Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Қайырымдылық күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімінің офицерлері игі бастама көтеріп, мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.
Ізгілік пен жанашырлықты насихаттайтын бұл күні әскери бөлім офицерлері ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған әскери қызметшінің отбасына арнайы барып, көмек көрсетті. Офицерлер отбасының тұрмыстық қажеттіліктеріне қолдау білдіріп, азық-түлік пен қажетті заттарды табыстады.
Іс-шараның басты мақсаты – қиын жағдайда қалған әріптеске қолдау көрсету, әскери ұжымдағы бірлік пен бауырмалдықты нығайту. Әскери қызмет тек Отан қорғаумен ғана шектелмей, өзара көмектесу, адамгершілік пен жанашырлық сияқты құндылықтарды дәріптеуді де қамтиды.
6697 әскери бөлімінің офицерлері мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай игі істер қоғамдағы мейірімділік пен өзара қолдауды арттыруға септігін тигізеді.
Қайырымдылық күні аясындағы бұл бастама әскери ұжымдағы ауызбіршілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды. Жақсылық жасау – әр адамның азаматтық борышы екені тағы бір мәрте дәлелденді.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
