Қостанай жұртшылығы Азия чемпионы Надежда Рябецті ерекше ықыласпен қарсы алды. Ахмет Байтұрсынұлы әуежайына жиналған жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Бұл сәтті ең алдымен спортшының ата-анасы асыға күткені сөзсіз. Анасының айтуынша, қызын күткен әрбір минут жүрекке салмақ салған.
Надежданың спорттағы жолы ауылдан басталғанын айтады. Ол небәрі он жасында Қарабалық ауданында боксқа алғаш қадам басыпты. Анасы сол сәтті еске алып:

«Бастапқыда қыз балаға ауыр спорт сияқты көрінді, бірақ оның қайсарлығы бәрін жеңді. Қазіргі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу қиын», – деп көз жасына ерік берді.
Әкесі де өте көңілшек жан екен, қуанышын бөлісуге эмоциясы жібермей тұр.
«Бәрін анасынан сұраңыздар. Қазір қатты толқып тұрмын…», – деп жауап қатуға ғана шамасы жеткендей. Бүгінде сол бала арман үлкен жетістікке айналып отырғанына сене алмай тұрған тәрізді.
Азия чемпионаты Надежда үшін оңай болмаған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы ірі додасы еді.
«Екі жылдық үзілістен кейін рингке қайта оралдым. Бірден жоғары деңгейде өнер көрсетуге тура келді. Бұл жетістік бірінші қолдаған, одан кейін үлкен еңбек пен Бапкерлерімнің табандылығының нәтижесі. Алғашқы жекпе-жек ерекше қиын өткенімен, бұрыштағы ол кісілердің қолдауы бойыма сенім сыйлады», – дейді Надежда,
Осылайша, барлық қарсыластарын, соның ішінде мықты үнді боксшыларын жеңе білді.
Қостанай бокс мектебінің басшысы Қанат Нұрпейісов бұл жеңістің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Бұл тек бір спортшының жетістігі ғана емес, тұтас өңір спортының деңгейін көрсететін нәтиже. Қазақстан құрамасының алты алтын медаль жеңіп алуы елдегі бокстың жоғары деңгейін дәлелдейді», – деген ол алдағы әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызын ерекше атап өтті.
Ал облыстың аға бапкері Данияр Әйтенов Азия чемпионатының деңгейі өте жоғары екенін еске салды.
«Бұл додаға құрлықтың ең үздік былғары қолғап шеберлері жиналады. Азия – бокс спортының отаны десе де болады. Соңғы он жылда өңірде мұндай ірі жетістіктер болмағанын ескерсек, бұл жеңістің тарихи маңызы зор. Спортшылардың жетістігі тек талант пен еңбекке ғана емес, сонымен бірге қаржылық қолдауға да байланысты», – дейді ол.
Надежданың өзі болса, бұл жеңісті үлкен мақсаттарға апарар алғашқы қадам деп санайды. Оның басты арманы — әлем чемпионы атанып, Олимпиада ойындарында ел намысын қорғау. Қостанайлықтар болса, өз чемпиондарының болашағына сеніммен қарап, алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрінеді деп үміттенеді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
