Қостанайда кәсіпкерлік нысандарының маңдайшалары және іргелес аумақтарының жағдайын тексеру мақсатында тұрақты түрде рейд жұмыстары басталды.
Рейдтік топ құрамына кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі қызметкерлері, полиция және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері кіреді.
– Ерекше назар күнге күйіп кеткен баннерлерге, сынған және зақымдалған маңдайшаларға, сондай-ақ нысандар айналасындағы аумақтың санитарлық жағдайына аударылады, – дейді Қостанай қаласы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Мира Казкеева. – Рейдтің мақсаты – қаланың сыртқы келбетін жақсарту, фасадтар мен жарнамалық құрылымдарды тиісті күйге келтіру, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарына іргелес аумақтарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Өңі кеткен баннерлер, зақымдалған маңдайшалар мен жарықтандыру элементтері қаланың көркін бұзады және оларды ауыстыру немесе алып тастау қажет.
Тексерулердің бірі Павлов пен Баймағамбетов көшелерінің қиылысында орналасқан Inmart супермаркетінде жүргізілді.
Осы және басқа да сауда нүктелерінде рейдтік топ кәсіпкерлерге сыртқы жарнама нысандарын орналастыру ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аумақтарды абаттандыру қағидалары туралы жадынамалар таратты.
Сонымен қатар кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлеріне фасадтың зақымдалған бөліктерін жөндеу және 2023 жылы Қостанайда бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкес нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру қажеттігі түсіндірілді.

Рейд қорытындысы бойынша төрт күн ішінде 19 әкімшілік хаттама толтырылды: оның ішінде 2 айыппұл салынып, 17 ескерту берілді.
Василий ВАСИЛЬЕВ
