Биыл облыста 5 млн гектардан аса аумаққа дән сіңіріледі. Соның 4 млн гектардан астамын дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары құрамақ. Ол туралы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов облыс әкімдігінің отырысында айтты.

Басқарма басшысы егіс алаңдарының құрылымы Жол картасына сәйкес орындалып, барлық дақылдар өнімі өткен жылғыдан кем болмайтынын жеткізді.

«Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар төрт млн гектардан аса алқапқа себіледі. Оның ішінде бидай алқабы үш млн гектардан асады. Майлы дақылдар 887 мың гектарға егіледі. Әлеуметтік маңызы бар дақылдар да назардан тыс қалған жоқ: қарақұмық он жеті мың гектар, картоп – жеті жарым мың гектар, көкөніс – бес жүз гектардан көп. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынымына сәйкес, жүгеріні дәнге он бес мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Мал азығы дақылдарының алқабы 559 мың гектар, оның ішінде біржылдық шөптер 107 мың гектарға егілмек», – деді басқарма басшысы.

Егіс жұмыстарының сапалы өтуі күзгі дайындықтың нәтижесіне тікелей байланысты. Биыл 801,3 мың гектар сүрі жер дайындалған. Күзгі топырақ өңдеу жұмыстары да қоса атқарылған. Қар тоқтату ісі де біршама мың гектарда жүргізілген. Жоспардың басым бөлігі қамтылған.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
