Өңір руханиятындағы айтулы оқиға — «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық жобасы аясында «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқу байқауы қорытындыланған еді.
Осы игі іс-шараның мән-маңызы, өту барысы және қорытындысы туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов әлеуметтік желіде ой-пікірін бөлісті.
Ол күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзін мысалға келтіре өтті.
«Мемлекет басшысы: «Жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес. Сол кезеңдегі жырларда (Ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын) батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады», — деп атап өтті. Ал күні кеше ғана сәтін салып Қостанайда «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық жобасы аясындағы «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқу сайысы мәреге жетіп, жеңімпаз бен жүлдегерлер марапатталды», — деді Бақытжан Хаберұлы.
Осыған дейін де жазғанымыздай, жыр жаттау сайысына облыста 9094 оқушы қатысуға өтінім берген. Мектепішілік, аудандық, қалалық кезеңдерде іріктеліп-сұрыптала келе ақтық сынға 44 оқушы өтті. Таңнан басталған шешуші айналымда әр аудан-қаланың үздіктері сынға түсіп, шын жүйріктері анықталды.

«Бұл байқау — жай ғана өнер сайысы емес, тарих пен тағылымның, сөз бен сана биігінің, рух пен ұлттық мұраның тоғысқан тұғыры. Осы дода ұстаз бен шәкірттің ортақ жеңісі деуге болады. Мұнда тек жеңімпаз анықталмайды, ұлттық рух жаңғырады, сөз салтанат құрады. Ұрпақ пен тарих арасындағы алтын көпір беки түседі», — деп жобаның маңызын сөз етті облыс әкімінің орынбасары.
Естеріңізге салайық, байқаудың бас жүлдесін Рудный қаласының 9-сынып оқушысы Ұлдана Жүрсінбаева жеңіп алды. 98 беттік «Алпамыс батыр» жырын толық жаттап, тапсырмалардан тосылмай өткен Ұлдана шетелдік жазғы мектепке төрт апталық жолдаманы жеңіп алды. Ал оның тәлімгері, кеншілер қаласының А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Смағұлова су жаңа темір тұлпардың иесі атанды. Сондай-ақ үздікпен үзеңгі қағыстырып келген 1, 2, 3 орын иегерлері және тәлімгерлері 3 млн 600 мың теңгені бөлісіп алды.


«Қостанай облыстық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауында топ жарған жас Рихсибай Абдурахмонұлы басқаратын Міржақып Дулатұлы атындағы ҚИнЭУ тарапынан шетелдік жазғы мектепте білім алуға арнайы жолдама табысталды. Ал дарынды шәкіртті үлкен додаға дайындаған ұстазға, алдын ала уағдаласқандай, Рауан Кенжеханұлы бастаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы су жаңа автокөлік сыйға тартты», — деп мәлімет бере кетті Бақытжан Нарымбетов.

Ол Қостанай облысы әкімдігі ұйымдастырған бұл рухани-мәдени жобаны «Аманат» партиясы қолдағанын да тілге тиек етті.
