Бақылаушы: «Қостанай облысында референдум процесі әділ және белсенді өтіп жатыр»

Бақылаушы: «Қостанай облысында референдум процесі әділ және белсенді өтіп жатыр»

Қостанай облысында референдум барысын «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігі қас қақпай қадағалап отыр. Филиал төрағасы Диана Рақпанованың хабарлауынша, облыста 700 ашық учаске, ал қалада 94 ашық учаске жұмыс істеп жатыр. Әр учаскеде екі мегзіл кезекпен бақылаушылар референдум процесін тәулік бойы қадағалауда.Ақпан және наурыз айларында барлық аудан мен қалаларда бақылаушыларға арналған оқу семинарлары өткізілген. Бұл шаралар бақылаушылардың кәсіби дайындығын арттыруға және референдум барысын толыққанды қадағалауға мүмкіндік береді.

Диана Рақпанованың айтуынша, референдум процесі облыс бойынша толық тәртіппен өтуде. Сағат 16:00-ге дейін құқықбұзушылықтар тіркелмеген. Әрбір учаскеде бақылаушылар дауыс беру процесін мұқият бақылап, дауыс берушілердің әділ және ашық дауыс беруін қамтамасыз етіп отыр.

«Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Көп отбасылар бірге келіп дауыс беруде, кейде бір учаскеге бір сағат ішінде бірнеше ұрпақ қатар келді. Жастардың қатысуы ерекше байқалды, бұл қоғамның болашағына деген олардың қызығушылығын көрсетеді», — дейді ол.

Филиал төрағасы Диана Рақпанова атап өткендей, жастардың белсенділігі қоғамдағы азаматтық ұстанымның күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

«Бүгінгі жастардың азаматтық белсенділігі мемлекетіміздің даму бағыты мен Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді», — деді ол.

Бақылаушылар рефрендум учаскелерінің ашылуынан бастап жабылуына, дауыс санауға дейінгі барлық процесті қадағалайды. Олар референдум процесінің әрбір кезеңінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ететін негізгі кепіл.

«Бақылаушылардың рөлі өте маңызды. Олар референдум учаскелерінің барлық кезеңін бақылайды: ашылу, дауыс беру, жабылу және дауыс санау процесінде қатысады. Бұл референдумның әділ және ашық өтуін қамтамасыз етеді. Қостанай облысында рефрендум процесі толық тыныш және позитивті жағдайда өтіп жатыр. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары, жастар мен отбасылардың қатысуы ерекше көңіл көншітеді, ал құқықбұзушылықтар тіркелген жоқ», — деп пікір айтты Диана Рақпанова.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – Василий Васильев