35 жыл бұрын Қостанай қаласында облыстық телеарнаның ашылуы осы өңірдегі медиа саласының дамуына тың леп әкелді. Жаңа ұжымға білікті мамандар шақырылды. Сол кезеңнің тыныс-тіршілігі, атқарылған игілікті істер туралы жуырда ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Айбатыр Сейтақпен сұхбаттасқан едік. Ол – Қостанай облыстық телерадиокомитетінің арнайы шақыруымен келген алғашқы журналистердің бірі. Бүгінде Астана қаласында тұрады. ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет етеді.
– Айбатыр Самиғоллаұлы, Қостанайға неше жасыңызда келдіңіз? Отбасыңыз болды ма? Жұмыс орнын ауыстыруыңыздың себебі не?
– 1989 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы (қазір Махамбет Өтемісұлы атындағы университет) педагогика институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолымды бастағаныма екі жыл болған еді. Облыстық радионың редакторымын. Отбасым бар, қызымыз дүниеге келді. Оралда үй мәселесі өте қиын. Өзім оқыған институттың бірнеше жатақханасында тұрып шықтық. Үйдің жалпы кезегіне тіркеліп қойдық. Біраз жыл қызмет істеп жүрген ағалардың 10 жылдан кейін бес қабатты үйдің бірінші не соңғы қабатынан әреңдеп пәтер алғанын естіп жүрміз.
Бір күні «Қостанайда облыстық телеарна ашылыпты, журналистер керек екен, пәтермен қамтамасыз етеді» деген құлаққағысқа елең ете қалдық. Бірден тұра жүгіргіміз келді. Менен бес жас үлкен Ескендір Ертаев есімді журналист екеуміз радиода бірге істейміз. Ол Алматыдан журналистика факультетін бітіріп, арнайы жолдамамен келген екен. Бес жыл өтсе де, әлі пәтер ала алмай жүрді, отбасымен жатақханада тұрды. Ұжымдағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Назар есімді аға: «Сіздер Қостанайға хабарласып, олардан кепілхат алыңыздар. Әйтпесе, үй-күйсіз далада қаласыздар», – деп кеңес берді. Содан телефон соғып, өтінішімізді жеткіздік. Қостанай облыстық телерадиокомитеттің басшылығы журналистер керек екенін айтып, хат жіберетінін мәлімдеді. Көп ұзамай әріптесім Е.Ертаев екеуміздің атымызға «жұмыспен және пәтермен қамтамасыз етеміз» деген хат келді. Облыстық радионың белсенді журналистері едік. Өңірлерге жиі-жиі іссапарға барып, үлкен хабарлармен эфирді жауып жүргенбіз. Әбден Қостанайға кеткелі тұрғанымызда бізді жібергісі келмеді. Облыстық телерадиокомитеттің төрағасы қабылдап: «Солай шешсеңіздер, барыңдар. Бірақ үй аласыңдар ма, жоқ па, кім білген», – деп өрекпіп тұрған көңілімізді су сепкендей басып тастады. Қостанайға көшіп келуіміздің басты себебі – қызмет істеу, сол арқылы пәтерге қол жеткізу. Тәуекел деп 1991 жылы 5 мамыр күні Қостанайға ұшып келдік. Отбасымыз Оралда қалды.
– Облыстық телеарнаның тұңғыш басшысы кім болды? Қандай әсерлі сәттер есіңізде ерекше сақталды?
– Қостанай облыстық телерадиокомитетінің (ол кезде солай аталды) алғашқы төрағасы Б.Ж.Нұрмұхамедов өз кабинетінде қуана қарсы алғаны әлі күнге дейін есімізде. Бақытжан Жаппасбайұлы ұзын бойлы, ақ жарқын мінезді керемет адам еді. Өзі тәжірибелі журналист. Мұнда басқа өңірдегідей тұратын жерімізді өзіміз іздеп әуре болмайды екенбіз. Комитет төрағасы Қостанай қаласындағы құрылыс колледжінің директорына телефон шалып: «Екі журналисіміздің үш-төрт ай тұруы үшін жатақханадан бір бөлме бере тұрсаңыз», – деп өтініш айтты. Оқу орнының басшысы сөзге келген жоқ, «бірден келсін» деді. Жақсы орналастық. Күзде отбасымызды көшіріп алып келгенімізде, Б.Жаппасбайұлы енді Қостанай индустриялық техникумының директорына телефон соғып, бізге екі бөлме алып берді. Сол техникумның жатақханасында пәтер алғанша отбасылы студенттер тұратын үшінші қабатта тұрдық. Айтайын дегенім, алаңсыз жұмыс істеуімізге барлық жағдай жасалды. Бүгінде дүниеден озған Бақытжан Нұрмұхамедовтің рухы разы болсын, ұрпағы аман болсын. Сол кісінің жақсылығын көп көрдік.

Қостанай облыстық телеарнасын ашу ісі сол кездегі Қазақстанның Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың шешімімен жүзеге асқан. Жаңа ұжымның қалыптасып, аяғынан тік тұрып кетуіне өңір басшылары Кенжебек Үкиннің, Балташ Тұрсынбаевтың, Тоқтарбай Қадамбаевтың және көп жыл облыста әлеуметтік сала бойынша әкімнің орынбасары болған Бағила Баймағамбетованың сіңірген еңбегі өте мол.
– Ерекше ықыласпен атап өтетін әріптестеріңіз көп шығар?
– Келген күннен бастап облыстық телеарнаның редакторлары ретінде жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Бірінші бас редакторымыз Әуесхан Мадин деген азамат болды. Біз келгенше жалғыз өзі істеген екен. Ол да қуана қарсы алып, үйіне арнайы шақырып, қонақ қылды. Қазақ редакциясында үшеуміз болдық. Күн сайынғы жаңалықтарды да, үлкен хабарларды да дайындадық. 1991 жылдың жазында бізге ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлектері Арай Сахариева мен Гүлбаршын Сұлтанова келіп қосылды. Режиссер болып Жезқазғаннан Марфуға Атуллина, Семейден Роза Сыздықова келді. Ақмола телеарнасынан тәжірибесі мол оператор Николай Маклаков келді. Сондай-ақ Есен Тайшықов, Талғат Қожабай, Манарбек Есенжолов, Рахмет Әзбергенов есімді операторлар қажырлы қызмет жасады. Сол кезеңде журналист Қайрат Мұқатов, диктор Ләззат Жиенбаева, дыбыс режиссерлері Айтжамал Жақсыбаева мен Бақытжамал Құсайынова, Тұрсын Даненова және басқа да әріптестеріміз ерекше ынтамен еңбек етті.
1992 жылы белгілі ақын, тәжірибелі журналист Нағашыбай Мұқатов Қазақ редакциясының бас редакторы болып тағайындалды. Орыс редакциясын танымал тележурналист Гүлжібек Бекмұхамедова басқарды. Жаңалықтар қызметіне Алма Жүсіпова жетекшілік етті.
1991-92 жылдары Қостанай облыстық әкімдігінің қолдауымен жан-жақтан келген телеарна қызметкерлеріне 7-ші және 8-ші шағын аудандарда бой көтерген үйлерден су жаңа 15 пәтер берілді. Өзім 1992 жылы маусым айында үш бөлмелі пәтерге ие болдым. Қуанышымызда шек болған жоқ! Жаңа пәтердің кілті берілген күні Нағашыбай аға мен Рәзия жеңгей үйіне шақырып, жаңа қонысымызды атап өттік. Кейін үйдің құжаттары реттелген соң, техникум басшылығына рақмет айтып, жаңа пәтерімізге көшіп келдік.
– Телеэфирдің алғашқы қарлығаштары қандай жағдайда еңбек етті? Өңіріміз үшін хабар тарату мүлде жаңа ақпарат құралы болғаны белгілі, сол кездегі ынта-жігер қандай еді?
– Телекамераның тапшылығы болды. Бастапқыда студия болған жоқ. Ауылға барып не қалада бейнематериалдар түсіріп әкелеміз де, оны монтаждау жұмыстарын шетелдік көлікке орнатылған «Жылжымалы телевизиялық станцияда» жүргіздік. Еліміздің әр өңірінен келген білікті мамандар да, облыстық телеарна мен радионың байырғы қызметкерлері де нарық заманының қиындықтарына қарамай, алға деген үлкен сеніммен еңбек етті. Шығармашылық ұжымның ынтымағы берік болды. Телеарнаның ашылуы Қостанай өңіріне үлкен серпіліс әкелді.
– Қостанайдың өзге қалалардан қандай айырмашылығын байқадыңыз?
– Бір жайтты айта кетейін. Мысалы, 1970-80 жылдары қалаларда жайсыз әрекеттер болатын. Күн қауысқан шақта не түнде бірнеше жігіт топталып жүріп, көшеде жалғыз-жарым келе жатқан адамды ұрып-соғып, ақша талап етуі, тіпті ауыр жарақаттап кетуі әдетке айналған еді. Ал Қостанайда соның бірін де көрген жоқпыз. Ұлтқа, жік-жікке бөлінбейді екен. Көшеде қазақтар да, басқа ұлттар да бірге жүреді.
Қала көшелерінің тазалығына, еңселі ғимараттар мен тұрғын үйлердің сапалы салынғанына, тұрғындарының мәдениеттілігіне тәнті болдық. Спортпен айналысатын адамдардың көп екені байқалды.
Қостанай жұртшылығы бізді жақсы қабыл алды. «Қайдан және неге келдіңдер?» деген мәдениетсіз сөзді естімедік. Ел-жұртпен бірге жүрдік, сыйласып қызмет еттік. Ол қалаға келгенше таныс-біліс бірде-бір адам болған жоқ. Алты жылдан кейін жақсы араласқан әріптестеріміз, достарымыз көп болды. Әлі күнге дейін байланысымызды үзген жоқпыз. Қостанайға ара-тұра барып тұрамыз. 1991 жылы Қостанайда ұлым өмірге келді, 2018 жылы немерем де сол қалада дүние есігін ашты.
– Бейтаныс қалада қалай орнықтыңыз? 1990 жылдар өзгерістер кезеңі басталған уақыт еді, қиындықтарды қалай еңсердіңіз?
– 1994-95 жылдары елімізде қаржы дағдарысы белең алды. Зауыт, фабрикалар тоқтап қалды. Еңбекақы уақытылы төленбеді, ал зейнетақы бір жылға дейін кешіктіріліп жатты. Халқымыз үлкен қиындықтарға тап болды. Сол кезеңді біз де бастан өткердік. Жалақымыз 5-7 мың теңге. Тіпті балалардың жәрдемақысы да төленбеді. Отбасының әр мүшесіне шаққанда 1500 теңгеден келсе, табыс көзі жеткілікті деп есептелді. 1995 жылы 6 ай жалақысыз жұмыс істедік. «Өмір жолының бәрі бірдей тегіс болмайды» дегендей, түрлі келеңсіздіктер де орын алған еді…
– Еңбек жолыңыздағы ұмытылмас сәттер сізге қаншалықты қымбат? Ол кезең сізге не үйретті? Қостанай өңірі жадыңызда ерекше сақталған болар?
– Әрине. Қостанайды туып-өскен өңірімнен кем көрмеймін. Жетістіктеріне қуанып отырамын. Әртүрлі мамандық иелері болса да, іссапарда, жұмыс барысында танысып, достасып кеткен замандастарым аз емес. Ақылбек Шаяхмет, Гүлжібек Бекмұхамедова, Жұмағали Арғынбаев, Оразалы Жақсанов және басқа белгілі қаламгерлермен тығыз байланыстамын, сыйластықпен араласып тұрамын.
Қазір кейбір азаматтар өзі бұрын білмейтін басқа бір өңірге басшы болып тағайындалады. Жақсылығын көріп, үш-төрт жыл қызмет жасап, мұрты майланған кезде тағы бір жаққа ауысып кетеді. Бұл жақсы үрдіс емес. Қай адам да барған өңіріне аянбай еңбек сіңіруі тиіс деп ойлаймын!
Ал өзім Қостанайда алты жыл тұрып, телекомпанияда қатардағы журналист болып қызмет атқарғанымды әрдайым мақтанышпен айтамын. Іссапарға жиі шығып, облыстың барлық аудандары мен көптеген ауылдарына барып, телехабарлар жасап, эфирге шығардық. Шауып жүріп еңбек еттік. Мен өз атымды шығаруға немесе баю үшін барған жоқпын. Аз да болса, пайдамды тигізіп, Қостанай өңірінің әлеуметтік, мәдени-рухани байлығын еселей түсуге үлесімді қосқан болсам, мақсатымның орындалғаны деп білемін.

25 жасымда Қостанайға келіп едім. Өмірлік тәжірибем толыға түсті. Қостанайдан тек пәтер емес, мол тағылым ала білдім. Арқа жеріне аттанып бара жатқанда Қостанайға арнап:
«Бақ қону байланысты қоныстан да,
Деп жүріп Тәңірі өзі болысқанда.
Келіп ем Қостанайға жиырма бесте –
Бойда күш, ойда жырым толысқанда», – деп жазып едім. Ал екінші өлеңімде бұл өлкеден небір батыр, ғалым, ақындар шыққанын айта келіп:
«Самалдан сырлы саз ұғам,
Ертеңге бастар ел көші.
Қостанай – қымбат қазынам,
Қазақтың сұлу өлкесі.
Түрлентсе тасты қынасы,
Оймақтай жырда ой тұнар!
Өлкеңнің асыл мұрасы –
Бойыма жиған бойтұмар!
Толғанып таудай тұрса ми,
Кеудемде менің мол ағын!
Тобылда туса жыр-сәби,
Обағаныңа орадым!» — деп жүрекжарды ойымды жеткізіп едім…
– Арқа өңіріне қашан қоныс аудардыңыз?
– 1997 жылы мамыр айында «Сарыарқа» журналының бас редакторы, қоғам қайраткері, ақын, журналист Нұрғожа Ораздың шақыруымен сол кездегі Ақмола (қазіргі Астана) қаласына көшіп келдім. Аталған журналдың бас редакторының орынбасары болдым. Сондай-ақ «Жас Алаш» газетінің Астана қаласындағы алғашқы меншікті тілшісі, «Қазақ ақпарат» агенттігінің тілшісі қызметтерін атқардым.
2000 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. 2000-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметі мен Редакциялау және аударма бөлімінде еңбек еттім. Ел қатарлы ғұмыр кешіп жатырмын. Екі жыр жинағым жарық көрді.
– Қостанай жұртына және облыстық телеарнаның ұжымына айтар тілегіңіз?
– Айтулы азаматтарымен аты шыққан, бағалы кен байлығымен және алтын астығымен еліміздің дәулетін асырған Қостанай өңірі ынтымақ пен құт-берекенің мекені бола бергей. Биыл іргетасы қалағанына 35 жыл толған «Қостанай» телекомпаниясындағы әріптестеріме кәсіби шеберліктері арта берсін дегім келеді. Өз пікірімді білдіруіме мүмкіндік жасаған «Қостанай таңы» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.
– «Қостанай» телеарнасының алғашқы қадамдары туралы әңгімелеп бергеніңізге рахмет. Арман-мақсаттарыңыз орындала берсін!
Әңгімелескен – Аслан ҚАНҒОЖИН
