Майлин ауданының тұрғыны құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіріп келген

Майлин ауданының тұрғыны құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіріп келген

Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қызметтік-іздестіруге арналған итті қолдана отырып, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтап, жолын кесті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Б. Майлин атындағы аудан аумағында 41 жастағы ер адам заңсыз түрде қарасора өсірді деген күдікпен ұсталды. Санкцияланған тінту кезінде оның тұрғылықты жерінен полицейлер каннабис тұқымдарын, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес затты, топырағы бар алты гүл құтысын, фитолампаны, сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар деп болжанған алты түп өсімдік бұтасын тәркіледі.

blank

Сонымен қатар, медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ұсталған азаматтан каннабиноидтарды қолдану фактісі анықталды.

Сот-химиялық сараптаманың нәтижелері бойынша тәркіленген заттардың есірткі құралдары екені белгілі болды: 4 960 грамм каннабис, 1,70 грамм марихуана және 1,57 грамм гашиш.

Аталған факт бойынша құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күдіктіге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Полиция департаменті есірткі құралдарын, соның ішінде «үй жағдайында» өсіру, сақтау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және ауыр құқықтық салдарға алып келетінін ескертеді.