Орталық «Демалыс» саябағынының кезекті жазғы маусымының ашылуы Арқалық қаласының 70 жылдығына арналды.

Қойнауына құт дарыған берекелі өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қала тұрғындары мен қонақтарына «Арайлы Арқалығым!» атты апталық сауық — кеші ұйымдастырылды.

Самал жел ескен саябақтың дала сахнасында халық арасында танымалдығы артқан қаланың іргелі өнер ұжымдары: «Ақбота» халық би ансамблі, Үлгілі «Інжу-Маржан» вокалдық тобы, «Айказ» өнер-білім орталығы, «Әгугай» ансамблі, «Кербез» триосы және жекелеген өнерпаздар өнер көрігін қыздырды.

Сондай – ақ, Фурманов ауылының «Қыздар-ай» триосы, Восточный ауылының «Асыл» дуэті өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің көзайымына айналды.

Көңілі көтеріңкі, рухы асқақ арманшыл жастар қала тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясын бірге қолдауға шақырды.

«Бір тал-бір үміт,
Бір іс-бір үлес!
Бірге үлес қосайық!»,-леп ұрандатты.
Осылайша, Арқалық аспанын тағы бір мәрте ән-жыр кернеді. Апталық сауық кеші әрмен қарай халықтың аңсап келетін сүйікті демалыс орнында апта сайын жұма күні қала оқу орындары мен мекемелердің күшімен өтетін концерттік бағдарламалармен жалғасатын болады.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
