Рудныйда 16 жастағы курьер көп мөлшердегі есірткімен ұсталды

Рудныйда 16 жастағы курьер көп мөлшердегі есірткімен ұсталды

«Қарасора-2025» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Рудный қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері психотроптық заттарды сақтап, таратты деген күдікпен 16 жастағы Теміртау тұрғынын ұстады.

Жасөспірім Рудный қаласындағы қалалық жағажай маңында қолға түсті. Тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған орамдар, шамамен 80 пакет табылды.

Кейін полиция қызметкерлері Қостанай қаласында жалға алынған пәтерге тінту жүргізді. Пәтерден электронды таразылар, зат қалдықтары бар, жүздеген бос пакет, сондай-ақ сату үшін дайындалған 200-ден астам есірткі орамдары табылды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы – шамамен жарты келі. Сот-химия сараптамасы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі екенін көрсетті.

«Алдын ала деректер бойынша, жасөспірім әлеуметтік желілер арқылы қылмысқа тартылған. Мессенджерде оған «жоғары табысы бар курьерлік жұмыс» ұсынылған. Шын мәнінде, оның міндеті есірткіні сақтау және Қостанай облысы аумағына жасырын қойып шығу болған. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК ірі көлемде психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау және тасымалдау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір полиция қылмыстық топтың ұйымдастырушыларын және «басшы» сыбайластарын іздестіруде», – делінеді облыстық ПД хабарламасында.

Жасөспірімдерді интернет арқылы арбау есірткі бизнесінің кең таралған тәсіліне айналып отыр. Құқық қорғаушылар ата-аналарды балалардың бос уақытын және олардың әлеуметтік желідегі белсенділігін мұқият қадағалауға шақырады.