Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді көздеген қоғамдық бастама тіл жанашырларын біріктіретін рухани алаңға айналып отыр.
Таяуда ашылған клуб мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдірушілерге бағыт беруді көздейді. Оның негізін қалаған – Қарасу аудандық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Бекзат Әбдіқан.

Жас жігіт Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының түлегі. Педагогика және филология мамандығы бойынша жоғары білім алған. «Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен оқыған қызылордалық азамат бүгінде Қарасу өлкесінде еңбек етуде.

«Қарасу ауданында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және өзге этнос өкілдерін қазақша еркін сөйлесуге ынталандыру, тіл арқылы қоғамда бірлік пен өзара түсіністікті нығайту мақсатында арнайы клуб ашуға бел байладық», – деді бастаманың авторы Бекзат Әділқанұлы.

«Шапағат» клубы екі бағыт бойынша: басқарушы және атқарушы топ болып жұмыс істейді. Басқарушы топқа аудан басшылары, қазақ тілінің жанашырлары жұмылдырылған. Ол жерде барлығы 15-17 адамның көлемінде. Атқарушы топта он шақты адам бар. Клуб құрылымындағы басқарушы топ жалпы бағытты айқындап, жоспарды бекітсе, атқарушы топ сол жоспарды нақты іске асыратын негізгі күш болып есептеледі. Басқарушы топтың негізгі рөлі – клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, бағыт беру және атқарылатын жұмыстарға қолдау көрсету. Ал атқарушы топ – клуб жұмысының қозғаушы күші. Олар жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырып, тілдік ортаны қалыптастыруда белсенді қызмет атқарады.

Клуб жұмысы тек іс-шара өткізумен шектелмейді. Ол жерде мемлекеттік тілді үйренушілерге жан-жақты қолдау жасалады, қоғамдық ортада қазақша сөйлеуге баулиды. Мемлекеттік тілді меңгеруге ынталы адамдар үшін таптырмас бастама. Қазақша үйренемін десеңіз «Шапағат» клубына тіркеліңіз.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суретті жолдаған – Бекзат Әбдіқан.
Қарасу ауданы
