Таңсәріден Триатлон-парк маңы ерекше жанданып, көтеріңкі көңіл-күй мен спорттық рухқа толды. Жеңіс күніне арналған жүгіру жарысына әртүрлі жастағы тұрғындар – кішкентай балалар, жасөспірімдер, жастар, отбасылар және қарттар жиналды. Бірі шақырымдарды бағындыруға тыңғылықты дайындалып келген, енді бірінің жақындарын қолдап, мерекелік аура мен бірлік рухын сезінуді мақсат тұтқаны байқалады.
Биыл дәстүрлі «Еске алу» («Память») жүгірісі алғаш рет Триатлон-паркте ұйымдастырылды. Жаңа орын жарысқа ерекше атмосфера сыйлағандай: мамырдың таза ауасы, жасыл желек көмкерген аллеялар мен шуақты күн қатысушыларға жігер берді. Өтетін орны өзгергенімен, бұл жарыс бұрынғы жүзтаныс достарды, спорт сүйер қауымды және осы бастаманы дәстүрге айналдырған жандарды тағы да біріктірді.
Іс-шараны Қостанай қаласының спорт бөлімі мен «Наш Костанай» газеті ұйымдастырды. Жарыс басталар алдында қатысушылар ҰОС қаһармандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Бүгінгі жүгіріс арқылы біз ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларды құрметтейміз. Бұл соғыс әрбір отбасыға әсер етті. Сіздердің ата-әжелеріңіз сол ауыр кезеңнің куәсі болды. Осындай іс-шаралар арқылы бүгінгі бейбіт аспанымыз үшін ардагерлерімізге алғысымызды білдіреміз. Барша қатысушыға көтеріңкі көңіл-күй, мықты денсаулық және жарқын әсер тілеймін, — деді «Наш Костанай» газетінің бас редакторы Асқар Жабаев.
Спорт ардагерлері де жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. Солардың бірі — шаңғы жарысынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Иван Вепрев. Айта кетерлігі, ол — Жеңіс күнімен түйдей құрдас, биыл 81 жасқа толды.
— Еліміз дамып келеді. Біз тек ауыл шаруашылығында ғана емес, спортта да жоғары нәтижелер көрсетуіміз керек. Сіздер — Қазақстанның болашағысыздар. Әрқайсыңыз білім алып, спортта жетістікке жетіп, елге лайықты азамат болуға ұмтылыңыздар, — деді ардагер.
Алғаш болып 2,4 шақырымдық қашықтыққа 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер шықты. Старт белгісі берілген сәтте парк іші жанданып сала берді. Бірі алға ұмтылып, жоғары қарқынды сақтауға тырысса, енді бірі өз ырғағымен жүгіріп, жарыс ләззатын сезінді. 
Жол бойында жанкүйерлердің қошеметі, жақындарының қолдауы ерекше рух берді. Көпшілік үшін бұл жарыс жеңіс пен уақыт үшін емес, жады мен бірлік үшін маңызды болды. Келесі кезеңде 10 шақырымдық қашықтықта ересектер бақ сынады.



Қатысушылардың қатарында гир спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Андрей Фиялка да болды. Ол 20 жылдан астам уақыт Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен. Қазіргі таңда кәсіби спорттан кеткенімен, денсаулық үшін жаттығуды жалғастырып, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.
— Бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Өткен жылы өз санатымда бірінші, ал абсолюттік есепте төртінші орын алдым. Қазір мен үшін бастысы — балаларға спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Кейбір жарысты жіберіп алуымыз мүмкін, бірақ Жеңіс күніне арналған жүгірісті ешқашан қалдырмаймыз. Бұл біз үшін дәстүрге айналды, — деді спортшы.
Іс-шараның әсерлі сәттерінің бірі төрт жастағы Андрейдің қатысуы болды. Ол анасы — жаттықтырушы Татьяна Борисенкомен бірге келіп, әпкесіне жанкүйер болды және өзі де үш доңғалақты велосипедпен бейресми түрде жарысқа қосылды. Кішкентай қатысушы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Анасының айтуынша, ол бүгінде Президенттік миля аясындағы 400 метрлік қашықтықты еркін еңсере алады.

Мәре сызығын кесіп өткеннен кейін қатысушыларды дем басу, құттықтаулар мен демеушілер дайындаған дәмді тағамдар күтті. Ал өз жас санаттарында үздік атанғандарға грамоталар, медальдар және спорттық киім дүкенінен арнаулы сыйлықтар табысталды.




Васидий Васильев
