9 мамыр – күллі адамзат тарихындағы ең қастерлі күндердің бірі. Бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған боздақтарды еске алып, ерлік пен елдіктің мәңгілік рухына тағзым ететін Ұлы Жеңіс күні. Осы айтулы мерекенің 81 жылдығына орай Қызбел ауылында жасөспірімдер арасында қазақ күресінен жарыс өтті.
Аталған спорттық іс-шара – тек жарыс қана емес, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытатын, ерлік пен намысты ұлықтайтын маңызды бастама болды. Балуандар белдескен боз кілемде тек күш емес, қайсарлық, жігер мен рух сынға түсті.

Бұл игі істің жүзеге асуына ауыл спортының жанашыр азаматтары айрықша үлес қосты. Атап айтқанда, аудан, облыс, республика көлемінде талай шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті жаттықтырушы Қашаубай Нұрболат Әділбекұлы, өзі білім алған мектебінде тәжірибеден өтіп жүрген жас маман Үмітқали Азат Мұратбекұлы, ауылдың спорт әдіскері Балтабай Жәнібек Нұрболатұлы, сондай-ақ ел жанашырлары Әділбек Қашаубайұлы мен Асылбек Жарқынбекұлы жарысқа демеушілік көрсетіп, жас спортшыларға үлкен қолдау білдірді.
Демеушілер тарапынан қыздар арасындағы жарысқа 15 000 теңге, 42 келі салмақ дәрежесінің чемпионына 5 000 теңге және +55 келі салмақтағы жеңімпаздарға 10 000 теңге көлемінде сыйақылар тағайындалды. Бұл – ауыл жастарына деген сенім мен қолдаудың нақты көрінісі.

Жарыс барысында жас балуандар өз шеберліктерін паш етіп, көрермендерге тартысты да әсерлі белдесулер сыйлады. Әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, жеңіс тұғырына көтерілген спортшылардың мерейі үстем болды.

Қыздар (32 кг):
І орын – Шаяңқазықызы Нұрдана
ІІ орын – Бегалы Ұлпа
ІІІ орын – Исламбек Аяулым
26 кг:
І орын – Азаматұлы Әли
ІІ орын – Азаматұлы Мәди
ІІІ орын – Елік Расул
32 кг:
І орын – Елік Санжар
ІІ орын – Жасұланұлы Серікбол
ІІІ орын – Қайырбек Арнұр
38 кг:
І орын – Саматұлы Нұрсағат
ІІ орын – Қайырбек Санжар
ІІІ орын – Мамыков Сағдат
42 кг:
І орын – Қаби Санжар
ІІ орын – Жарқынбек Марлен
ІІІ орын – Мейрамбек Елдиар
55 кг:
Сәбитбек Бекзат, Үмітқали Әлинұр, Кенесбай Шерхан
+55 кг:
І орын – Балтабай Тоба
ІІ орын – Айболатұлы Дамир
ІІІ орын – Кәрім Әлижан

Бұл жарыс – Қызбел жастарының спортқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсететін жарқын дәлел. Осындай игі шаралар арқылы ауылдан талай чемпиондар шығып, ел намысын қорғайтын күн алыс емес.

Ұлы Жеңістің мәні – тек өткенді еске алу емес, сол ерлікті болашақ ұрпақтың бойына сіңіру. Бүгінгі бозкілемдегі жас балуандар – ертеңгі ел қорғайтын азаматтар. Сондықтан да мұндай бастамалардың маңызы зор.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Гүлсана Аманжолова
Қызбел ауылы
