«Тағдырлы тұлға…». Қасым Тоғызақов рухына тағзым

«Тағдырлы тұлға…». Қасым Тоғызақов рухына тағзым

Меңдіқара ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі аудармашы Қасым Тоғызақовтың 116 жылдығына арналған «Тағдырлы тұлға…» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды басқосу Боровской ауылындағы «Юбилейный» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Конференцияны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өткізді.

Рухани жиынның басты мақсаты — ақын Қасым Тоғызақовтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, көркем әдебиетті дәріптеу және жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды таныту.Конференцияға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер, ұстаздар мен аудан тұрғындары қатысты. Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары Алғиса Сарбасов, ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы Серікбай Оспан, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай, ақын-жазушы Ақылбек Шаяхмет, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қасым ақынның баласы Ерболат Тоғызақов, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы, ақын Абылай Маудан, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабай және өзге де елге белгілі тұлғалар болды.blankІс-шара барысында жүргізушілер Меңдіқара өңірінен шыққан тарихи тұлғаларды атап өтіп, Қасым Тоғызақовтың қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасына кеңінен тоқталды. Ақынның туған жері Екпінді ауылы жайлы әсерлі әңгімелер айтылып, оның өмір жолынан сыр шертетін арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Конференцияның ашылуында сөз алған Алғиса Сарбасов мұндай тағылымды кештердің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, Қасым Тоғызақов мұрасы ұлт руханиятының алтын қорына жататынын айтты.blank

Сонымен қатар әдебиет пен ғылым өкілдері Қасым Тоғызақовтың шығармашылық еңбектеріне терең талдау жасап, естеліктерін бөлісті. Ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспан Қасым Тоғызақовтың адами болмысы мен шығармашылық ерекшеліктеріне тоқталса, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембай оның тарихи тұлғасын кеңінен сипаттады. Ал ақын-жазушы Ақылбек Шаяхмет Қасым Тоғызақовтың қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік қаламгер екенін ерекше айтып өтті.blankblankЖиында Қасым Тоғызақовтың ұлы, белгілі актер Ерболат Тоғызақов та сөз сөйлеп, әкесі туралы жүрекжарды естеліктерін бөлісті. Әкесі қалдырған рухани мұраның кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтты.blankКонференция барысында ақын шығармашылығы жан-жақты қамтылды. Жүргізушілер Қасым Тоғызақовтың аудармашылық қырына ерекше тоқталып, оның Михаил Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаудағы еңбегін баяндады. Ақынның «Демон», «Бастуашы ауылы» поэмаларын аударуы қазақ әдебиетіндегі елеулі оқиғалардың бірі ретінде бағаланды. blankblankӘдеби кеште Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гимназия оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Нұрлыбек Жанайым, Ғалымбек Жания және Сағындық Жансезім көркем сөз оқуда шеберліктерін танытып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

blankЖиынның ерекше сәттерінің бірі Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекеновтің орындауындағы «Арқа мені тартады» әні болды. Қасым Тоғызақовтың сөзіне жазылған туынды көрерменге ерекше әсер сыйлады.blankblankblankКонференция аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ахметтанушы Ибраһим Ағытаевқа және Қасым Тоғызақовтың ұлы Ерболат Тоғызақовқа шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар ұстаз Ақсұлу Бекболатоваға қамзол табысталды. Ұйымдастырушылар мен белсенді оқушылар Алғыс хаттармен марапатталды.blankІс-шарада қатысушылар Қасым Тоғызақовтың әдеби мұрасы ұлт руханияты үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ақын өмірден өтсе де, артында өшпес із, мол әдеби мұра қалдырғаны кеңінен сөз болды. Жергілікті дарындар өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.blankblankМеңдіқара жұртшылығы ұйымдастырған бұл тағылымды кеш қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Суреттерді түсірген – Бота Манет