Бүгін Жангелдин ауданына қарасты Ақшығанақ ауылындағы №298 референдум учаскесінде алғаш рет таңдау жасаған ең жас дауыс беруші Нұрқанат Мұңлыхан арнайы сыйлықпен марапатталды. Бұл сәтті ауыл тұрғындары мен учаске комиссиясының мүшелері үшін ерекше оқиға деп қабылдады.Учаскелік комиссия өкілінің айтуынша, Нұрқанат Мұңлыхан – биыл кәмелет жасына толып, азаматтық құқығын алғаш рет пайдаланып отырған жастардың бірі. Оның белсенді азаматтық ұстанымы атап өтіліп, естелік ретінде құлаққап сыйға тартылды.
Комиссия мүшелері мұндай бастамалар жастарды ел тағдырына бейжай қарамай, маңызды қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысуға ынталандыратынын атап өтті. Сонымен қатар, бұл – жас буынның жауапкершілігін арттырып, азаматтық сананы қалыптастыруға бағытталған игі дәстүрдің бір көрінісі.
Алғаш рет дауыс берген Нұрқанат Мұңлыхан бұл күннің өзі үшін ерекше екенін жеткізді.
– Бүгін өмірімде алғаш рет дауыс беріп отырмын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Әр азамат еліміздің болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Айта кетейік, бүгінгі референдумда ел азаматтары маңызды мәселелер бойынша өз таңдауларын жасап, ел болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысуда. Жангелдин ауданының барлық учаскелерінде дауыс беру процесі заң талаптарына сай ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенділігі байқалуда.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Жангелдин ауданы
