Қостанай облыстық сотында Ромашкиндерге қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот отырысы өтті. Сот залында жәбірленушілердің адвокаттары, прокурорлар және сотталғандардың қорғаушылары бір-біріне уәждерін жеткізіп, істің мән-жайына қатысты пікір білдірді.
Жәбірленуші тарап Ромашкиндерді «саналы түрде ұйымдастырылған қаржы алаяқтығын жасады» деп есептесе, сотталғандардың қорғаушысы мен өздері мұны «таза азаматтық-құқықтық қатынас» деп отыр. Жәбірленушілердің адвокаты сотталғандардың кінәсін мойындамағанын, келтірілген шығынды өтеуге әрекет етпегенін айтты. Оның сөзінше, Ромашкиндер сот барысында да, тергеу кезінде де жасаған әрекеттеріне өкінбеген.
«Сот Ромашкиндердің бұрын сотталмағанын, еш жерде есепте тұрмағанын және кәмелетке толмаған баласының барын жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Алайда сотталған Ромашкиндер сотқа дейінгі тергеу барысында да, сот тергеуі кезінде де өз кінәларын мойындаған жоқ. Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің басым бөлігінің пікірін ескермеді. Олар Ромашкиндерге қатаң жаза тағайындауды сұрады. Менің ойымша, жәбірленушілердің сотталушыларға қатысты жаза жөніндегі пікірі сот үшін негізгі мәнге ие болуы тиіс. Өйткені қылмыс салдарынан оларға материалдық шығын мен моральдық зиян келтірілді. Біз барлық жәбірленушілер үшін келтірілген материалдық шығын аса ірі деп санаймыз. Осы іс аясында Ромашкиндер өз кінәларын мойындаған жоқ, жасаған әрекеттеріне өкінбейді және өкініш білдірмеді. Жәбірленушілерден кешірім сұрамады, келтірілген зиянды өтеу және кінәні жуып-шаю бойынша ешқандай шара қабылдаған жоқ. Керісінше, сотталған Ромашкиндер жауапкершіліктен жалтаруға тырысып, сот ісін қарауды әдейі созып отыр. Осыған байланысты Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 13 қаңтардағы Ромашкиндерге қатысты үкімін өзгертуді сұраймын. Ромашкиндерге әрқайсына 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінемін. Сондай-ақ апелляциялық шағымға енгізілген толықтыруларды ескеріп, жәбірленуші Шодорованың азаматтық талабын қанағаттандыруды сұраймын», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы.
Осылайша апелляциялық алқадан бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертіп, Ромашкиндерге 10 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айта кетейік, Ольга және Виталий Ромашкиндер ауылдастары мен таныстарын алдап несие алғызып, төлемей алаяқтық жасады деген айыппен екеуі сотталған болатын. Шығын 200 млн теңгеден асады.
Прокурор бірінші сатыдағы сотының үкіміне ішінара қарсылық білдірді. Бұған дейін Ромашкиндер Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша 6 жыл 8 айға және 6 жыл 6 айға астам мерзімге сотталған болатын. Сонымен қатар оларға 10 жыл кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынған. Алайда прокуратура бұл тыйым нақты салаға қатысты көрсетілуі тиіс деп есептейді.
«Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 13 қаңтардағы үкімімен Ромашкина мен Ромашкин Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігін қолдана отырып, тиісінше 6 жыл 8 айға және 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, әрқайсысы 10 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот үкімімен Ромашкина Ольга Артемовна мен Ромашкин Виталий Витальевич 10 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылған. Жоғарғы Соттың қылмыстық жаза тағайындау мәселелері жөніндегі нормативтік қаулысының 22-тармағына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 50-бабына орай, егер қылмыс белгілі бір қызметті атқарумен немесе белгілі бір кәсіппен айналысумен байланысты болса, сот жасалған қылмыстың сипатын ескере отырып, сотталушыны нақты лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мәселесін талқылауға міндетті. Үкімнің қарар бөлігінде нақты қандай лауазым немесе қандай қызмет түрі көрсетілуі тиіс. Сотталған адамды қай қызметпен айналысуына тыйым салынатынын нақтыламай, тұтас бір салада жұмыс істеу құқығынан айыруға жол берілмейді. Іс материалдарына сәйкес, Ромашкиндер Біріккен Араб Әмірліктерінде қой етін сату бизнесін дамыту сылтауымен азаматтарды алдап, сенімдеріне кіріп, жәбірленушілерге материалдық шығын келтірген. Осыған байланысты, сот қосымша жаза тағайындау кезінде кәсіпкерлік қызметтің нақты саласын көрсетуі тиіс еді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 13 қаңтардағы Ромашкина Ольга Артемовна мен Ромашкин Виталий Витальевичке қатысты үкімін өзгертуді сұраймын. Қылмыстық кодекстің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес, Ромашкина мен Ромашкинге 10 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызмет жүргізу үшін инвестициялар, қарыздар және үшінші тұлғалардың өзге де қаражатын тартуға байланысты қызметпен, соның ішінде шетелдегі бизнесті дамыту сылтауымен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Ал Ромашкиндердің адвокаты жәбірленушілердің өзара WhatsApp топтарында бірігіп, «ортақ позиция ұстанғанын» мәлімдеді. Қорғаушының айтуынша, жәбірленушілердің кейбірі бастапқыда полицияға арыз жазудан бас тартқан, тіпті мұны азаматтық мәміле деп санаған.
«Берілген апелляциялық шағымды толықтай қолдаймыз. Сонымен қатар, мына мәселелерге назар аудартқым келеді. Ең алдымен жәбірленушілер арасындағы хат алмасуларға назар аудару қажет. Менің ойымша, бұл жазбаларда жауаптарды келісу, қысым көрсету, сотта қандай сөз айту керек екенін алдын ала үйрету анық байқалады. Мәселен, жәбірленушілердің бірі «бәріміз бірдей жауап беруіміз керек, сонда сот біздің уәжімізді қабылдайды» деген мазмұнда жазған. Сондай-ақ іс материалдарында адвокаттың жәбірленушілерге берген кеңестері мен нұсқаулары бар. Онда сотта не айту керек екені, Ромашкиндерді міндетті түрде алаяқ ретінде көрсету қажеттігі түсіндірілген. Істің қоғамда үлкен резонанс тудыруына тергеушілер мен жәбірленушілердің өздері де әсер еткен. Бірақ жәбірленушілердің көп болуы автоматты түрде алаяқтық болғанын білдірмейді. Біріншіден, бұл – заң тұрғысынан дұрыс тұжырым емес. Екіншіден, іс бойынша көптеген жәбірленушілер бастапқыда арыз жазғысы келмегені анықталды. Сотта барлық 33 жәбірленуші бұл қатынастардың азаматтық-құқықтық сипатта болғанын айтты. Яғни олар мұны қарыз беру немесе келісімшарттық мәміле ретінде мойындады. Кейін ғана арнайы чаттар ашылып, «жеңіске жетеміз» деген топтар құрылған соң адамдарды жаппай арыз жазуға шақырған. Жәбірленушілердің өздері сотта: «Біз бастапқыда арыз жазғымыз келмеді, бірақ бізді көндірді» деп көрсетті. Кейбіріне «егер қылмыстық іс болмаса, ақшаларыңды қайтарып ала алмайсыңдар» деп айтылған», – деп мәлімдеді сотталғандардың қорғаушысы.
Адвокат барлық келісімдер нотариалды түрде рәсімделгенін жеткізді. Қарыз шарттары, қолхаттар заңды түрде бекітілген. Барлығы өз еркімен келісім жасағанын, ешкім оларды мәжбүрлемегенін айтты. Кейбірі тіпті алғашында ойланып, кейін өздері қайта хабарласып, келісімге келіскен.
«Неліктен олар бұл келісімдерге барды? Өйткені әрқайсысының өз пайдасы болды. Бірі несиесін жапты, бірі бірнеше несиесін біріктірді, енді бірі пайыздық табыс алды. Яғни мәмілелер тегін жасалған жоқ. Сондықтан алаяқтықтың негізгі белгісі – мүлікті өтеусіз иемдену бұл жерде жоқ. Сонымен бірге, алаяқтық болуы үшін Ромашкиндер ақшаны алған сәтте-ақ адамдарды алдап отырғанын білуі керек еді. Бірақ сотта мұндай қасақана ниет дәлелденген жоқ. Керісінше, іс материалдары бойынша Ромашкиндер 10 ай, 15 ай, тіпті бір жылдан астам уақыт бойы адамдардың несиелерін төлеп отырған. Бірде-бір жәбірленушіге төлем жасалмаған жағдай жоқ. Ал кешіктірулердің пайда болуы Ромашкинаның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестерімен байланысты жағдайдан кейін басталған. Оның шоттарына тыйым салынған. Бұл туралы сотта құжаттар ұсынылды, бірақ сот оларға тиісті баға бермеді. Яғни барлық мәселе шамамен бір айдың ішінде туындаған. Бірақ сот та, прокуратура да осыған назар аудармады. Істе медиативтік келісімдер, атқарушылық парақтар, сот шешімдері бар. Алайда бұлардың ешқайсысына құқықтық баға берілген жоқ. Мысалы, Орлов бойынша қарыз толық өтелген. 15 ай бойы төлем жасалған. Онда неге ол жәбірленуші ретінде танылып отыр? Бұл түсініксіз. Нечаева бойынша полицияға арыз берілген сәтте ешқандай кешіктіру болмаған. Яғни ол уақытта ешқандай алдау фактісі жоқ еді. Оған төлем уақытылы жасалып отырған. Шодорова бойынша да арыз жазылған кезде мерзімі өткен төлемдер болмаған. Бірақ кейін чаттардағы ықпалдан соң олар өздерін алдандық деп есептей бастаған. Вайнберг бойынша да арыз жазылған сәтте кешіктіру болмаған. Чуриковпен медиативтік келісім бар. Чернецкийге 13 ай бойы төлем жасалған. Сот мұны «жалған төлем» деп бағалайды. Бірақ егер адам 13 ай қатарынан ай сайын төлеп отырса, онда бастапқыда алаяқтық ниет болды деу қалай мүмкін? Егер адам басынан бастап алдауды көздесе, бір жылдан астам уақыт төлем жасамас еді. Оның үстіне Чернецкийдің өзі ақшаны бірден емес, ай сайын алып тұруға келіскен. Осындай келісім көпшілігімен болған», – деді сотталғандардың қорғаушысы.
Сотта Ольга Ромашкина эмоциясын ерік беріп, көзіне жас алды. Өздерін алаяқ емес екенін айтты.
«Егер мен алаяқ болсам, неге жылдар бойы адамдардың несиесін төлеп жүрдім? Біз 70 миллион теңгеден астам қаражатты өтедік. Қандай алаяқтық бұл жерде? Егер осынша ақша қайтарыолса? – деді ол.
Оның айтуынша, қаржылық қиындық Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ет экспорттау бизнесіне байланысты туындаған. Серіктестер арасындағы дау салдарынан шоттар бұғатталып, төлемдер тоқтап қалған.
Ромашкина сондай-ақ, үйін және қызының пәтерін кепілге қойғанын, барлық келісімдер нотариус арқылы рәсімделгенін, жәбірленушілердің көбіне ұзақ уақыт бойы ай сайын төлем жасалғанын, кей адамдар арыз жазған кезде ешқандай кешіктіру болмағанын айтты. Қорғаушы тараптың негізгі ұстанымы бұл істе бастапқыда алаяқтық ниет дәлелденбеген. Адвокаттың сөзінше, егер адам келісім жасалған сәттен бастап алдауды көздесе, онда ол айлар бойы төлем жасап отырмас еді. Сотталушылар бірнеше жәбірленушімен медиативтік келісім жасалғанын, кейбір қарыздардың толық өтелгенін де алға тартты.
Тергеу материалдары ондаған томнан тұрады. Апелляциялық сот алқасы енді бірінші сатыдағы үкімінің заңдылығы мен негізділігіне түпкілікті баға береді. Әзірге тараптардың ұстанымы екіге жарылып тұр. Жәбірленуші тарап мұны алдын ала ойластырылған қаржы пирамидасына теңесе, қорғаушы жақ тәуекелге құрылған кәсіпкерлік келісімдердің сәтсіз аяқталуы деп санайды. Сондай-ақ ол тергеу барысында көптеген заңбұзушылық болғанын мәлімдеді. Айтуынша, іс материалдарының бір бөлігімен толық танысуға мүмкіндік берілмеген, кей құжаттар томдарға енгізілмеген.
«Біз 18 томмен ғана таныстық деп ойладық. Кейін іс 31 том екені белгілі болды. Кейбір құжаттарды мүлде көрмедік. Ал біз ақшаны босқа шашқан жоқпыз. Мен казино ойнамаймын. Біз барлық қаражатты бизнеске салдық. Белгілі бір сәтте кері шегінер жол қалмады, өйткені ақша айналымға кетіп қойған еді», – деді сотталушы.
Қазір апелляциялық алқа тараптардың уәждерін қарастырып жатыр. Сот отырысы жалғасады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген – автор
