Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті Жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым мен білім трансформациясы «Төлегенов оқулары — 2026» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Қалалық мәдениет сарайында аталмыш университеттің «Ғылыми зерттеулер және коммерцияландыру» орталығы мен «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультеттерінің ұйымдастыруымен өткен конференцияның салтанатты ашылуында еліміздің асқақ Әнұраны шырқалып, сахна шымылдығы мың бұралған бимен түрілді.
Пленарлық мәжілісті университеттің «Зерттеу және стратегиялық даму» жөніндегі проректоры Аслан Еділханұлы жүргізді.
Алғашқы кезекте сөз қала әкімі Әмірхан Асанов пен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің университетінің ректоры Талғат Ещжановқа берілді.

«Елімізде жасанды интеллектінің дамуына Президентіміздің өзі үлкен мән беріп отыр. «Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашады», – деді мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев. ХХІ ғасыр адамзат ақыл – ойының жаңа сапалық кезеңге көтерілген уақыты. Жасанды интеллект тек технология жетістігі емес, ол өркениеттің жаңа бағытын айқындайтын құбылыс», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Университет пен әкімдік арасындағы тығыз әріптестік пен берік байланыстың арқасында Арқалық қаласы республикалық және Халықаралық деңгейдегі ірі ғылыми орталыққа айналуда. Конференциялардың ауқымды түрде өтуі — өңірдің зияткерлік әлеуетін көтеріп, дамуына соны серпін беруде.
«Біз университеттің игі бастамаларын әрқашан қолдаймыз. Өйткені, білімді ұрпақ пен заманауи ғылым еліміздің жарқын болашағының кепілі», – деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Өз кезегінде университет ректоры Талғат Ещжанов ғалымдар мен конференцияға қатысушыларға алғысын білдірді.

«2026 жылды Президент «Жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Осы жылдың аясында Қазақстан Республикасы «Ғылым және жоғары білім» министрлігінің қолдауымен бүгінгі іс — шарамыз өтіп отыр. Оқу ордамыз әрдайым білім мен ғылымды ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандар даярлауды ұстаным ете бермек. Конференция ғылым мен білімнің сабақтастығын нығайтып, заманауи талаптарға сай жаңашыл ойлар мен тың бастамаларды тоғыстыратын тағылымды алаң. Ол кәсіби ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, ғылыми ізденістердің жаңа бағытын айқындауға мүмкіндік береді», – деді университет ректоры Талғат Есмахамбетұлы.
Сондай – ақ, конференция барысында еліміздің Жоғары оқу орындарынан білім мен ғылымына еңбегі сіңген көптеген ғалымдар баяндама жасап, көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігіне кеңінен тоқталды.

Пленарлық мәжіліс одан әрі университет қабырғасында секциялық жұмыстармен жалғасып, өзара пікір алмасулаормен, университеттегі ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин музейіне экскурсия жасаумен, концерттік бағдарламамен және конференция белсенділерін салтанатты марапаттаулармен түйінделді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
