Қостанай қаласындағы №3 мектеп-гиназияда орналасқан 33-ші референдум учаскесінің жұмысы туралы учаске төрағасы Светлана Ковлющенконы сұхбатқа тарттық.
– Светлана Анатольевна, №33 учаскенің қазіргі тыныс-тіршлігі, жұмыс барысы туралы айтып берсеңіз…
– Біздің жеті адамнан тұратын комиссия ҚР «Республикалық референдум туралы» заңының аясында жұмыс істеп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, олар дауыс берушілерге бюллетень таратып, азаматтарымыз лек-легімен келіп, таңдауларын жасауда. Бұдан бөлек, ауыспалы жәшігіміз бар. Түске дейін комиссияның екі мүшесі денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс беруге өтініш қалдырған барлық алты азаматтың үйін аралап келді. Бәрі тәртіпке сай, ешқандай ереже бұзушылықсыз жүріп жатыр. Жалпы, біздің учаскеге 2 мыңнан астам дауыс беруге құқылы адам тіркелген.

–Комиссиямен жанама жұмыс істеп жатқан Сервистік орталықтың міндетіне не кіреді?
– Бұл орталық ХҚКО өкілдерінен құрылған. Олар ешқай жерге тіркеуге тұрмаған азаматтарға көмектесіп, уақытша тіркеуге қойып, өзге адамдармен бірге құқығын түгендеп, дауыс беру мүмкіндігін иелену үшін жәрдем беру үстінде. Мамандар арнаулы бағдарлама арқылы азаматтардың тіркелген орны бар-жоғын, біздің тіркеуімізде тұрған-тұрмағанын анықтайды. Сондықтан біздің учаскеде тұрғындардың референдумға емін-еркін қатысуына барлық жағдай жасалған деп есептеймін.
–Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қандай жағдайлар жасалған?
– Биылғы референдумның ерекшелігі – ерекше қажеттілігі бар жандарға айрықша ден қойылғаны. Мәтіндік нұсқадан бөлек, бізде жаңа Конституция жобасының аудио жазбасы бар. Бұл — барлық азаматтың науқанға қатысуына тең мүмкіндік берілуі үшін жасалған қам. Арнайы бұрыш ұйымдастырылып, көру қабілеті төмен адамдар үшін брайль қарпі, зорайтқыш әйнектер, екі тілдегі дыбыс жазбалар көшірілген арнаулы компьютер, құлаққаптар қойылды. Одан бөлек стендтер, көректі ақпараттар ілдік. Оған егде жастағы кісілер көбірек назар аударып жатқанын байқадық. Бұның себебі — комиссия тарапынан ешқандай үгіт-насихат жасалмауы керек екенін білесіздер. Өзім осы іспетті саяси науқандарға көп жыл атсалысып жүрген адам болған соң барлығы ереже-талапқа сай дей аламын.

–Ендеше, тәжірибелі маман ретінде қостанайлықтардың биылғы белсенділігіне қандай баға бере аласыз?
– Учаскеміз ашылмай тұрып, бір шоғыр адам есік алдына жиналып тұр екен. Соны көріп тәнті болдық. Әрине, олардың басым бөлігі үлкен жастағы, өмір тәжірибесі мол кісілер. Біз оларды ғимарат ішіне шақырып, ыстық шай мен бауырсағымызды ұсынып, бойларын да, көңілдерін де жылыттық. Жалпы, дауыс беруге келген азаматтардың көңіл-күйін көтеру үшін таңынан бері шағын концерт ұйымдастырдық, үздіксіз әуен қосылып тұр, ықылас-ілтипатымызды көрсету үшін кіреберіске дастархан жайдық. Ешқандай ереже бұзушылық тіркелген жоқ. Арыз-шағыммен жүгінгендер де болмады. Азаматтар арагідік кеңесімізге ғана сүйеніп жатыр. Келушілер легі әлі толастамады. Бір қуантатыны – отбасы болып келтіндер көп. Кішкентай балаларын ертіп әкеп, естелік суретке түсіп, әулеттері үшін кішігірім тарих жасап жатыр. Балаларын жас шағынан азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеп, референдумға қатысудың маңызын ұғындырып жатқаны зор ғанибет. Өзім педагог болғандықтан, мұны ата-ананың өте өнегелі ісі деп есептеймін.
–Көптеген учаскеде ерекше көзге түскен дауыс берушілерге сый-сияпат тарту ету үрдісі белсенді жүріп жатыр. Сіздерде ше?
–Біз де бұл жағынан ешкімнен қалыс қалмадық. Биыл кәмелетке толып, алғаш рет дауыс беріп отырған төрт азаматымыз бар. Оларға брендтелген кәдесыйлар тарту еттік. Бүгін туған күнін атап өтіп жатқан бес адамға да учаске басында естелік сыйлықтар таратып, құттықтауымызды айттық. Оның сыртында, бірінші болып дауыс берген тұрғынды да ынталандыруды ұмытпадық.

–Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен – Жандос Жүсіпбек
