Ақын Серікбай Оспанұлы туралы естеліктер жинағы жарық көрді

Ақын Серікбай Оспанұлы туралы естеліктер жинағы жарық көрді

Жыл басындағы жағымды жаңалық. «Балалар әдебиетінің бағбандары» сериялық жобасы аясында көрнекті ақын, ғалым, балалар жазушысы Серікбай Оспанұлы туралы естелік, эссе, портреттік мақалалар жинағы жарық көрді. «Серікбай» аталатын жаңа кітапта қазақ әдебиеті классиктерінің, шайыр шығармашылығын ардақ тұтатын қаламдас ізбасарларының жазбалары жинақталған.

Алматыдағы «АТА Creative Hub» баспасынан жарық көрген бұл кітап ардақты ақынның көп жылдық шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға деуге негіз бар. Жинаққа лебіз-ілтипаты енген тұлғалар басында Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Есенғали Раушанов, Серік Тұрғынбеков сынды қазақтың көптеген заңғар ақын-жазушысы тұр. Кітапты дайындап, құрастырған – Серікбай ағамыздың шекпенінен шыққан жас ғалым Данияр Ихсан. Ал алғы сөзін қаламгер, ғалым Заңғар Кәрімхан жазыпты.

            «Серікбай Оспанұлы – жаратылысы бөлек қалам иесі, – дейді Заңғар Кәрімхан. – Ол – өлеңді өмірдің өзі секілді тереңнен толғайтын ақын, сөздің салмағын елдің тағдырымен өлшейтін жазушы. Ақындықпен қатар ғалымдық һәм ұстаздық жолды қатар ұстаған ағамыз – әдебиетке тек сырлы сезім емес, салмақты ой, сарабдал көзқарас әкелген тұлға. «Балалар әдебиетінің бағбандары» сериясымен шыққан осы кітапта қаламгердің шығармашылық бейнесімен қатар, оның адамдық болмысы, азаматтық келбеті де айқын көрінеді».

Заңғардың өз сөзімен тәпсірлесек, бұл жинаққа енген әрбір портрет, әрбір естелік – Серікбай Оспанұлының күрделі де көркем әлемінен бір-бір үзік сәуле. Тұтас ұлтқа танымал алып жазушылардың пікірін оқи отырып, жерлес ақынның жас шағында-ақ өлең-жырының аса жоғары бағаланғанына көз жеткіземіз. Мәселен, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев «Алғашқы жинақ айшығы» атты естелігінде Секеңнің «Жалын» баспасынан 1981 жылы жарық көрген, балаларға арналған «Айгүл» атты тырнақалды жыр кітабына лебіз айтқан екен.

            «Серікбай Оспанов соңғы 5-6 жыл дәрежесінде көпшілік алдында кеңірек шығып, бой көрсете бастаған жастарымыздың бірі. Бұл жігіт негізінен үлкендерге арнап жазатын еді, соңғы кезде балдырғандарды да ескеріп, талантын сынауда. Оның «Айгүл» атты алғашқы жинағы осының айғағы… Жинақтың ауыз толтыра айтары, тіл үйірері, шұрайлысы мен шырайлысы – ертегілері. Оқиғалары тартымды, қисынды да ғибратты туындылар. Жинақты оқып отырғаныңда көзің анық жететін нышан – Серікбайдың ауыз әдебиетінен нәр ала білгендігі, тәлім көргендігі. «Айгүл» – балалар поэзиясына жаңа бір ақынның келгеніне куә болатын басылым», – деп ой-пікір айтыпты Мұзағаң.

blankАл адуынды ақын, дауылпаз жыршы Ғафу Қайырбеков жерлес інісіне «қазақтың тамаша ақыны» деп жоғары баға береді. Өзінің көңілі ұнатқан бірнеше өлеңін іріктеп алып талдайды. Мысалы, «Ұя» деген өлеңі туралы былай дейді:

            «Баяғыдан есімнен қалмайды. Шалғы орақпен шалғын шөпті шауып келе жатқан біреудің орағының астынан үйректің үш балапаны аман қалады. Бала жүрек соның сыртынан аяп қарап тұрады. Енді көз алдыңа елестейді, соғыс деген орақ қой, қырып, орып, жаусатып жатқанда балапандар аман қалған. Бәлкім, сол балапандардың бірі Серікбай шығар?! Міне, сол өлеңін жақсы көремін… Серікбай осындай суреткер!».

Ал қазақ поэзиясының Тұмағасы – Тұманбай Молдағалиев Серікбай Оспанұлының шығармашылығы ғана емес, адами келбеті, азаматтық болмысы, мөлдір мінезі туралы толғаныпты.

            «Қазақ жырына сыпайы мінезімен, сыршыл жүрегімен, сыңғырлаған өлеңімен келіп қосылған Серікбайға мен әрдайым ыстық ықыласпен, ағалық мейіріммен қараймын. Оның бойындағы өнердегі ең ұлы қасиет – кісілік, тазалық, кішілік, мөлдірлік. Мен оған өзіме сенгендей сенемін. Кейде өзімнен жасыратын сырымды да осы бір ініме жайып салғым келіп тұрады. Өйткені ол сені тыңдай алады, өзін де саған сеніп, өзегінің өртін де, көңілінің дертін де сескенбей айтады, ағынан ақтарылады… Оның қаламы жорға, қарымды. Көзі қыран көзіндей қиядағыны шалады. Алысты көреді. Өзінің көңіл зердесінде қалып қойған көп жайды шабыттана жырлайды», – деп жазады Тұманбай.

Тұмаға жарықтық тағы да: «Сенімен өлең өлкесінде ұшыраса беруге менің құштар екенімді өзің де білесің», – десе, енді бір тұста: «Аман жүріңдерші, аса ойшыл, аса қиын ғасырдың мәжнүндері, аман жүріңдерші», – деп айғайлағым келеді ақын інілерімді көргенде», – деп тебіреніпті. Ал десі бөлек дегдар ақын Есенғали Раушановтың естелігі оймақтай болса да ойлы, аяулы ағасының өлеңдерін майдан қыл суырғандай етіп мысалға алып, бар болмысын ашып беріпті.

«Әкем болса соғыста, хат-хабарсыз, «Бөпе туып бер» дедім саған, анам». Мен мектеп қабырғасында жүргенде оқыған осы бір өлең жолдары әлі жадымда. Оның авторы – қазақтың осы күнгі танымал ақыны Серікбай Оспанов екен. Содан бері мен Серікбай ағамның өлеңдерін үзбей оқып келемін. Оқыған сайын құмартып, оқыған сайын жаңа қырымен танысамын. Өмірде де, өлеңде де қатарлас, қанаттас келе жатқан осы бір азаматты өз басым ерекше сыйлаймын…

Болған ерге кіл қорған,

Тас қасына өсіпті.

Жауынгердің құм толған

Каскасына өсіпті, – дейді ақын «Гүл» деген өлеңінде. Жауынгердің құм толған каскасына өскен гүлді көру үшін көңіл көзі керек. Ақындық, байқағыштық, қырағылық керек…», – дейді сұңғыла Есенғали.

blankСерікбай ағамыздың зерттеу еңбектеріне тоқталған қаламгерлер де аз емес екен. Солардың бірі – жазушы, сыншы Нұрдәулет Ақыш. Ол әуелі ақынның балаларға арнап жазған жұп-жұмыр, шып-шымыр өлеңдерін талдай келе, ғалымдық қырына тоқталады. Тобыл-Торғайдың ұлы тұлғаларын танытуға қосқан сүбелі үлесін сөз етеді.

            «Серікбай Оспанұлының ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин жайлы зерттеулерінің өзі бір төбе екенін атап айтқан жөн. Қазақ балалар әдебиетінің атасы туралы сериялы зерттеулері – Ыбырайтану ғылыман қосылған зор үлес. Осы жолда ол қаншама дереккөз ақтарып, ескі құлақтардың ауызша әңгімелерін де жинастырып, жүйелей білген. Сол зерттеулерді негізге ала отырып, көркем шығармалар жазып жүрген қаламгерлер де бар. Ұлы тұлғалар турасында байсалды еңбектер жазып жүргеніне тағы бір айғақ – Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы жайында жазған кешенді зерттеулері», – деп пікір қалдырыпты ол.

blankСерікбай Оспанұлының рухани қазынасын қотара сөйлеген қаламгерлердің естелік-лебіз, ой-толғамдары кітаптың ішінде сықап-ақ тұр, сөйте тұра мұқаба сыртындағы мына бір лебіз де зейінімізді аудартты. Авторы – эссе шебері, ҚР ҰҒА академигі, Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы.

«Студент шағымызда Серікбай Оспановты ару Алматының көрікті көшелерінен жиі көрер ек. Сымдай тартылған сымбатты жігіт. Арқалы ақын. Сырбаз сөз зергері. Сабырлы. Салмақты. Ойлы. Орнықты. Әйтеуір бізге солай көрінетін. Өрелі өлеңдерін былай қойғанда, Алтынбек Қоразбаев екеуі бірлесіп жазып, талай ұрпақты әлі күнге дейін тынымсыз тербетіп келе жатқан Алматыға деген сағыныш туралы әйгілі әнді айтсаңызшы. Сұлу сөз, сырлы саз деген осы болар. Бала кезімізде Амангелді батырдың аузымен айтылатын «Қылышым қолымда, Ел-жұртым соңымда, Аттың басын — Торғайға!» — деген екі-үш ауыз сөз бар-ды. Батырмен топырақтас перзент осы ұғымнан күш алды ма, кім білсін, ана бір жылы көштің басын атамекенге бұрды. Қыр төсіндегі Қостанайға тартты. Ақын ғой, Алматыны ана көріп, Тобылды пана көріп, екі ортада шапқылап жүре беретін шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, біржолата кетті. Жерсінді. Молынан жатты. Жай жатпады. Жырғап жатты. Жазды. Жыр әлеміне ғана емес, ғылыми зерттеулерге де терең бойлады. Ыбырайды қаузады. Ахметті ақтарды. Бұл еңбектеріне қазақ қана емес, түрік жұрты да құлақ түрді. Айтпақшы, ер Секемнің шайырлардың ішіндегі санаулы ғана ғылым кандидатының бірі екенін еске сала кетейік. Бүгінде Тобыл-Торсанның төрінде жүрген салиқалы Серікбай бір кездегі албырт та алаңсыз шақты, арайлы Алматының баурайынан жыр аулаған һәм сыр аулаған сері Серікбайды іздемейді ғой дейсің бе?!» – деп толғай жазыпты ол.

blankЖалпы, «Серікбай» аталатын жинақта біз тоқтала алмай кеткен Серік Тұрғынбекұлы, Қайсар Әлім, Байбота Қошым-Ноғай, Жанұзақ Аязбеков сияқты есімін ел білетін, қаламы жүйрік ақын-жазушылардың, ниеттес қауымның, ізбасар шәкірттерінің жазбалары да зер салып оқуға лайық дүниелер. Олардың бәрімен танысып шығу, бұйырса, оқырманның еншісіне тие де жатар…

Ж.Балғынбекұлы