Кітап оқуға қостанайлық оқырманның ынтасы артты

Кітап оқуға қостанайлық оқырманның ынтасы артты

«Кітап оқитын ұлт» жобасы Қостанай облысында өткен жылдың қыркүйек айында ресми түрде өз жұмысын бастады.

Өңіріміздегі бастаманың алғашқы қадамдарынан-ақ, халықтың тарапынан өте жоғары қызығушылықты байқалғаны белгілі.

Жоба нәтижесінде бүгінгі таңда ресми сайтқа тіркелген оқырмандардың саны 50 300-ден асып жығылған.

«Бұл тек құрғақ сан емес, себебі оқырмандар тарапынан жазылған сапалы пікірлер мен рецензиялардың саны 200 мыңнан асты, бұл халықтың кітапқа деген шынайы қызығушылығын көрсетеді. Мұндай жоғары көрсеткіштер біздің өңірде кітап оқу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін және жобаның қоғамда үлкен сұранысқа ие екенін дәлелдейді. Сандармен қатар, сапалық өзгерістер де қуантады. Әлеуметтік желілерде кітап туралы мыңдаған видео-рецензиялар жарияланып, әр бағыт бойынша нағыз зияткерлік бәсеке қалыптасты. Бұл жетістіктер біздің алты бағытымыздың да үйлесімді жұмыс істеп жатқанының және облыс халқының рухани дамуға деген ұмтылысының айқын айғағы», – дейді «Кітап оқитын ұлт» жобасының Қостанай облысы бойынша фронт-кеңсе жетекшісі Надежда Сражатова.

Аталған жобаға белсенді қатысушылардың да қатары артқанын тілге тиек еткен абзал. Бекітілген алты бағыт бойынша оқырман саны жоғары. Солардың бірі №19 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Фироза Казмаганбет. Оның айтуынша, ұлтымызда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда аталған бағдарлама жақсы әсер еткен. Дегенменде, оқырманның ұсынар өзіндік ойы да бар.

blank

«Жалпы осы жобаға педагог ретінде қатысқалы жатырмын. Барлық кітапты оқыдым деп айта алмаймын. Алайда, таңдалған кітаптар өте жақсы сұрыпталған. Оның ішінде, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» шығармасы бір адамның үш кезеңде үш түрлі қиындықты еңсеріп өткен жігерлілігін, елдің басынан өткен зобалаң, жай ғана ұрандатылған саясаттың кемшілігін әшкерелейді. «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы өз ісіңе адалдық пен саған артылған міндетті абыроймен атқаруға шақыратын мінсіз тұлғаның бейнесіне негізделген туынды. Айта берсек көп. Тек алдағы жылдары осындай жобада мотивациялық кітаптардан гөрі көркем әдебиеттен көбірек таңдалса деген ұсынысым бар. Жалпы өз басым кітап оқығанды ұнатамын, тек кітаптардың талғап оқимын. Тілі жеңіл әрі құндылыққа толы кітапты қашанда сұраныста деп білемін», – дейді Фироза Казмаганбет.

 

Тимур ШАГИРОВ,

ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті