Сүйінші хабар! Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің биылғыдай 95 жылдық мерейтойында ұлы тұлға құрған «Арқас» қоғамдық қорының құнды жәдігерлері Арқалықтағы облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейіне салтанатты түрде табысталды.
Баға жетпес тарихи мұраны шашау шығармай жеткізуші жерлес жазушымыз, белгілі аудармашы Камал Әлпейісова.
«Өзбекәлі Жәнібеков зейнетке шыққан соң «Арқас» деген қоғамдық қор құрып, соның аясында тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру, тілді өркендетіп, дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарған.

Жарғының өзінде «Арқас» қазақ тілі мен мәдениетін өрбіту қоры» деп жазылған. Қордың жарғысын жазып, әділет органдарынан тіркеуден өткізген, Өзбекәлі ағамыздың соңғы күндеріне дейін қасында жүрген, ұлдарымен жақсы араласқан заңгер азаматпен мен Жоғарғы кеңесте қызметтес болдым. Қазір адвокат, Алматыда тұрады.

Қордың мөрі, жарғысының 2 тілде жазылып, бекітілген түпнұсқасын сол кісіден алып жеткізіп отырмыз. Бұл іске Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлы Асанов көп жанашырлық жасады»,-дейді Камал Әбілқасымқызы.
Жәдігерлер музейдің жаңа директоры Нұрлыбек Сапабекұлының өз қолына табысталды.

Музей басшысының орынбасары, ақын, ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Батырлан Сағынтаевтың мәлімдеуінше «Арқас» сөзі көне түркі тілінде «қолдау беру, демеу» деген мағына береді.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
