Күн тәртібінде өңір спорты: нәтиже неге төмен?

Күн тәртібінде өңір спорты: нәтиже неге төмен?

Бұқаралық спорт өңірде қарқын ала алмай отыр. Аудандық командалар облыстық жарыстарға жүйесіз қатысады. Кейбір аудандар тіпті іріктеусіз-ақ спортшыларын жібере салады. Ал кейбірі мүлде қатыспайды.

Спорт инфрақұрылымы мен жабдық мәселесі де өзекті. Облыс басшылығы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, нәтижесіз жұмысты сынға алды. Қаржы көбейгенімен, үлкен жарыстарда нәтиже жоқ. Енді талап күшеймек. Іріктеу жарыстары, дайындық және жауапкершілік жүйесі қайта қаралмақ.

 Өңірдегі жағдайды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жетекшілігімен жүргізілген жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы баяндады.

«Аудандық және қалалақ командалардың 17 жасқа дейінгі балалар арасындағы спорт түрлеріне аймақтық чемпионаттарға іріктеу жарыстарынсыз қатысатынын көптеген мысал растайды. Былтырғы олимпиадалық спорт түрлерінен аймақтық чемпионаттарға екі мыңнан астам адам қатысса, Жангелдин ауданынан тоғыз, Науырзым ауданынан он адам ғана жіберілген. Амангелді ауданы бұл чемпионаттарға мүлдем қатысқан жоқ. Қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен чемпионаттарға облыстың он аймағы қатыспады. Осылайша ресми жарыстарға дайындық жергілікті жерлерде дұрыс жүргізілмейді», – деді басқарма басшысы.

Кейбір аудандар облыс біріншілігіне іріктеу жарыстарын өткізбей келген. Спортпен айналысу үшін құрал-жабдықтар сатып алу өзекті мәселе екені сөзсіз. Ал, Қарасу, Федоров аудандарында ол бағытқа қаражат былтыр жоспарланбаған.

«Қысқы жабдықтар сатып алу бойынша жұмыстар дұрыс жүргізілмей келеді. Биылғы шаңғы фестиваліне қатысу үшін жабдықты тек төрт аймақ – Рудный қаласы, Қамысты, Денисов, Ұзынкөл аудандары сатып алған. Алтынсарин, Жангелдин аудандарында іріктеу жарысы болған жоқ. Аудан әкімдіктеріне келесі іс-шараларды қарастыруыңызды ұсынамыз. Спорттық нысандар желісін дамыту жөнінде инвесторлар тарту кезек күттірмейді. Жыл соңына дейін спорт нысандарын түгендеп отыру қажет. Олардың тізіміне есеп жүргізіп, үй маңындағы спорттың сапасы қамтамасыз етілсе, құба-құп болар еді. Құрама командалардың облыстық чемпионаттарға қатысуын каматамасыз ету үшін жұмсалатын шығындар уақытылы қадағаланса екен», – деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оны шешудің жолын тиісті тарапқа міндеттей салумен шектелмейтінін айтты.

blank

«Бұны шешу үшін не істелініп жатыр, кім шешуі керек? Басқарма бар, облыс әкімінің орынбасары бар. Ақылдаса келіп, ұсыныс айтыңыздар. Жұмыс істемесе, тәртіпке шақыру керек», – деді өңір басшысы.

Облыс әкімнің орынбасары Бақытжан Нарымбетов аудан-қала басшыларының тарапынан белсенді жұмыс қажеттігін алға тартты.

«Әрдайым байланыста болып, осы мәселелерді жеткізудеміз. Тиісті мекемелерден шешімі сұралып жатыр», – деді ол.

Жақсы нәтиже кішігірім жарыстардан бастау алады. Сондықтан, облыс әкімі аудандық, облыстық іріктеу сайыстарының маңызы зор екенін баса айтты.

«Жаңа ғана атап өткендей, 156 облыстық чемпионатқа Жангелдин ауданынан тоғыз спортшы ғана қатысқан екен. Баяндамаларыңызда мыңдаған адамдар спортпен айналысады деп көрсетіп кеттіңіздер. Маңызды бәсекелерде сылбырлық танытып, ешқайсысы қатыспайтын болып тұр ма? Бұл жерде нәтиже мен көрсеткіштерді балалармен жабуға болмайды. Жастар мен жасөспірімдер қайда қалады? Сіздер көрсетіп кеткен нәтижелер – спорт мектебіндегі балалардың жасаған нәтижесі. Спорттық инфрақұрылымды сонда кімге кімге арнап салып жатырмыз? Балалардың бұрыннан дайындалатын орындары бар.  Сосын облыстағы халықаралық дәрежедегі соңғы нәтиже 2017 жылы болғанын байқадық. Азиада ойындарында Денис Кузиннің жұлдызы жарқырағаны белгілі. Бізге одан гөрі соңғы жылдары не істедіңіздер? Әлемде жүлдені кім алды? Сол туралы есеп маңызды. Нәтиже жоқ, қаншама қаржы бөлініп жатыр. Барлық спорт мектебінің директорларын әдейі осы үшін арнайы шақырдым», – деді әкім.

Бұл сұрақтың сала мамандарына тікелей қатысы бар. Жастарымыз біріншілікте нәтиже көрсету үшін бапкерлерге талап қойылуы керек. Айта кетерлігі, облыста осы бағытта ротация жұмыстары нашар жүргізіліп жатыр. Бір мектепте бірнеше жыл басшысы болып отырған кісілер бар. Олардың нәтижесіне қарап жатқан басшылық жоқтың қасы. Облыс әкімі жоғарыда осы жағдайды меңзеген болатын.

«Мемлекет басшысы саламатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Спорт саласына бөлінетін қаражат жыл сайын ұлғаюда. 2022 жылы 9,6 млрд болса, биыл 32,2 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл үш еседен артық», – деп цифрмен дәлелдер келтіре кетті Құмар Іргебайұлы.

Қазір ауыл мен қалаға спорт қолжетімді болу үшін барынша жағдай жасалып отырғанын баяндады. Расында, жыл сайын жаңа спорт нысандарының саны артып келеді. Соңғы үш жылда отыздан астам нысан салынды. Демек, біздегі спортты қаржыландыру мөлшері үздік өнер көрсетіп жүрген өңірлерден кем емес.

Бүгінде Қамысты ауданының орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Қостанай қаласында үстел теннисі орталығы салынып жатыр. Бұл нысандар 2026 жылы спорт әуесқойлары үшін есігін айқара ашпақ. Бұдан басқа, орталықтағы аквапарк қайта жаңғыртылуда. Оның ауданы екі есеге жуық ұлғайса, Триатлон-паркінде көпфункциялы стадионның құрылысы басталды. Тобыл қаласының «Астана» шағын ауданында 3 мың орындық спорт сарайының құрылысы жоспарланып отыр. «Қазақстан халқына» қоры Қостанай қаласында мүгедек адамдарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландыратын болды. Ал Арқалық қаласында жабық хоккей корты мен көпфункциялы дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек.

Соңғыүшжыл ішінде басқарма бұл кемшіліктерді «Қолжетімді спорт» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы арқылы іске асыруды көздеп отыр. Жыл сайын мамырдан қазан айына дейін шағын аудандарының тұрғындарының басын қосып, бұқаралық денешынықтыру сабақтары ұйымдастырылып жатыр. Оның алтауы Қостанайда, қалғаны Арқалық, Жітіқара,Лисаков, Рудный қалаларында өткізілген.

«Биыл бұл тәжірибені облыстың барлық қалалары мен аудандарына тарату көзделіп отыр. Ол үшін өңірлердің әкімдіктеріне әлеуметтік тапсырыстар есебінен«Үйдегіспорт» бағдарламасын іске асыру тапсырылды. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары аяқталды. Мамыр айынан бастап жобаларды іске асыру басталады», – деді облыстық дене шынықтыру және спрот басқармасының басшысы.

Бұқаралық спортты насихаттау және спорт секцияларының жұмысын жандандыруға арналған қалалар мен аудандарда жыл сайын кешенді спорттық жарыстар – шаңғы спортының фестивалі, спорттың 20 түрі бойынша жазғы спартакиада, мемлекеттік қызметшілердің спартакиадасы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың спорт фестивалі, спорттың ойын түрлері бойынша әуесқой лигалар өткізіледі.

Бұл іс-шаралардың алдында ауылдық округтерде, аудандарда және қалаларда іріктеу жарыстары жүреді. Бұл азаматтарды жарысқа қатысумен қамтуды едәуір кеңейтуге және республикалық іс-шараларға қатысу үшін облыс құрама командасын сапалы қалыптастыруды қамтамасыз етуге жол ашуы керек.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ