Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Тәуелсіздіктің 35 жылдығына жариялаған «Рамазан сыйы» атты акциясынан Лисаковтың «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті де қалыс қалған жоқ. Жергілікті бірқатар шаңыраққа қол ұшын берді.
Қала мешітінің бас имамы Әкімбек қажы мешітке келген мұқтаж жандарға насихат айтып, қасиетті Рамазан айының мейірім мен өзара көмекке негізделген ай екенін атап өтті.

«Қостанай облысына, оның ішінде Лисаков қаласы «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде де аз қамтылған, көп балалы, мұқтаж отбасыларына азық-түлік тарату қайырымдылық ісі ұйымдастырылып жатыр. «Рамазан» айы ол қайырымдылық айы. Бұл айда бір-бірімізге жақсы қарайласуымыз керек. Мұқтаж отбастарына барынша көмек көрсетіп, бұл айда сыйлықтар жасауымыз қажет», – дейді, Лисаков қалалық мешітінің бас имамы Әкімбек қажы Асанов.
«Рамазан сыйы» қайырымдылық жобасы аясында қала бойынша 10 отбасы қамтылды.

Азық-түлік себеттерінің ішіне ең қажетті тұтыну тауарлары жинақталған: ол – ұн, май, күріш, шай, жарма, сүт, жұмыртқа. Өз кезегінде көмек алған қала тұрғындары, осындай игі істі ұйымдастырып, жәрдем берген мешіт ұжымына алғыстарын білдірді.

«Ораза айында мешіт ұжымы отбастарына қайырымдылық жәрдем жасап жатыр, ол кісілерге Алла разы болсын. Бұл да жағдайлары келіспей тұрған отбастарына Алла Тағаланың берген көмегі. Қашанда ауызбіршілік болсын. Ұстан оразаларын қабыл етіп, Жаратқан Ием сауаптан жазсын», – деп алғысын білдірді қала тұрғыны Қанзилә Есенаманова.
Қала мешітінің бас имамы демеушілік жасап, қайырымдылыққа үлес қосқан барша азаматтарға да алғысын жеткізді.
Айтулы датаны осындай игі іспен айшықтаған мешіт ұжымы, мұндай қайырымдылық акциялары қасиетті Рамазан айының соңына дейін жалғасатындығын, атап өтті.
«Әр жұма күні осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта балаларға «Рамазан тәттісі» қорабымен тәттілер тарататын боламыз. Қадір түнінде де бірқатар отбастарына қайырымдылық жасалады. Мұның сыртында, 50-ден астам баланы қамқорлығына алған Рустам Шукуров деген отағасының үйіне барып қайырымдылық көмегімізді беру ойымызда бар», — деді бас имам.
Айта кетейік, жергілікті мешіт ұжымы көптеген рухани, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде мұқтаж жандарға жәрдемдесу, қолдау көрсету – басты бағыттарының бірі.
Әлия Тұрманова
