Қаладағы әмбебап кітапханада «Тарих төрінен сөйлеген үш алып» атты кітап көрмесі салтанатты түрде кермесін қиды.
Тағылымды іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов бастаған бірқатарзиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Көрмеде қазақ халқының ел болуы жолында аянбай тер төккен, ұлт руханиятының асқақ тұлғаларының өмірі мен қызметі жайында баяндайтын кітаптар мен қаламдарынан туындаған мұралары қойылған. Көрме: «Білім шамшырағы – Ыбырай Алтынсарин», «Дала жырының дүлділі – Жамбыл Жабаев», «Әлихан Бөкейхан мұрасы – ұрпаққа аманат» атты үш бөлімнен тұрады.

«Қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірі мен өшпес мұрасына арналған бөлімде ұлт болашағын біліммен нұрландыруды мақсат еткен ұлы ұстаздың рухани әлеміне терең бойлауға болады. Жас ұрпақты имандылыққа, еңбекқорлыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін әйгілі «Кел, балалар, оқылық», «Таза бұлақ», «Бір уыс мақта» сынды тағылымы мол шығармалары қойылған. Сондай –ақ, жерлесіміз, ақын, аудармашы, ғалым Серікбай Оспанұлының ұлы ағартушының шығармашылық жолы мен ғибратты ғұмырын кеңінен қамтыған «Ұлы ұстаз ұлағаты», «Сөнбес шырақ» атты еңбектері де көрмеміздің мазмұнын арттыра түседі», – дейді кешті жүргізуші кітапхана қызметкері, ақын Еркінғазы Айтбаев.
Тарих беттерінде өшпестей із қалдырған ұлы тұлғаларға ең жақсы тарту оны жас ұрпақтың түсіне алуында десек, кітапхана ұжымы да осынау абыройлы іске лайықты атсалысып, айтарлықтай үлес қосуды өздеріне ардақты міндет санайды.
«Түркі әлемінде біздің тұлғаларымыз ертеден зерттеліп болған. Аға ұрпақ алыптарымыздың еңбектері зерттеліп, қатталып тұр. Қазақ халқы өзінің білімі, ғылымы, мәдениеті, өнері жағынан өзге халықтардан артық болмаса кем болған жоқ. Сондықтан, осы түркі әлемінің орталығы Қазақстанды, яғни қазақ халқының білімін, ғылымын шетте жатқан басқа бауырлас жұрттар оқыды, үйренді оны өз кәдесіне, пайдасына жаратты. Біз осы жағынан алғанда өте бақытты халықпыз. Бізде ештеңе жоқ деп айтуға әсте болмайды», – дейді тарихшы, педагогика ғылымдарының магистрі, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Баубек Елеуісов.

Кешті кітапхана басшысы Сәуле Алматова қорытындылап, белсенді атсалысқандарға Алғыс хат табыстап, әдебиет сүйер қауымды сәулелі жарық жолға бірге ұмтылуға шақырды. Кітап көрмесі оқырмандарына жыл бойы қызмет көрсететін болады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
