Конституциялық реформа – ел өмірінің нақты ережелерін жаңарту. Бұл – экономика қалай жұмыс істейді, бизнес қалай дамиды, ең бастысы – ауыл мен жердің болашағы қалай қалыптасады деген сұрақтарға берілетін нақты жауап.
«Ауыл» партиясы үшін ауыл мүддесі – әрдайым басты орында. Ал ауыл үшін бұл реформаның мәні айқын. Өйткені жер, су, инфрақұрылым, субсидия, меншік құқығы мен тұрақтылық – барлығы осы ережелерге тікелей байланысты.
Біріншіден, ең басты құндылық – жер.
Жаңа Конституция жобасында жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деп нақты бекітіледі:
– ауыл шаруашылығы жерінің ұлттық байлық ретінде сақталуын;
– жермен нақты жұмыс істеп отырған азаматтардың мүддесін қорғауды;
– жерді әділетсіз қайта бөлу мен теріс пайдалануға жол бермеуді білдіреді.
Бұл – ауыл еңбеккерлері үшін ертеңгі күнге деген сенім, ұзақ мерзімді жоспарлау мүмкіндігі.
Екіншіден, агробизнеске арналған әділ әрі түсінікті ережелер қалыптасады.
Конституциялық реформа заң үстемдігін күшейтеді: баршаға ортақ, бірдей талаптар, әкімшілік қысымды азайту, заңсыз тексерулер мен шешімдерден қорғау.
Аграрлық салада әр маусым – тәуекел мен жауапкершілік. Сондықтан әділ ереже – тұрақты дамудың негізі.
Үшіншіден, күшейтілген Парламенттің рөлінің артуы:
– аймақтық мәселелерге көбірек көңіл бөлуді;
– ауылдық аумақтардың ерекшелігін ескеруді;
– АӨК-ті қолдауға қатысты шешімдердің сапалы болуын қамтамасыз етеді.
Ауыл басқару объектісі емес, шешім қабылдаудың толыққанды қатысушысы болуы тиіс.
Төртіншіден, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі артады.
Ресурстарды әділ бөлу, қолдау бағдарламаларының ашықтығы, ірі және шағын шаруашылықтарға тең жағдай жасау – бұл фермер мен шаруа қожалығы үшін аса маңызды.
Сондықтан Жаңа Конституцияның қабылдануы ең алдымен — баршамыз еңбек етіп жүрген туған жер, адал ережелер, ауылдың ертеңі, балаларымыздың болашағы.
Нұркелген Өтеулин,
«Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы
