Әлеуметтік акция Қарасуда жалғасын тапты

Әлеуметтік акция Қарасуда жалғасын тапты

Мүгедектігі бар адамдарға арналған «Мүмкіндік» әлеуметтік-құқықтық акцияға прокуратура органдары, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ жекеменшік ұйымдар мен кәсіпорындар өкілдері қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды.

Барлығы 11 жұмыс беруші өзекті жұмыс орындары туралы көпшілікті құлағдар етті. Әлеуметтік-құқықтық акцияға мүгедектігі бар 48 адам келіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысты. Маңызды іс-шараның өтуіне ұйытқы болған аудандық Мансап орталығының басшысы Людмила Руденконың айтуынша, Қарасуда жұмыс іздеушілерді қолдауға арналған жәрмеңкелер жиі болып тұратын көрінеді. Осы жолғы акцияда мүгедектігі бар азаматтарға басымдық беріліпті. Олардың құқықтары туралы жадынамалар таратылып, жалпы білім беру мен кәсіби бағдарламалар, мемлекеттік қолдаулар түсіндіріліп, уәкілетті органдардың байланыс деректері ұсынылды.

«Бәрінен де қатысушылардың белсенділігі, еңбек етуге деген ынтасы қуантты. Бұл жәрмеңке жұмыс іздеуші мен ұсынушы арасында ортақ түсінік пен келісімді қалыптастыруды көздейді. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтарды назарға алып, әлеуметтік-құқықтық бағыттағы ақпараттардың кеңінен таныстырылғаны ұтымды болды»,-деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Алмагүл Ерменова.

Қазіргі таңда Қарасу ауданында ауыл шаруашылық техникаларының жүргізушілері, ветеринар маман, дәнекерлеуші, инженер, бақташы, инженер-электрші, жүк тасушы, шаруашылық меңгерушісі, экономист, бухгалтер, банк қызметкерлері, информатика және физика пәндерінің мұғалімі, медицина саласының қызметкерлері, психолог, сатушы, аспаз, электромонтёр сияқты мамандар қажет. Жұмыс беруші мекемелер мен ұйымдар еңбек етуге ниетті жандарға жоғары жалақы тағайындап, әлеуметтік пакетпен қамтуға дайын.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттер аудандық Мансап орталығынан алынды

Қарасу ауданы