейін ғана материалдық нысандарды зерттеуге көшеді. Осындай қисынды жолмен келсек, онда әр халықта ұлттық ғылымның негізін гуманитарлық – қоғамдық ғылымның өкілдері салады. Бұған қоса, қоғамдық ғылымдардаәлеуметтің жайын, адамның болмысын зерттеу барысындаобъективті һәм субъективті көзқарастар мен идеялар да қатар жүруі мүмкін. Соған орай, қоғамдық ғылымдарда ұлттық мазмұн болатыны белгілі. Ахаңның тіл білімі және әдебиеттану салаларындағы дәуірлік еңбектері жалпы ұлттың білім мен ғылымды меңгеруіне, өзін тануынабетбұрыс болды. Осыдан өрістеп, Ахмет Байтұрсынұлынұлттық ғылымның негізін салған тұлға ретінде қабылдаймыз және осы тарихи еңбегінің негізінде әдіснамалық мазмұнның да шешуші маңызын айрықша атауға тиіспіз.

Ұлттық ғылымның туу және қалыптасу кезеңіндегі пәннен ғылымға бару дәстүрі А.Байтұрсынұлының ізбасарларыеңбектерінен де жалғасын тапты. Бұл орайда Х.Досмұхамедұлының медицинаға, биологияға, Ж.Аймауытұлының психологияға, М.Жұмабаевтың педагогикаға, М.Дулатұлының, Ә.Ермековтың математикаға, Т.Шонанұлы әдістемеге, Қ.Кемеңгерұлының ауылшаруашылығына, Ж.Күдериннің өсімдіктануға, М.Әуезовтіңәдебиеттануға арналған еңбектерін атаймыз.

Ғылыми тұжырымдардың пән оқулықтары ауқымында берілуі, біздің ойымызша, тіл мен әдебиеттің әдіснамалық негіздерін қалыптастыруға ықпал етті. Ахаңның және ізбасарларыныңеңбектерінде теория мен практика ұштасып жатты. Теориясы ережелер мен анықтамалар болса, практикасықалай ұсынылуында және қандай құбылыстарға мән берілуінде. Осындай үлгідегіА.Байтұрсынұлының ғылыми тұжырымдарын және әдістемелік дәстүрінқажетіне орай әдіснамалық негіздеме деп игеруіміз керек.

«Әдебиет танытқышта» автордың өзі айтқанындай, «пән» сөзін екі ұғымда, яғни оқулықжәне ғылыми зерттеу деп те қабылдаймыз. Оқулық күйінде әдістемелік тұрғыдан мектептердегі, колледждердегі, жоғары оқу орындарындағы сабақтарда пайдалансақ, ғылыми еңбек ретінде автордың теориялық тұжырымдарын зерттеу жұмыстарына маңызды әдіснамалық негіз деп қарастырамыз.

 ЕКІНШІ САБАҚ

Әдебиеттің негізі – тіл немесе «сөз өнері»

 Қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдеміән-күй болсын – сөзбен сөйлеп – сүгіреттеп көрсетуге танытуға болады.

«Әдебиет танытқыштың»алғашқы беттерінен өнер түрлері және сөз өнерінің табиғаты түсіндіріледі. Ахаң үшін әдебиет, өзі жазғанындай «өнердің ең алды». Сол үшін де автор әдебиеттің сөздің өнері екенін терең ұғынып, «Сөз өнерінің ғылымы»бөлімінде әдеби шығарманың тілін мұқият саралай келе, көптеген маңызды тұжырымдар жасаған. Олар ретімен қисынды жүйе жүзінде ұсынылған. Алдымен, «Сөз өнері», сонан кейін «Шығарма сөз», «Сөз өнерінің ғылымы» және ішкі тарауы «Тіл қисыны», оның ішінде «Сөз талғау», «Сөз дұрыстығы», «Тіл тазалығы», «Тіл анықтығы», «Тіл дәлдігі» және «Тіл көрнектілігі» осылай жалғаса береді. Барлығының да ғылыми анықтамасы, нақты мысалы және ішкі сабақтастығы бар. Нағыз классикалық оқулықтың мазмұны мен жүйесі сақталған. Сол анықтамалармен бірге «Әдебиет танытқыштың» құрылымы да бізге әдіснамалық жағынан үлкен үлгі. Мысалы:«Тіл қисыны дегеніміз асыл сөздің болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым. Лебіз ғылымының мақсаты – асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету» деп сөзді қолданудың жүйесін түсіндіреді. Осы жалпы анықтамадан өрістей келе, көркем шығармадағы тілдік компоненттердің табиғатын, қолданудағы анықтығы мен дәлдігін ұғындырып, көркемдік құралдарды атайды да, олардың әрқайсысына қазақ тілінде термин береді. Бұл ұғымдық мәндегі атаулар көріктеу, меңзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, әсірелеу, мегзеу, әсерлеу, тағы да басқа көптеген терминдер қазірге дейін қазақ әдебиеттану терминологиясында қолданылып жүр. Бұл терминдер тіпті кеңестік кезеңде Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен еңбегіне тыйым салынған уақытта да қолданылып келді. Себебі, кеңестік дәуір ғалымдарыкоммунистік идеология межесінен асыптура Ахаң сияқтыұғымғаанық, мәні дәл, нағыз ұлттық сипаттағы ғылыми терминдер жасай алмас та еді.

Оқулықтың сөз өнерін түсіндіретін тарауларықазіргі «Әдебиеттануға кіріспе» оқулығы үшін үлкен өнеге. Сондай-ақ, біздің ойымызша қазақ әдебиеттануында жазылуға тиісті «Теориялық поэтика»оқулығына да үлгі боларлық. Өйткені ілгеріде жазғанымыздай, «Әдебиет танытқыш» оқулығы жанры жағынан мейлінше поэтикалық еңбекке көбірек келеді.

Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттануғакелуітілші ғалым болуыментікелей орайласады. Бұл фактор Ахаңныңәдебиеттің тілден өрістейтінін және осы үдерістің қалай жүретінін анық тануға, толық сипаттауға үлкен мүмкіндік жасаған, яғни тілдің ішкі қасиетін, әлеуетін, мүмкіндіктерін өте жақсы білетін ғалым ретіндеәдеби құбылыстардың көпшілігін осы аспектіде білгірлікпен сипаттады. Сөйтіп, тіл мен өнер құбылыстарын мұқият зерделеген Ахаң әдебиетті «Сөз өнері» деп атады. Абай «тіл өнері» десе,осыдайын тіркесті пайдаланбады. Өйткеніойшыл ақынның анықтамасы ғылымға емес, мейлінше шығармашылық өнерге жуық келетінін жақсы түсінді. Біздің ойымызша, тіл жалпылықмағынада, ұлттың тұтас қазынасы болса, Ахаң үшін сөз нақтылық мәнге ие болған сияқты. Өйткені, бүкіл тіл өнер болмайды, сөз өнерге айнала алады, сондықтан да «сөз өнері».

«Әдебиет танытқышта» сөз бен өнердің арасындағы органикалық, диалектикалық байланыстардың көптеген аса маңызды негіздері ашылды деуге болады. Алғаш Аристотельдің «Поэтикасынан» басталып, әр кезеңде бұл тақырып философтар, әдебиеттанушылар, тілшілер, психологтар, өнертанушылардың еңбектерінде зерттелді және қазірге дейінғылыми қызығушылық бар. Өйткені тілдің табиғи мүмкіндіктері сөз өнерінде барынша толық ашылады. Соған орай, бұл құбылысқа жан-жақты көзқарас қажет. Сонымен қатар, тілдің жанды құбылыс болып өзгеріп, жетіліп тұратыны тағы бар. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлы өз дәуірі деңгейінде сөз бен өнердің сабақтастығын ашып берсе, біз қазіргі ғылымның биігінен жалғастырып өрістетуіміз қажет.

Ахаң: «… нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз өнері болады» дейді. Біздің ойымызша, әдебиетшінің міндеті сөзбен «қалай келістіріп айтты» соны тану һәм талдау. Бұл Ахаңның ең бастапқы әдіснамалық талабы. Талап қалай орындалуда деген сауалға жауап іздесек, онда қазір қазақ әдебиеттануында бұл мәселе зертеуді қажетсінеді. Біздің әдебиеттануда стильдік-тілдік, мәтіндік талдаулар жеткілікті емес, бұл тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының бір-біріне араласуы, ықпалдасуының өз деңгейінде болмауынан деп түсінеміз. Бұл жайында Қ.Өмірәлиев: «Сөйтіп, филология сияқты біртұтас ғылымды қолдан бөліп, «бөтендік», «біздік» деген меншік қамалын жасап алып, осы қамал ішінен «сырт дүниеге» — әдебиетке, оның барша көркемдік тәсілдеріне тілшілер жатсына қараса, тілге, оның барша көркемдік формалар жасау амалдарына әдебиетшілер дәл солай жатсына қарайтын жасау амалдарына әдебиетшілер дәл солай жатсына қарайтын салт туды» деп жазады. Ғалымның бұл пікірі кеңестік кезеңде жазылса да әлі өзекті. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдары арасындағы әдіснамалық байланыс күшейтуді қажетсінеді. Қазіргі әлемдік ғылымда пәнаралық байланыстардың нығаю кезеңінде сөз өнерін ұлттық ойлаудың қазақ тарихындағы ең ірі, маңызды құбылысы ретінде әдебиеттанушылар мен тілтанушыларға қоса, өнертанушылар, философтар, қоғамтанушылар және басқа да сала мамандары өзара үйлесе зерттеуі қажет деп ойлаймыз. Себебі, қазақ әдебиетінің ұлтымыздың тарихы мен танымындағы орны айрықша екені белгілі. Қазақ сөз өнері біз сияқты қала мәдениеті, жазба дәстүрі кеш дамыған халықта қоғамдық ойдыңбарлық түрлерінің орнына жүрді. Сондықтан, қазақ әдебиетіне ұлттық болмысты танудың мол қабатты, алуан мазмұнды үлгілері ретінде шынайы ғылыми көзқарас қалыптасуы қажет.

Алаш дәуірінде лингвистика мен поэтиканың өзара байланыстағы игі дәстүрі қалыптасып, жемісті нәтижелерге қол жеткізді. Біздің ойымызша, сол үдерісті бүгін жалғастыру қажет. Әлбетте, олардың екі түрлі ғылым екенін түсінікті,ғалымдардың бәрі де әрі тілтанушы,әрі әдебиеттанушы болуы да міндетті емес, дегенмен олардың арасынантіл мен әдебиетті тығыз бірлестікте зерттейтін мамандар аса қажет. Бұл сөз өнерінің табиғатын толық тануға, қазақ тілінің бейнелілік әлеуетін зерттеуге керек ғылыми қадам болмақ.

Алаш дәуірінде тілтанушы ғалым А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақынын», «Әдебиет танытқышты» жазса, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов,С.Мұқанов,Ғ.Мүсіреповсынды жазушылар тілге арнап мақалалар, тілтанушы Қ.Жұбанов Абайдың ақындығын терең таныған еңбек жазғанын жақсы білеміз. Әлбетте, ғылым салаланып құбылыстардың ішкі мәні мен мазмұнын зерттеуге баруда. Бұл түсінікті. Десек те, егер әдебиетті алдымен сөздің өнері дейтін болсақ, онда әдебиетші сол сөзден жасалғанөнердің сипатын толық ашуға, шығарманың тілдік-стильдік қабаттарына баруға тиіс. Осыдан тағы бір мәселе өрістейді. Ол көркем мәтіннің стилі мәселесі. Тіл мен әдебиеттің тұтастықта зерттелмеуінен, тілдік қолданыстың жүйелілігін ғылыми тұрғыдан қарастырмаудан стиль сияқты екеуіне де ортақ құбылыстың көптеген мәселелерінің шешілмеуіне әкелді.

Әдебиетті жасайтын және бізге таныстыратын негізгі де, бірден-бір құрал тіл. Демек, біз оған сол маңызына орай барынша мұқият және кешенді түрде қарағанымыз жөн деп ойлаймыз. Егер жалпы әдебиеттегі, нақтымәтіндегітілдік қолданыстардың тәсілдері мен өрісі,бейнелілік жасаудағы, тақырыпты ашудағы, идеяны берудегі, жанр қалыптастырудағы мүмкіндіктерізерделенбесе,онда сөз өнерінің негізгі өнерлік,яғни эстетикалық мәніашылмайды.

Тіл әдебиеттің негізгі құралы мен базасы болған себепті, сөз өнерінің барлыққасиеттерін қалыптастыруға тікелей қатысады. Сол сияқты өнердің табиғаты мен қызметі де көркем мәтін түзетін сөздердің қолданысына ықпал жасайды, тілдің қасиеті мен әлеуетін ашады.Қазақтың ғылыми ойында осыны тұңғыш рет аңғарған А.Байтұрсынұлы. Соған орай ол : «Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады» дейді. Көркем шығармадағы сөз арқылы тіл өзінің барлық семантикалық қабаттарын ашады, ассоциациялық мүмкіндіктерін танытады және грамматикалық тұрғыдан барша түрлену әлеуетін еркін көрсете алады. Ендеше, сөз өнері әдеби тілдің өзге стильдік тармақтарына қарағанда, нағыз шығармашылық эксперимент алаңы, өркендеу кеңістігі.

«Әдебиет танытқышта» көркем әдебиетте тіл қалай қолданылады, сөз қалай жұмсалады, мүмкіндіктері мен қисындары қандай, бейнелі тіл мен қарапайым тілдің ерекшелігі неде деген сияқты маңызды сауалдарға қоса, сөздің дұрыстығы, тазалығы, тілдің анықтығы, дәлдігі, көрнектілігі, әуезділігі сияқты көркем мәтіннің тілі мен стиліне қатысты мәселелерге қажетті анықтамалар мен мысалдар ұсынылған.

Әдебиеттегі сөздің құндылығы – тілдің сан алуан мүмкіндіктері мен тәсілдері арқылы көркем мәтін түзуі,осыдан барыпсөз өнерініңэстетикалық, гносеологиялық, этикалық әсері өрістейді. Мәтін сөзсіз қалай мүмкін болмаса, мәтінсіз әдебиет те болмайтыны аксиома. Әлемдегі барлық құбылыстар мен заттардың мазмұны мен пішіні болатыны белгілі. Әдебиеттісөз жасайды да композициялық компоненттердің барлығынатірек болады. Осы реттен келгенде, қандай мазмұн болса да,барлығын пішініарқылы арқылы қабылдаймыз. Бұл жөнінде әдіснамалық мақсатта жазылған «Поэтиканың міндеттері» еңбегінде академик В.М.Жирмунский әдебиеттегі мазмұн мен форманы айта келіп: «Поэзияның материалы — сөз, образдар да, эмоциялар да емес. Поэзия дегеніміз сөз өнері, поэзияның тарихы – сөз өнерінің тарихы» дейді. Яғни, сөз – әдебиеттің ұйытқысы, ендеше біз әдеби шығарманы немесе тұтас әдеби үдерісті дұрыс тану үшін көркем сөздің қолданысы мен эстетикалық мәніне талдау жасауымыз керек.Көбінесе әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын, кейіпкерлер жүйесін талдауменәуестеніп жүрміз.

Әдебиеттану әдіснамасының негізгі мақсаты мен міндеті – сөз өнерін зерттеудің қағидалары мен тәсілдерін қалыптастыру десек, онда «Әдебиет танытқыштан» осыған тікелей және жанама қатысты бірқатар жетекші боларлық пікірлерді табамыз. Олардың ішінде, әрине, ең маңыздысы – тіл мен әдебиеттің, сөз бен өнердің табиғи сабақтастығы және өзара ықпалдастығы.

«Әдебиет танытқыштың» ішкі мазмұны ғана емес, құрылымы да қазіргі «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» пәндерінің құрылымынан өзгеше. Мысалы, «Әдебиет танытқыштың» 14 негізгі тарауы бар десек, солардың 11-інің атауында «сөз», «тіл» ұғымдары кездеседі. Мысалы: «Сөз өнері», «Шығарма сөз», «Сөз өнерінің ғылымы», «Тіл қисыны», «Сөз талғау», «Тіл (лұғат әуезділігі), «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі», «Қара сөз», «Дарынды сөз», «Ауыз әдебиет», «Жазу әдебиет».Автордыңтіл мен әдебиеттің табиғи сабақтастығына ерекше мән бергенін байқаймыз.

Әрбір көркем мәтін сөздердің комбинациясы, яғни алуан тәсілдермен түзілгентіркесімдердің үйлесімі. Осы реттен келгенде, сөздердің өзара тіркесуі ұғымдық, идеялық ассоциация тудырып көркемдік әлем қалыптастырады дейміз. Сөздер жеке тұрғанда бастапқы номинативті мағынасында болса, көркем мәтіндетіркесе келе жаңа эстетикалық мәнге ие болатыны түсінікті.Соның нәтижесінде ғана көркем мәтін түзіледі. Көркем мәтіндердің жиынтығын біз «көркем әдебиет» деп жүрміз. Яғни оны тану үшін біз алдымен көркем мәтінді зерттеуіміз керек екені анық.

Тақырып аясында тағы да бір мәселеге назар аударуға тиіспіз. Ол – әдебиеттің тілдің әлеуетін ашудағы маңызы. Бұл ретте, «Әдебиет танытқышта» дәл осы мәселеге байланысты автордың ойларымен кезігеміз. Мысалы, қазақ жазба әдебиетінің тууы мен қалыптасуына келгенде автор «Діндар дәуір» деп атаған әдебиет туралы: «Молдалардан шыққан жазу дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған», «Қазақ әдебиетінің асылдануына әсіресе әсері күшті болған Абай сөздері. Абаймен қатар басқалар да шыққанмен, олар асыл сөздің жаңа сипатын Абайдай айқын көзге түсерлік етіп көрсете алған жоқ. Сондықтан қазақ әдебиетінің сындар дәуірі Абай сөздерінен басталады» деген пікірлерінен тілдің әдебиеттің дамуына ықпалы туралы ойларын танимыз. Әлбетте, егер тіл әдебиеттің негізі болса, ендешедамытатын да тіл болмақ. Сөз өнері детілдің бай мүмкіндіктерін ашатынын айтуға тиіспіз. Бұл өзара тығыз ажырағысыз тұтастықтағы сабақты құбылыс.

Сөз өнерін басқа өнер түрлерімен салыстыру барысындаА.Байтұрсынұлы әдіснамалық тұрғыдан шетел ғалымдарының кейбір еңбектерін негізге алғанын байқаймыз. Біріншіден, ол өнердің сәулет, мүсін, сурет, музыка, әдебиет сияқты бес классикалық түрін келтіріп, әрқайсысына сипаттама жасап, сөз өнерінің өнердің өзге түрлерінен ерекшеліктерін негіздейді. Бұл неміс философы Гегельдің«Эстетикасындағы», В.Г.Белинскидің «Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу» еңбегіндегі классификацияға сәйкес келеді. ХХ ғасыр басындағы және қазіргі кезеңдегі«Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» оқулықтарында да тура осындай жүйелеу сақталады.Екіншіден, аталған авторлардың өнер түрлеріне берген анықтамаларына «Әдебиет танытқыштағы» анықтамаларұқсас. Мысалы, Гегель «Эстетикасының» 3-томында ретімен сурет, музыка, поэзия, сәулет, мүсін өнерлері беріліп, әрқайсысына ғылыми сипаттама жасалады. Әдебиетке келгенде, неміс ғалымы тілге ерекше мән үстемелеп былай деп жазады: «Сөз рухқа жатады жәнеішкі өмірдің қажеттіліктері мен талпыныстарын беруге бейімді ыңғайлы материал». Жалпы, тіл болмысы, сөз қуаты ұлттың рухани күштері мен әлеуетін, мол мүмкіндіктерін жинақтағанхалықтың үлкен қазынасы ретінде әдебиетте ғана емес, барлық салада зор маңызға ие екенін білеміз. Осыдан негізгі ұғатынымыз:көркем тілде халықтың барлық болмысы, яғни рухы, мінезі, танымы жинақталған. Сондықтан, әдебиет өнердің өзге түрлеріне қарағанда мейлінше ділдік мәнде, ұлттық мазмұнда. Тілдің бұл ерекшелігі әдебиеттіңөзге өнер түрлеріне қарағанда бейнелеу әлеуеті мен мүмкіндіктерін арттыратыны жөнінде әдеби-теориялық еңбектерде салыстырмалы түрде айтылып келеді.

В.Г.Белинский «Поэзияны тегі мен түріне қарай бөлу» еңбегінде: өнерді поэзия, сәулет, мүсін, сурет, музыка деп жіктейді де: «Поэзия адамның еркін тілімен берілетіндіктен, онда үн де, сурет те және байымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп ол, әрбір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің бәрін бірінен бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын сияқты. Поэзия тұтас өнер, соның бүкіл ұйтқысы болып табылады. Және барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерінанық түрде бойына жинақтайды» – деп жазады.А.Байтұрсынұлы сөз өнерінің табиғи мүмкіндіктерін ерекшелеп: «Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шамаларынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарай болсын, қандай әдемі ән-күй болсын – сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» дейді.Бұдан түйетініміз – әдебиеттің басқа өнерлерге қарағанда әмбебаптық сипаты негізгі материалының тіл болуымен тікелей байланысты. Сондықтан да Ахаң оқулығының негізгі бөлігін сөз бен өнердің алуан байланыстарына арнаған.

Сөздің өнерге айналуында Ахмет Байтұрсынұлы сөздердің түрлімағына, ассоциация тудыруы, сол арқылы идеялық-эстетикалық әсер дарытуын да қамтыған. Себебі сөз адам табиғатындағы әр түрлі сезіну, түйсіну, ойлау күйлері мен ішкі әрекеттерінің сыртқы формасы болады да айтушы немесе жазушы интутивті әсерленген, санасында қорытылған ақпаратты жеткізеді. Ахаң соған орай, адамның ішкі әлемінде сөздің жасалуының негіздерін: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі:
1. Ақылға. 2. Қиялға. 3. Көңілге
» дей келе, «… қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, талғау» деп көрсетеді. Яғни, ғалым «белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату» деп қаламгердің сөз «талғауын» айтып отыр. Осы ойын өрістетекеле: «Егерде сөз бір жүзді нәрсе болса, қазақ өлеңдерінің көбі асыл сөздің табынан шығып қалар еді. Олай болмайтыны сөздің бір бір жүзді емес, екі жүзді нәрселілігі: сөздің сыны жалғыз тысында ғана емес, ішінде де бар» деп жазып, тілдегі сөздердің көркем шығармада алуан мағына, соған орай түрлі ассоциация тудыратынын айтады. Демек, сөздердіңассоциациялық мағыналық құбылулары болмаса, онда «қазақ өлеңдерінің көбі асыл сөздің табынан шығып қалар еді». Әлбетте, автордың «қазақ өлеңі» дегенін жалпы көркем шығарма деп түсінуіміз қажет. Ахаң осы ойынан өрістеп әдебиет үшін маңызды тағы бір мәселені негіздеген. Ол әртүрлі жаңа ассоциациялық ұғымдар тудыру барысында жасалған сөз өнері туындысының қабылдануы жайында. «Тысқарғы кесте кемшілігін ішкергі мағына жақсылығы жауып, көбінесе өлең кестесі жағындағы кемшіліктерін білдірмейді. Тесе қарап, тексере бастағанда болмаса, жоғарыда айтылған кемшіліктердің көбі жай қарағанда сезілмей өтеді» дейді автор. Яғни, жаңа ұғымдардың әдеби мәтінде соншалықты табиғи түрге енетіндігі сондай,өнерге тән шығарманың ішкі идеялық мазмұнының,эмоционалды-интутивті әсерініңарқасында«кемшіліктердің» өзі байқалмай қалады екен. Бұл сөзден сөз тіркесі, сөз тіркесінен мәтін, мәтіннен жалпы көркем шығарма қалыптасатын әдебиетке тән құбылыс. Себебі, көркем шығармадағы лексикалық бірліктердің өзара табиғи түрде жымдасып, бейнелілік түзіп, ортақ мағынаға жұмылатыны сондай біз оларды жеке түрде емес, тұтастай идеялық-эстетикалық тұрғыдан қабылдаймыз.

Сөз бен өнердің синтезінен өрістейтін әдебиеттің барлық компоненттерінің бастауы да, баяны да мазмұн мен пішіннің органикалық тұтастығы десек және оны эволюциялық құбылыс ретінде қабылдасақ,онда әр кезеңдегі әдебиеттанудың негізгі міндеті көркем әдебиетті өзгеру, даму динамикасы бойынша зерттеу. Соның негізінде әдебиеттану ғылымының әдіснамасы да толығады.

Тіл мен әдебиеттің берік және табиғибайланысы негізінде ғана әдеби зерттеулердің мүмкін болатындығын және сөздің өнерге айналу үдерісін тану – Ахмет Байтұрсынұлынан алуға тиісті маңызды әдіснамалық сабағымыз.

 ҮШІНШІ САБАҚ

Сөз өнерінің генезисі

 Жер жүзіндегі жұрттардың түріндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас болатын себебі: олар шыққан заманда халықтың бәрінің бір ананың қолында өскен балалар сияқты көргені, өнегесі, үлгісі бір болған.

«Әдебиет танытқышта» әдебиеттің шығу төркіні және эволюциясы бойынша да маңызды пікірлер бар. Біздің ойымызша, бұл әрі теориялық, әрі тарихи мәселе. Ол мектептегі «Қазақ әдебиеті» пәнінен бастап, жоғары оқу орындарындағы «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы», «Әдебиет тарихы» курстарында қамтылып, жалпы әдебиеттің адамның, қоғамныңөміріндегі маңызын ұғындыруға аса қажет.

Әдебиеттің пайда болуы, яғни генезисі әрі теориялық, әрі тарихи мәселе болатындығы, жалпы эволюция заңдылықтарымен және адамзаттың, ұлттың тарихымен сабақтастырыла түсіндірілетіндігімен байланысты болса керек. Мұндатілдің эстетикалық және философиялық әлеуеті,жаратылыс пен адам,қоғам мен адам, жалпы адамның этикалық,эстетикалық көзқарастары секілді мәселер тоғысады. Соған орай, сөз өнерінің табиғаты мен тарихын тану мен бағалауосылардың да төңірегіне құрылуы тиіс.

Эволюцияны зерттеуші ғалымдар адамзат баласы көне дәуірлерде тұрмысына, санасына байланысты өзара өте ұқсас деңгейде болған дейді. Сол себепті де әртүрлі құрлықтағы адамдардың да өнері ұқсас болды. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы: «Жер жүзіндегі жұрттардың түріндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас болатын себебі: олар шықан заманда халықтың бәрінің бір ананың қолында өскен балалар сияқты көргені, өнегесі, үлгісі бір болған» дейді. Адамзат баласының бастапқы кезеңдеріндегіэволюциясыбойыншакөптеген еңбектер жазылғанын білеміз. А.Байтұрсынұлыны да бұл тақырыпқа барып, «Шаруашылық өзгеріс» еңбегін жазған.

Бакудегі І Түркологиялық сиездегі баяндамасында: «Қазіргі мәдениет белгілі бір ұлттың немесе нәсілдің жасағаны емес, ол барша адамзаттың еңбегі мен дағдыларының нәтижесі» дейді. Яғни, адамзаттың ой, мәдениет эволюциясына барлық халықтардың өзінше үлес қосқанын, даму үдерісіне қатысқанын аңғарта отырып, Ахаң өзінің мақсатына орай әрбір ұлтортақ мәдениетті тұтына алатынын да жазған болатын.

Өнердің пайда болуындағы маңызды теориялардың бірі адам санасында болып жататын әрекеттер мен құбылыстарға байланысты. Мысалы, жалпы адамзатқа өнердің қажет болуының себебін неміс философы, психологы Э. Фромм: «Жануарларға тән пассивті икемделуге қарағанда, адамдар дүниені өзгертуге құлшынады. Ал, бұл тысқарғы, идеалды нәрселерге ұмтылмаса мүмкін емес. Ішкі әлемнің асқақ, романтикалық ұмтылынсыз адам күнделікті прозалық тұрмыстан жоғары көтеріле алмас еді. Мұндай қажеттілік әрбір тұлғаның бойында болатын шығармашылық күштерден, оның ішінде ерекше орын алатын қиялдан, әсершілдіктен болады. Шығармашылық әрекетте адам өзін әлеммен байланыстырып, өзінің күнделікті қарабайыр тірлігінен ұзап шығып, еркіндіктің патшалығына енеді» деп түсіндіреді. Иә, адамның бойында әрекетке, өзінің қиялындағы ойларды іске асыру құлшынысының болатыны белгілі. Біздің ойымызша, адам табиғатындағыосындай құлшынысты Абайдың «Адамның кейбір кездері» өлеңінен аңғарамыз.

Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз

деп жазады данышпан суреткер. Әлбетте, бұл Абайдың ақындық шабытқа байланысты поэтикалық ойлары,бұған ұқсас күйді әрбір шығармашылық адамы бойынан өткізеді. Өнердің пайда болуы Жаратушы бергендарын арқылыжаратылыстағы құбылыстарды сезіну, тану және оларды бейнелеумен байланысты.

Өнердің басқа түрлері сияқты әдебиет те көне замандарда тұрмысқа қажеттіліктен, яғни қолданбалы сипаттан өрістеген. Өнердің шығу тегі туралы теориялар даосыны толық растайды. Сөз өнерініңшығу тегі туралы А.Байтұрсынұлы: «Адам көңіл көтеру үшін ойнайды, билейді, күреседі, жарысады. Өлең де бұрын сол ойын, би, күрес, жарыс сияқты көңіл көтеретін нәрсе болған» дейді. Осыған ұқсас ойды Гегельден де оқимыз. Өнердің шығуын рухани қажеттілікпен байланыстырып ол : «Өнерге деген жалпы қажеттілік адамның рухани тұрғыдан ішкі және сыртқы әлемді түйсінуінің саналы әрекетінен шыққан» дейді. Жалпы, күнделікті қарапайым күнкөріс қамы сияқты өнер де адамныңрухани қажеттілігінің нәтижесі, яғни материалдық игіліктермен қатар,ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтары даадамзат дамуының негізі. «Өзінің өмірін сақтау үшін өндіріспен шұғылданған адам… қажеттілігін сезінгендіктен өнер әрекеті үшін де міндетті түрде уақыт табады» дейді Ю.М.Лотман. Өнер жалпы адамның жаратылысты тануы үшін де оның болмысымен тұтасатын аса маңызды өміршең қасиеті.

Адам баласы тән мен жаннан тұратындықтан, тұтастіршілігінің бастауындағы екі болмыстың табиғатына орай, олардың қажеттілігі қашан да болады. Мысалы, «Әдебиет танытқышта» автор өнерді екі түрге бөледі. «Көзделінгеннен көзге көркем, көңілге жағымды болып істелген нәрселер: алдыңғы нәрселер адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер, соңғы нәрселер адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер. Сондықтан алдыңғы нәрселерді жасауға жұмсалатын өнер – тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады да, соңғы нәрселерге жұмсалатын өнер – көркемшілік үшін көрнек өнері болады» деп жазады. Яғни, Ахаң үшін адам баласының тіршілік етуі үшінтәні мен жанына өнерлік екі түрлі әрекет міндетті қажеттілік.

Адамзаттың сан ғасырлық даму үдерісіне қарасақ, жалпы эволюция Ахаң атаған шаруашылықты сипаттайтын «тірнек өнері» мен рухани қажеттілігін сипаттайтын «көрнек өнеріне» негізделетіні байқауға болады. Яғни материалдық игіліктерге және рухани құндылықтарға ұмтылып келген адам баласыекі өнердің төңірегінде қаншама жұмыстар атқарды, жаңалықтар ашты, оларды жетілдірумен келеді, сөйтіп адамзаттың өзі де дамуда.

Адамның жалпы жаратылысты тануы, материалдық өндірісінің дамуы, ғылыми жаңалықтары,барлығы да адамның рухани қажеттілігін өзгертеді, өсіреді және жетілдіреді. Соған байланысты, өнердің түрлері де дамиды. Жаңа идеялар мен жаңа көркем формалар пайда болады. Сөйтіп, осындай диалектика өнердіңтүрлері мен тәсілдерін де өзгертеді. Осыған орай, Ахмет Байтұрсынұлы: «…бұрынғылардың анайы күйдегі шығарған ертектері, ертегі сияқты әңгімелері, анайы күйден өтіп кеткен. Бұл замандағы адамдардың көңіліне әсер етіп, бойын балқытып, ойын ұйыта алмайды. Бұл сияқты сөздер заманында осы күнгі асқан ақындардың сөзінен де күштірек адамға әсер етіп, бойын, ойын алып, қанын қайнатып, жүрегін аттай тулатқан әңгімелер шығар. Ол әсерін бірақ бұл күнде көрсете алмайды» дейді.Ғалым әр дәуірдің өзіне тән өнер түрлері және олардың ерекше мазмұны болатынын ескерген. Сөз өнер эволюциясын Ахаңның әдеби жанрларға байланысты жазғандарынан аңғаруға болады.

Адам болмысындағытабиғи қажеттілік әр дәуірде жаңа қырынан байқалады. Ол әдебиеттегі тақырып пен идеямен біргежанрлардан да көрінеді.Ахаң бұл жөнінде: «Соңғы уақытта қазақта сауық кеміген себепті жыршылар азайып, батырлар әңгімесі жоғалып барады. Батырлар әңгімелері өлеңмен айтылатын әңгімелер. Өлеңмен айтылатын әңгімелер, жыршылар жоғалса, батырлар әңгімелері өлең түрін жойып, ертегіге айналады. Ертегіге айналса, батырлар әңгімесінің рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалады. Сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар әңгімелерін өлең түрінде жыршылардың аузынан алып қалу керек. Бұл ел ішінде тұрған азаматтардың халық алдындағы борышы» дейді. Жанрлық дифференциацияны генезис пен эволюция аспектісінде зерттеу қазір де өзекті.

А.Байтұрсынұлы сөз өнерінің генезисін көне дәуірлерден бастап сипаттай келе, әдебиеттің жазба дәуіріне дейін келіп, жазу мәдениеті деңгейіне жеткен дәуірі туралы: «Жазу-сызу, өнер-ғылымы бар мәдениетті жұрттар асыл сөздерін сыпайы тілмен жазып шығарады. Сондықтан олардың шығармалары жазу әдебиет яки сыпайы әдебиет деп аталады» дейді. Осы кезеңге қазақ сөз өнері«сындар дәуірде», қазіргі терминология бойынша сыншыл реализм кезінде келді. Сондықтан автор: «Қазақтың сындар әдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен ілгеріде болуға ықтимал» деп қазақ әдебиетінің даму арналарын дәл аңғартқан. Шынында да қазақ сөз өнері осы бағытпен келеді. Бұл қазақ әдебиетінің ерекше еліктеуінен емес, жалпы әлемдік әдебиеттің даму диалектикасының табиғи бағыты.

Ахаң «Жазу әдебиет» деп атаған қазіргіше «Жазба әдебиеттің» жанрларын қарастыруда қазір баршамызға өте жақсы таныс Шортанбай Қанайұлының, Абайдың, Шәкәрімнің, Әбубәкір Кердерінің, Жүсіпбек Шайхисламұлының, Мұхаметжан Сералиннің, Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Мұхтар Әуезовтің, Смағұл Сәдуақасұлының алуан жанрдағы көптеген еңбектерін келтіреді. Сондай-ақ, қазір көпшілікке, тіпті мамандарға да аса таныс емес мәтіндер де кездесіп қалады. Біздің ойымызша, автордың «Әдебиет танытқыштағы» әдеби мәтіндерді таңдау ерекшелігіне мән беру керек сияқты.

«Әдебиет танытқышта» сөз өнерінің генезисін байланысты автордың ойлары драма жанрына байланысты айтқандарында да кездеседі. Ахмет Байтұрсынұлы жанрдың даму эволюциясын: «Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерін, мінездерін, пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған. Ондай айтыстырып шығарған сөздерді соңғы кездерде екі ақынның өзіне екі адам айтысқан сияқты болып, бара-бара айтыс өлеңде айтылатын келіссіз істерді, мінездердің алаң ауданда істетіп көрсететіндер болды» деп дәл анықтайды. Ғалымның пікірлерінен сөз өнерінің даму эволюциясын өте жақсы білгенін анық аңғарамыз. Бұл ғылыми пікірлері жанрларды жеке-жеке түсіндіру барысында да байқалады. Біздің ойымызша, бұл теориялық ойлар мектеп, жоғары оқу орындары оқулықтарына енуі тиіс. Сонымен бірге оқулықтарға өнердің шығуы бойынша басқа да атап айтқанда, діни, еліктеу, ойын, еңбек теорияларын да енгізген дұрыс деп ойлаймыз. А.Байтұрсынұлының пікірлері Демокрит, Платон, Аристотельден басталатын еліктеу теориясына және Ф.Шиллер, Г.Спенсер, К.Бюхер еңбектерінде дәйектелген ойын теориясына жуық келеді. Мысалы, «Әдебиет танытқыштың» драмаға арналған «Айтыс» бөлімінде жоғарыдағы ойларын жалғастырып: «Онан әрі бара-бара осы күнгі ойналатын түрлі алаң алданшы болып шығар еді. Алдында көрсетілетін істерге алаң алданыш деп ат қоюда мәніс бар: ондағы көретініміз өмірдің өзі емес, тек түрі; сәулесі айнаға түскен сияқты алаңға өмірдің өзі түспей, сәулесі ғана түседі» дейді. Мұнда автор бастапқыда ойналатын әрекеттер «алаң ауданда» көрсетілетін«осы күнгі» драма жанрының негізі болғанын жазған.

Жалпы сөз өнерінің және жанрлардың генезисі мен эволюциясы жайындағыАхмет Байтұрсынұлының пікірлері әлі де өзекті.

Сөз өнерінің генезисін және эволюциясын танытуда «Әдебиет танытқыштан» бірнеше әдіснамалық сабақ дарытуға болады. Біріншіден, ғалымның сөз өнерінің бастапқы эволюциясы жәнетипологиясы жөнінде айтқан пікірлерін қазіргі кездегі зерттеулерге және оқулықтар әзірлеуге қолдануға болады; екіншіден,әдеби жанрларды түсіндіруде оларды шығу тегімен байланыстырғаны да бізге үлгі болады.

 Ербол ТІЛЕШОВ,
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Тіл саясаты комитетінің төрағасы,
филология ғылымдарының кандидаты