Амангелділік балуан екі жылда отыз үш медаль алды

Амангелділік балуан екі жылда отыз үш медаль алды

Бексұлтан Егінбаевтың қазақ күресімен айналысқанына небәрі екі жыл ғана болған. Соған  қарамастан, 33 медаль иегері атанып үлгерді.

Бексұлтан 2023 жылы Арқалық қаласындағы Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжін «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу барысында өзін белсенді қырынан көрсетіп, түрлі іс-шараларда көзге түсе білген.

— Спорт бөлімінде оқығаннан кейін араласатын ортам да мықты, талапшыл жігіттерден құралды. Бәріміз бірге жаттығып, бірге шыңдалдық. Сол ортаның әсері мені қазақ күресімен айналысуға жетеледі. Қазір, шүкір, аудан көлеміндегі жарыстардың бәріне қатысып, бақ сынап жүрмін. Ұлттық қазақ күресінен ересектер арасында өткен «Аманкелді барысы – 2024» аудандық турнирінде алтын медаль жеңіп алдым. Сонымен қатар Қостанай қаласында өткен облыстық жарыста 66 келі салмақ дәрежесінде екінші орын иелендім. Бұдан өзге де жетістіктерім бар. Қазіргі таңда оннан астам алтын және күміс жүлденің иегерімін. Бүгінде Амангелді ауданы С.Сейкенов атындағы спорт мектебінің дзюдо спорт түрінен тренер болып істеймін, — дейді Бексұлтан Егінбаев.

Жас спортшы қызметінде де сый-құрметке ие. Әріптестері мен басшылық тарапынан жоғары бағаланып келеді. Әсіресе, аға буын өкілдері оның еңбекқорлығын ерекше атап өтеді.

— Бексұлтан Миллиардұлы 2025 жылдың қыркүйек айында жұмысқа қабылданды. Өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарады. Өз ісіне берілген маман. Бапкерлік жолды жақсы көреді. Болашақта Батпаққара өңіріндегі спортты, соның ішінде дзюдо күресін жоғары деңгейде дамытады деген сеніміміз мол. Оның шәкірттері де аз емес. Балаларға күрестің әдіс-тәсілдерін жүйелі түрде үйретіп жүр. Өзі де тәжірибелі, жеңісті жолы қалыптасқан палуан. Алдағы уақытта жүктемесін арттырып, еңбегіне сай қосымша ынталандыру шараларын қарастыру жоспарда бар, — дейді Е.Сейкенов атындағы спорт мектебі оқу ісінің меңгерушісі Ербол Осипов.

 

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,

Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,

ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенттері

Амангелді ауданы