Қостанай ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде қардың күрт еруі салдарынан қарғын су көлемі артты. Осыған байланысты жедел алдын алу шаралары жүріп жатыр.
Ықтимал қатердің бетін қайтару мақсатымен Мичурин кентінің Восточный шағын ауданында көше жолдарын ашу шешімі қабылданды. Бұл амал тұрғын үйлерді, тұрғындардың мал-мүлкін қар суынан қорғауға бағытталған. Арнаулы штаб алғашқы белгі білінгеннен-ақ іске кірісіп, елді мекенде қауіпсіздік жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. 


Аудан әкімі Олжас Нұрғалиев қазіргі ахуал туралы мәлімет беріп, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
«Мичурин кентінде қар белсенді еріп, су ағынының артуына байланысты, қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Көше жолдары бірнеше жерден жырылып, қарғын судың аулаларға кірмеуіне қам жасалды. Қазір барлық қажетті техника және жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Тасқын қаупі бар кезең қалыпқа түскенше алдын алу шаралары жалғаса береді. Тұрғындардан байбаламға салынбауды сұраймыз», — деді Олжас Нұрғалиев.
Қазір қауіптің беті ары қарады. Қарғын судың кедергісіз ағуына жол ашылды. Восточный шағын ауданына қатер төніп тұрған жоқ. Көше бойында комиссия жұмысты жалғастырып жатыр. Мамандар аулаларды аралап, ахуалды бағамдап, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіру үстінде.





Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген — Василий Васильев
