Арқалықтық жауынгер жеңімпаз атанды

Арқалықтық жауынгер жеңімпаз атанды

 Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлар және өрт сөндірушілер арасында ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны — 2026» байқауында Арқалық қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кіші сержанты Нұрбол Рахфат жеңімпаз атанды. Ол жарыстың барлық кезеңдерінде сенімді түрде жеңіске жетіп, жоғары деңгейдегі дайындық пен шығармашылық талантын көрсетіп, «Жігіт сұлтаны – 2026» облыстық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

 Батылдық, кәсібилік және шығармашылықты біріктірген дәстүрлі байқауға облыстың қалалары мен аудандарынан отызға жуық қызметкер қатысып, тек кәсіби шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар сан алуан таланттарын да көрсетті.

 Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші «Өзін-өзі таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін, өмірге деген көзқарастарын және мансаптық жолдарын таныстырды. Әрбір қатысушы құтқарушы мамандығы машықтарын сәтті көрсетіп, қоғамға қызмет етудің маңыздылығын айқындап өтті.

«Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» деп аталатын екінші кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етті. Құтқарушылар ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнап, би билеп, көрермендерді өз өнерлерімен таң қалдырды. Бұл байқауға ерекше көңіл — күй сыйлап, көрермендерге үлкен қызығушылық тудырды.
blank

  Қорытынды кезең «Менің мамандығым — менің мақтанышым» кезеңі болды. Бұл кезеңде қатысушылар өз жұмыстары туралы бейнебаяндар ұсынды. Онда құтқарушылардың күнделікті өмірі, мамандықтың жауапкершілігі және төтенше жағдайларда қызмет етудің маңыздылығы туралы әңгімеледі. Қатысушылар тек кәсіби дайындығымен ғана емес, сонымен қатар сахнадағы келбетімен, ұстамдылығымен және тапқырлығымен де ерекшеленді.

 

  «Сайыс өте тартысты өтті. Қатысушылардың ешқайсы да осал болған жоқ. Алғаш қатысып тұрғандықтан басында аздаған қобалжу да болды. Намысқа тырысып, әр кезеңнен өтуге бар күшімізді салып, төрешілердің әділ бағалауының арқасында жарыс жеңімпазы атандық.

  Сайысты ұйымдастырушыларға және маған қолдау көрсеткен ата-анама, әріптестеріме, достарыма зор алғысымды білдіремін»,-дейді жауынгерлік байқау жеңімпазы Нұрбол Ерболұлы.blank

  Бұл жеңіс жас құтқарушы үшін жеке жетістік қана емес, ол еңбек ететін өрт сөндіру қызметі құрамының жоғары деңгейдегі дайындығының дәлелі іспетті. Жас жауынгердіңжетістігі әріптестері үшін мақтаныш, өскелең жастар үшін өз мамандығын сүюдің жарқын үлгісі.

МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ