Юбилейный шағын ауданының тұрғындары үшін 863-ші учаске де белсенді жұмыс істеп жатыр.
Бұл учаске Абай атындағы орта мектеп ғимаратынан ашылған. Дауыс берушілерге 6 референдум комиссиясының мүшесі және 4 бақылаушы қызмет көрсету үстінде.
«Мұнда ұзын саны 1700-дей адам тіркеулі тұр. Түске дейін шамамен 800-ге жуық адам дауыс беріп үлгерді. Бұдан бөлек, денсаулық жағдайын байланысты өтініш толтырған төрт қарияның үйіне бюллетень апарылды», — дейді учаске төрағасы Ольга Горак.

Оның айтуынша, осы учаскеде биыл 18 жасқа толған төрт азамат тұңғыш рет таңдауларын жасаған. Олардың әрқайсысына сыйлық тарту етіліпті.

Ел тағдырына жауапты қарайтын қостанайлықтардың қай-қайсысы да ой-пікір бөлісуге пейіл танытты. Мәселен, жас та болса, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқытушысы болып қызмет ететін Аягөз Махатова саяси науқанға әсіресе жастар көбірек қатысуы керек екенін айтады.

«Конституциямыздағы тың өзгерістер елдің ертеңгі игілігі үшін жасалып отыр. Онымен халқымыз, соның ішінде жастарымыз жігі танысуы керек. Танысып қана қоймай, өз үнін қосуы қажет. Біз академияда жаңа Ата заң жобасын курсанттармен ұдайы талдап-талқылап, кеңінен насихат еттік. Өйткені бұл құқық қорғаушылардың ең басты темірқазығы на айналатын құжат. Міне, бүгін көппен бірге азаматтық ұстанымымды көрсетуге келіп отырмын», — деді Аягөз.
Ж.Балғынбекұлы
