Қостанай ауданындағы Мичурин жалпы білім беретін мектебінде «Заң мен тәртіп жолында бірге» тақырыбында жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы өтті. Жиында мамандар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатын сақтау мәселелерін ата-аналармен бірлесе талқылады. Іс-шараға құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау саласының, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мен психологтар қатысты.
Жиналысты мектеп директоры Берік Жұмағұлов ашып, қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесінің жауапкершілігі отбасы мен мектепке бірдей жүктелетінін айтып өтті. Оның пікірінше, бүгінде балалардың қауіпсіздігі тек мектеп қабырғасындағы бақылаумен шектелмейді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі қауіптер, кибербуллинг, түрлі ойындарға тәуелділік секілді мәселелер ата-аналардың тұрақты назарын қажет етеді.
– Бала қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ міндет. Мектеп өз тарапынан қауіпсіздік шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Дегенмен отбасы тарапынан қолдау болмаса, нәтижеге жету қиын. Әсіресе жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру аса маңызды, – деді мектеп басшысы.
Директор жаз мезгілінде балалардың судағы, жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне заңмен тыйым салынатынын айтып өтті. Жиында 2026-2027 оқу жылына арналған мектеп формасына қойылатын талаптар да түсіндірілді.

Кездесу барысында прокурор Әлия Гайдарова жасөспірімдер арасындағы құқықтық жауапкершілік мәселесіне тоқталды. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның емес, ата-аналардың да міндеті екенін айтты.
– Көп жағдайда балаға уақытылы көңіл бөлмеу түрлі келеңсіз жағдайларға әкеліп жатады. Заң талаптарын сақтау ең алдымен отбасынан басталады. Әр ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын бақылауда ұстауы керек, – деді прокурор.
Сондай-ақ ол соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын алаяқтық пен қауіпті контенттің көбейгенін айтып, ата-аналарды балалардың желідегі белсенділігіне бейжай қарамауға шақырды.
Жиында сөз алған Қостанай облыстық психологиялық денсаулық орталығының психологы Елена Искакова отбасының баланың психологиялық тұрақтылығын қалыптастырудағы рөліне кеңінен тоқталды.
– Бала ең алдымен отбасындағы қарым-қатынасқа қарап өседі. Егер үйде сенім мен ашық әңгіме болса, ол сыртқы қауіптерге де төтеп бере алады. Баламен сөйлесу, оның ішкі күйін байқау – ата-ананың күнделікті міндеті болуы керек, – деді маман.
Психолог әсіресе кибербуллингтің балалар психологиясына ауыр әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, бүгінде көптеген жасөспірім әлеуметтік желідегі қысымнан күйзеліске түсіп жатады. Сондықтан ата-аналар баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударуы қажет.

Жиын барысында нашақорлықтың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Бұл бағыттар бойынша өзге де сала мамандары баяндама жасап, ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың өзара байланысы маңызды екенін атап өтті. Себебі жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен болашағы – қоғамның ортақ жауапкершілігі.
