Жыл сайын әлемде шамамен 15 миллион бала шала туылады. Бұл – статистика дерегі. Яғни, әрбір сәбидің оныншысы мерзімінен бұрын туған. Өкініштісі, бұл балалардың миллионнан астамы өмірге келгеннен кейін денсаулығындағы кінаратқа байланысты көп ұзамай шетінеп кетеді. Ал көпшілігі физикалық және неврологиялық мүгедектіктің түрлі салдарынан зардап шегеді.
Ғаламтор дерегіне сүйенсек, мерзімінен бұрын босану әлемдегі жаңа туған нәрестелер өлімінің жартысына жуығына тең. Ал Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың бала туады десек, 20-22 мың бала ай-күні жетпей өмірге келеді. Бұл барлық туған сәбилердің шамамен 5%.
Жүктілігі 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан кем шақалақ шала деп есептеледі және ондай нәрестеге ерекше күтім қажет.

Қостанай өңірінде жыл бойына дүниеге 10 мыңға жуық дүниеге келген балалардың 4-5 пайызы шала туғандар. Мысалы, өткен жылы 345 бала шала туылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 475 болған. Жарық дүниеге жетілмей келген балалардың азаю себебі – жалпы туу санының кемуінен.
Денсаулық сақтау басқармасы неонаталдық қызметінің үйлестірушісі, Тобыл қаласындағы аудандық аурухана дәрігер-неонатологы Наталья Топорованың сөзінше, туу көрсеткіштің төмендеуі көбіміз болжағандай өңірдегі климат жағдайының әсерінен емес. Оны кей жылдары болып тұратын табиғи үрдіс деп қарауға болады. Әрине, біз қозғағалы тұрған мәселеден сәл бөлек тақырып. Ал шала туу жағдайының негізгі себебі – ананың денсаулығы. Бірақ дәрігер әкенің де күтімі қажет екенін айтады.

«Тек ана емес, нақтырақ айтқанда, ата-ананың денсаулығына, күтіміне байланысты. Сол себепті баланы өмірге әкелу үшін жоспарлы түрде дайындық керек. Ең алдымен, ата-ана толық тексерістен өтуі қажет. Кейін сәби құрсаққа біткен күннен бастап ана күтінеді. Дәрігердің кеңесімен дұрыс тамақтану, жаттығулар істеу өте маңызды. Сонда ғана сау ұрпақ өмірге әкеле алады», – дейді дәрігер-неонатолог.
Шала туу анаға қауіп төндірмейді, ал баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Ондай жағдайда дамуына ерекше көңіл бөлген жөн. Әр ата-ана дәрігердің кеңесімен уақытылы ем алып, арнайы орталықтарға барып тұрса, жетіліп кетеді. Мұндай сауықтыру орталығы Қостанайда бар. Оған түспей тұрып, бала дәрігердің жіті тексерісінен өтеді. Сосын ғана жолдамамен бара алады.
«Облыс орталығында шала туған балаларға арналған сауықтыру мекемелері жұмыс істеп тұр. Мысалы, Л.Беды көшесі, 23 мекенжайындағы облыстық балалар ауруханасы жанында сондай орталық бар. «Қамқоршы» ерте араласу орталығы 3 жасқа дейін ең кішкентай балаларға көмек көрсетеді. Ол 2024 жылдың мамыр айында ашылды және қазірдің өзінде 1500-ден астам сәби оңалтудан өткен. Балалармен невропатологтар, реабилитологтар, логопедтер, дефектологтар, жаттығу терапиясының нұсқаушылары және психологтар жұмыс істейді. Мамандар біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Онда әр балаға жеке дара қарап, көмек көрсетеді. Әрине, аталған орталыққа біз жолдама береміз. Дұрыс тамақтану, дәрігердің кеңесімен дәрумендер ішіп тұру да маңызды», – дейді Наталья Топорова.
Шала туылған балаларды қатарға қосу кейбір отбасыларға қаржылық жағынан көп салмақ түсіреді. Әсіресе, физикалық және неврологиялық мүгедектігі байқалған сәбилерді дәрігерге бір, емшіге бір тасып жүрген ата-аналар аз емес.
«Тұңғыш нәрестемді ай-күні жетпей босандым. Тірек-қимыл қозғалысында ақау бар. Әкесі екеуіміз алғашында біраз қиналдық. Мемлекеттен көмек бар, жәрдемақы алып тұрамыз. Дәрігерлер де қарап, кеңес беріп жатады. Бірақ біз баланы ертерек қатарға қосамыз ба деп, анда-мында апардық. Қазір баламыз жақсарып келеді. Сегіз жасқа келіп, жүре алмайтыны болмаса, әріптерді танып, есеп шығара алады. Сондықтан мен секілді ата-аналарға айтарым, шаршамаңыздар, дәрігерлердің ақыл-кеңесін тыңдаңыздар», – дейді Қостанай қаласының Алтын есімді тұрғыны (есімі өзгертілді).
Ай-күніне жетпей өмірге келсе де, уақыт өте, дәрігердің бақылауымен толыққанды дамып кеткен балалар да баршылық. Алайда олардың кейбірінің денсаулығында өсе келе шамалы кінәрат пайда болуы да мүмкін. Мысалы, Айнұр есімді бойжеткен (ол да есімін ауыстыруды өтінді) дүниеге жеті айлығында келіпті. Қазір жұмыста табысты, бірақ көзі нашар көреді.
«Шала болсам да Құдайдың құдіретімен, ата-анамның көмегімен, дәрігерлердің күшімен адам болып кеттім. Әке-шешем мектепте жақсы оқуыма барын салды. Бірдеңені түсінбей қалсам, әкем бірнеше рет қайталаудан жалықпайтын. Кейін қарап отырсам, қайткенмен де кейбір дүниелерді қабылдауыма сол шала туғаным себеп болған сияқты. Көзімнің нашар көруі 14-15 жасымнан басталды. Дегенмен, қиындыққа мойымай, еңсеріп келемін», – дейді Айнұр.
Біздің бір түсінгеніміз – шала туған балалар да, оны өмірге әкелген ата-аналарда да ерекше күш болатын сияқты. Сенім күші, әлде бір қуат па, оларды алға жетелеп жатады. Бұған әлемге белгілі Исаак Ньютон сынды тұлғаларды мысал етсек те болады.
Өткенге зер салсақ, бұрын шала туған нәрестені ата-бабамыз тымаққа салып өсірген. Өйткені, мұндай сәбилерді ұстауға да, бесікке салуға да келмейді. Тымақ жылы, әрі сәбидің тез өсуіне әсерін тигізген. Неше күні кем болса, сонша күн тымақты керегенің әр басына іліп қойған. Күн саны кереге басы арқылы есептеледі. Мәселен, қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте той жасаған. Оларға Шалабай, Шалабек, Жартыгүл деген сияқты есімдер берген.
Қостанай облысында 2025 жылғы дене салмағы бойынша тірі туған балалардың саны
| Салмағы | 2022 ж | 2023 ж | 2024 ж | 2025 ж | ||||
| 500-999 г | 40 | 30 | 25 | 26 | ||||
| 1000-1499 г | 52 | 41 | 67 | 40 | ||||
| 1500-2499 г | 459 | 407 | 383 | 288 | ||||
| 2500 грамм және одан артық | 9852 | 9153 | 8328 | 7586 | ||||
| Барлығы | 10403 | 9631 | 8803 | 7940 | ||||
2024, 2023, 2022 жылдардағы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2025 жылғы туу салмағы бойынша жоғалтуды (қайтыс болғандарды) талдау жалпы өлім-жітімнің төмендеу үрдісі
| 2022 ж | 2023 ж | 2024 ж | 2025 ж | |||||
| саны | % | саны | % | саны | % | саны | % | |
| Шала туған | 46 | 62,2 | 32 | 69,6 | 25 | 71,4 | 26 | 78,8 |
| Толық мерзімді | 28 | 37,8 | 14 | 30,4 | 10 | 28,6 | 7 | 21,2 |
| Барлығы | 74 | 100 | 46 | 100 | 35 | 100 | 33 | 100 |
Шала туған танымал тұлғалар:
Исаак Ньютон — ұлы физик және математик, бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан, дифференциалдық және интегралдық есептеулерді (Лейбницпен бірге), жарықтың спектрге жіктелуін зерттеген, телескоп-рефлекторды жасаған, сондай-ақ термометр сияқты оптикалық құралдарды ойлап тапқан.
Лионель Месси — Шала туған, бала кезінде өсу гормоны жетіспеген, қазіргі таңда футбол тарихындағы ең үздіктердің бірі, «Алтын доп» пен «Алтын бутсы» сынды көптеген жеке марапаттарды иеленген, Барселона мен Аргентина құрамасымен көптеген клубтық және құрлықаралық турнирлерде, соның ішінде 2022 жылғы Әлем чемпионатында және 2021 жылғы Америка Кубогында жеңіске жеткен рекордсмен.
Стиви Уандер — әйгілі америкалық әнші, «Грэмми», «Оскар» сыйлығының иегері. Көзі көрмесе де, көңілімен көп әлемді көрген талант.
Бота МАНЕТ
