Өңір басшысы Қостанай ауданы Тобыл қаласына жұмыс сапарымен барып, екі бірдей инвестициялық жобаның жүзеге асу жоспарымен танысты.
Осыдан екі жыл бұрын Тобыл қаласы аумағында «Қостанай бекіресі» ЖШС елдің солтүстік аймағында баламасы жоқ бекіре фермасын ашқан еді. Бүгінде өндіріс орны өрістеп, өнімдері облыс нарығын қамти бастады. Енді серіктестік балық шаруашылығын кеңіте түсуді көздеп отыр. 



Атап айтқанда, форель балығын өсіретін ферма, өнімді қайта өңдейтін цех және тоңазытқыш қоймасының құрылысын бастамақ. Жоба құны – 978 млн теңге. Жылына 50 тонна бақтақ өсіретін қуатқа ие болмақ. Сондай-ақ өсімдікпен қоректенуші балық түрлерінің 2 млн-ға жуық шабағын өсіру көзделеді.
«Бұл жобаның көздегені – заманауи балық шаруашылығы және қайта өңдеу кешенін құру. Толық қуатына көшкенде мұнда тәулігіне 1 тонна өнім өңделеді. Жалпы, біз бекіре өндірісін жолға қойып, осы салада әжептәуір тәжірибе жинақтадық. Енді шаруашылықты кеңейту үшін осы форель өсіруге ден қоймақпыз. Әрине, бұл балық тұқымының бабы бекіренікінен қиынырақ. Бірақ біз қажетті құрылғыларға қол жеткізу арқылы мұны да алға бастырып әкете аламыз. Өнімдеріміз облыс және Қазақстан нарығын қамтиды. Ал мұздату қоймасының сыйымдылығы 500 тоннаға дейін болады.», – дейді «Қостанай бекіресі» ЖШС директоры Валентин Ищенко.
Оның мәліметінше, ферма құрылысы 2028 жылы аяқталады. Өндіріс орнында он жаңа жұмыс орны құрылады деген жоспар бар. Облыс басшысы бұның өңірімізде балық шаруашылығын дамытуға серпін беретін маңызды жоба екенін айтты.
«Бұл серіктестік 2024 жылы бекіре өсіру жобасын сәтті жүзеге асырды. Бүгінде ферманың солтүстік аймақта теңдесі жоқ. Былтыр 15 тонна бекіре өндіріп, өңір халқының осы балыққа сұранысын 35% өтеді. Биыл осы көрсеткішті 25 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Ал енді шаруашылықты кеңейтіп, форель өсіруді қолға алмақ. Жобаны іске қосу азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, жергілікті сапалы өнім түрлерін көбейтуге және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ облыстың салық түсімдерін арттыруға зор мүмкіндік. Сондай-ақ АӨК әртараптандырудың, өңір экономикасының жаңа бағыттарын дамытудың айқын көрінісі. Серіктестік басшысының бастамаларына разылығымызды білдіреміз әрі қолдауға қашан да дайынбыз», – деді Құмар Ақсақалов.


Өңір басшысы арнайы барған екінші нысан да елеулі. «Халык Агро КСТ» ЖШС Заречный кентінде сыйымдылығы 5200 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын салып жатыр. Серіктестіктің бұл жобасына 1,2 млрд теңге жұмсалады. Оның 300 млн теңгесі ЖШС-нің өз қаржысы болса, қалған 900 млн теңгемен «Тобыл» ӘКК қаржыландырады.
«Қазіргі жағдай туралы айтар болсақ, көкөніс сақтау қоймасын салу үшін жер учаскесі берілді. Нысан құрылысын жүргізу туралы «StroyServise» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Ал құрылғы-жабдықты «Ару заманы» ЖШС арқылы сатып алу жоспарланып отыр. Қойма ашылғаннан кейін 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», – дейді «Халык Агро КСТ» ЖШС басшысы Бакир Бекиров.
Облыс әкімі АӨК саласында 15 жылдық тәжірибесі бар серіктестіктің бұл инвестжобасын аса қажетті нысанға балады.
«Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың заманауи инфрақұрылымын құру қажеттілігін бірнеше рет айтты. Онсыз бағаның тұрақтылығын және халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. Былтыр облысты 91 мың тонна картоп пен көкөніс жиналды. Егер дұрыс сақталса, бұл келесі жиын-терімге дейін облыс халқын қамсыздандыруға жетеді. Қазір облыста бар қоймалардың жалпы сыйымдылығы – 87 мың тонна. Соның 46,5 мың тоннасы ғана климат-бақылау құрылғысымен жабдықталған. Демек, заманауи қойма санын көбейту керек. Сонда ғана «өндіріс – сақтау – нарыққа шығару» жүйесін тұрақтандыруға маңызды қадам жасалмақ. Салынғалы отырған мына көкөніс қоймасы соның жарқын бір мысалы», – деді Құмар Ақсақалов.
Айта кету керек, Бакир Бекиров өз қаржысына сыйымдылығы 1,2 мың тонналық жеміс-жидек қоймасын салмақ. Ол тоңазытқыш жүйемен қамтылады. Сондай-ақ өнімді өңдеу, жуу және брендтеу цехы бой көтереді. Ол күн сайын 20 тонна өнімді қайта өңдеуге қауқарлы болады. Мұның сыртында аумағы 500 шаршы метрлік әлеуметтік қойма құрылысын бастайды. Бұдан бөлек, қойма маңынан ірі дүкен салуды жоспарлап отыр. Онда шаруашылықтың өз өнімі арзандатылған бағамен сатылады.

Толығырақ – газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
