Арқалықта театр майталмандарына құрмет көрсетілді

Арқалықта театр майталмандарына құрмет көрсетілді

Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде Халықаралық театр күні және Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының 25 жылдық мерейтойына орай «Сахна сыртында» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кездесуге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының басшысы Нұрлыбек Қасжанов пен театр ардагері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, жыршы-термеші, «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ұлт аспаптар ансамблінің алғашқы мүшелерінің бірі Бөлтірік Молдашұлы арнайы шақырылып, құрметті қонағы болды.

Арқалық театры жас болғанымен тамырын тереңнен алады. Тарихқа көз жіберсек 1972 жылы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында тұңғыш рет театр ашылды. Алғашқы театр «Торғай облыстық қазақ сазды драма театры» деп аталды. Театрдың ашылуына мемлекет және өнер қайраткері, сол шақтағы Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков зор ықпал етті. Ел ішіндегі өнерлі жастардың да жолын ашты. Бүгінгі театр абызы Бөлтірік Молдашұлы да сол Өзағаңның шапағатын көрген жастардың бірі.

Алғашқы театр Жезқазғанға қоныс аударса, кейінгісі Қостанайға тұрақтады. Аға театрлардың ізімен ашылған жас театр да ширек ғасырдың ішінде жүзден астам қойылымды сахнаға шығарып үлгірді.

«Біз жылына 4-5 қойылым қоюды жоспарлаймыз. Балаларға және ересектерге арналған қойылымдарымыздың саны бір — бірімен қарайлас. Еліміздің білікті режиссерларымен тығыз қарым – қатынаста жұмыс істейміз. Гастрөлдерге шығып, Республикалық театрлар фестиваліне қатысып, өңірде өнердің өрістеуіне бар күш-жігерімізді салып келеміз», – дейді театр басшысы Нұрлыбек Сапабекұлы.

Театр ардагерлерімен кездесуге қаланың зиялы қауым өкілдерімен бірге Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің «Саз бөлімі» студенттері мен Арқалық қаласындағы «Жас — Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығының «Шабыт» театр клубының тәрбиеленушілері және қалалық мәдениет сарайы жанынан ашылған «Театр және өнер» студиясының, «Aykaz» академиясының «Сахна тілі» тобының оқушылары қатысты. Өнерге, сахнаға қызығушылық танытып, өз білімдерін қосымша үйірмелер арқылы шыңдап жүрген жас өрендер өнерлерін ортаға салды.

blank blank blank blank blank blank

blank blank blank blank blank blank blank blank

Тағылымды кеш түйінінде музей басшысы Рауан Абдуллажанұлы мерейтой иелерін құттықтап, қонақтарға ризашылық сезімін білдіріп «Алғыс хат» пен естелік сыйлық табыс етті.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                         Арқалық қаласы