Арқалыққа әз — Наурыз келді. Қыдыр ата көпшілікке батасын берді. Шашу шашылып, ән мен күйдің тиегі ағытылды.
«Наурызнама он күндігі» биыл астықты өлке Арқалықта жылдағыдан да қарқын ала бастады. Қаланың бас үйінің алдына ұлттық нақышты киіз үй тігіліп, мемлекеттік қызметкерлер ұлттық киімде көтеріңкі көңіл – кұймен ұлыс күнін қарсы алды.

Көрген жанды сүйсінткен әсерлі шақта қала әкімі Әмірхан Асанов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, қала әкімдігінің әр қабатында өткен онкүндікке атсалысқан ұжымдарды Алғыс хатымен марапаттады.
«Қала әкімдігі ғимаратының қабаттары онкүндік бойынша әрқайсы кезектесіп іс-шаралар өткізген болатын. Белсене атсалысып, ұлттық дәстүрімізді насихаттап жоғары дәрежеде атсалысып жатыр. Өте қуаныштымыз. Бүгін «Шаруашылық» мекемесі Наурыз мерекесін осы іс-шаралардың қорытындысы іспетті жалпылама түрде өткізіп жатырмыз. Қала басшысынан бастап, барлық әріптестерімізді әкімдік алдына киіз үй тігіп, қонақжайлылық көрсетіп жатқан жайымыз бар. Берекелі Наурыз мейрамы еліміздің ырыс – несібесін еселей берсін деп тілейміз», – дейді қала әкімдігінің «Шаруашылық» бөлімінің басшысы Асхат Қасенов.

Ұлыстың ұлы күнінде «Ұлттық спорт» күніне орай мекемелер арасында арқан тартыс ұйымдастырылып, бәйге берілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
