Қостанай қазанаттары қай кезде де жоғары бағаланған. Жылқылар төзімді, мініске де, жегіске де жайлы. Қостанайдың даласында, қатал қысқы аяз бен қолайсыз күн райында шыңдалған Патрон есімді сәйгүлік ат спортының ең талғампаз және ең күрделі пәні – мәнерлеп жүріс бойынша Қазақстан Кубогының бірінші кезеңінде екінші орынды иеленді.
Бұл жеңіс – жай ғана жүлде емес, тұтас бір тарихи бетбұрыс. Қостанай тұқымы алғаш рет республикалық деңгейдегі дрессура жарыстарында жүлдегерлер қатарына ресми түрде енді.
Осылайша ол ат спортының ең күрделі техникалық тәртіптерінің бірінде жоғары дайындық деңгейін, тамаша басқарылатындықты және бәсекеге қабілеттілікті көрсетті. Мәнерлеп жүріс ат спортының ең күрделі және әдемі түрі. Бұл жерде ат пен шабандоздың үйлесімділігі, аттың бағынуы, қозғалыс сұлулығы және қимылдарының дәлдігі бағаланады.
Бұл нәтиже тарихи маңызға ие. Қостанай тұқымы алғаш рет Қазақстан Кубогы деңгейіндегі үйрету, бағындыру сайыстарында жүлдегерлер қатарына енді. Бұл жетістік тұқымның әмбебаптығымен қатар классикалық еуропалық тәртіптерде, дәстүрлі түрде жоғары дәлдікті, қозғалыстың пластикалықтығын және ұзақ мерзімді жүйелі дайындықты талап ететін дрессурада сәтті бәсекелесе алатындығын дәлелдейді.
Қостанай жылқысы қазақ даласының қысқы қатал климатына, қарлы жайылымдарына өте бейім келеді. Жоғары төзімділік пен күш-қуаты, ұзақ қашықтыққа шыдамдылығы басты ерекшелігі. Спорттық пәндерде жақсы нәтиже көрсетеді.
Қостанай тұқымы отандық мінгіш-жегілетін алғашқы тұқымдардың бірі, ұлттық генқор құрамына ресми түрде енгізілген. XX ғасырдың ортасында қалыптасқан бұл тұқым Қазақстанның қатал климаттық жағдайларына бейімділігімен, төзімділігімен және күштілігімен ерекшеленеді. Тарихи тұрғыдан әмбебап жұмыс және спорттық жылқы ретінде пайдаланылған бұл тұқым бүгінде ат спортының заманауи түрлерінде, соның ішінде мәнерлеп жүрісте, жоғары әлеуетін көрсетіп келеді.
Allur компаниясы Қостанай тұқымын дамытудағы негізгі серіктестердің әрі қозғаушы күштердің бірі. Ұзақ мерзімді стратегия аясында компания тұқымды сақтау, сұрыптау және кеңінен насихаттауға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Бұл бағытқа асыл тұқымды базаны дамыту және генетикалық әлеуетті жақсарту жұмыстары кіреді. Сонымен қатар, жылқыларды ұлттық және халықаралық жарыстарға дайындау үшін заманауи жаттықтыру әдістерін енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осылайша, отандық ат спортының дамуына және Қостанай тұқымын Қазақстанның ұлттық бренді ретінде халықаралық аренада ілгерілетуге бағытталған тұрақты экожүйе қалыптасуда.
«Патронның» жетістігі – тұқым әлеуетін жүйелі түрде ашу жолындағы еңбектің нәтижесі және таңдалған стратегияның тиімділігін дәлелдейді.

Айта кету керек, бұл – Allur қолдауымен Қостанай тұқымындағы жылқылардың алғашқы ірі жетістігі емес. 2025 жылы компания командасы екінші халықаралық «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесінде жеңіске жетіп, ұзақ қашықтықтағы жарыстарда отандық сәйгүліктердің ерекше төзімділігі мен басымдығын көрсетті. Осылайша, Қостанай тұқымының мәнерлеп жүру бойынша жүлделі деңгейге шығуы отандық жылқы шаруашылығы тарихында жаңа кезеңді ашып, оның заманауи ат спортының түрлі бағыттарындағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – Allur компаниясының баспасөз қызметі
