Облыс орталығының тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық алаңы» облыстық акциясы өтті. Акция Наурыз мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылды. Қала халқы түрлі орган өкілдеріне бетпе-бет жолығып, заң аясында кеңес алды.
Аталған акцияға Қостанай облысының құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері белсенді қатысты. Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік құрылымдардың мамандары, Қостанай облыстық адвокаттар алқасының мүшелері, нотариаттық палатаның өкілдері, «Заңгер» заң консультанттар палатасы және жеке сот орындаушылары да тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетті.
Іс-шара барысында азаматтар өздерін толғандырған түрлі құқықтық мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды. Атап айтқанда, тұрғындар еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй, алимент өндіру, қарыз міндеттемелері және басқа да құқықтық сұрақтар төңірегінде нақты жауаптар алды.
«Халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету үшін арнайы ұйымдастырып отырмыз. Азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және заң талаптарын түсіндіру жайлы болды. Осы бағытта ұйымдастырылған іс-шара тұрғындар тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, тиімді алаңға айналды. Мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл өз кезегінде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етеді», – дейді Қостанай облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Бекбосынов.
«Заң мен тәртіп» қағидады шеңберінде өткен акцияға Әділет департаменті басшысының орынбасары Темирбек Нажиканов та қатысып, өз саласына қатысты сауалдарға жауап берді.
«Тұрғындарға әртүрлі құқықтық мәселелер бойынша консультациялар ұсынылып, қолданыстағы заңнама нормалары түсіндірілді, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша ұсынымдар берілді», – деді Темирбек Нажиканов.


Айта кету керек, акция облыстың барлық қала мен аудандарын қамтыды. Осылайша, өңір тұрғындары облыс орталығына сабылмай-ақ, құқықтық көмек алып, кеңес сұрап және туындаған мәселелерін шешуге тең мүмкіндік алдық. Облыс бойынша іс-шараға 114 мемлекеттік орган өкілі қатысты. Кеңес алу үшін облыс бойынша 500-ге тарта адам жүгінген.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
