Қолдау бар, қаражат жеткілікті ме?

Қолдау бар, қаражат жеткілікті ме?

Қостанай қаласында мүгедектігі бар 9142 адам тұрады. Оның 1590-ы бала. Аталған топтағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін 2025 жылы шаһар бюджетінен 1,9 млрд теңге жұмсалыпты. Ал биыл осы мақсатқа 2,2 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 10%-ке артқанын хабарлады қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға былтыр қандай әлеуметтік көмектің жасалғаны және биылғы жылдың жоспары туралы апта басында қала әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде мәлім болды. Мысалы, былтыр үйінде оқитын мүгедектігі бар 268 балаға материалдық көмек көрсетуге 61,2 млн теңге бөлініпті. Ал биыл 57,6 млн теңге бағытталмақ. Жергілікті атқарушы органның шешімімен арнайы мұқтаж жандар тобындағы азаматтарға да әлеуметтік төлемдер берілетін көрінеді. Былтыр аталған әлеуметтік төлем түріне 731,9 млн теңге бөлініп, 7263 адам тиісті көмекті алыпты. Биыл 702,7 млн теңге қарастырылып отыр.

Елімізде аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетіні баршаға мәлім. АӘК өмірдегі қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетуді көздейді. Мұндай қолдау түрін бірқатар қостанайлық алып жүр.

«Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады және төленеді. 2025 жылы қала бойынша 582 отбасыға АӘК төленіп,  жалпы сомасы 323,4 млн теңге мақсатты игерілді. 2026 жылы бұл бағытқа бөлінген қаражат көлемі 636,2 млн теңгені құрады», – деді Ақбөпе Манатова.

Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары тұрғын үй көмегі арқылы да жүзеге асырылады. Былтыр 496 отбасы тұрғын үй көмегіне қолжеткізді. Биыл жобамен 490 отбасыға дәл осы көмек көрсетілуі мүмкін.

Жан-жақты қолдауға мұқтаж жандарға осындай көмектерден бөлек ведомствоға қарасты үш орталықта бірқатар әлеуметтік қызметтер ұсынылады.  Біріншісі — «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік қызметкерлері 645 адамның үйіне барып, тиісті көмекті көрсетеді. Екіншісі — «Белгіленген тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» КММ тұрғылықты жері жоқ адамдарға 1 жылға тұруға арналған 42 орын ұсынады. Бұл орталықта үй-күйсіз жүрген адамдардың уақытша түнеуіне мүмкіндік қарастырылған. Үшіншісі – «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесінде 2025 жылдың соңында және қазірдің өзінде 64 отбасы тұрып жатыр. Былтырғы жылдың есебі бойынша бас-аяғы 118 отбасы аталған орталықтың көмегіне жүгінген.

«Биыл өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) бейімдеу орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек беруді қолға алмақ. Бұл қызмет түрі алты жылдан бері ҮЕҰ-дар арқылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұсынылып келді. Нәтижесінде зорлық-зомбылық құрбандары  тиісті көмекті жүйелі түрде ала алмады. Олар жыл соңына қарай келген жеріне қайта оралуға немесе пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Көбісінің жалдамалы пәтерге төлейтін қаражаты жоқ екенін ескерген жөн. Осындай түйткілдерді таразылай келе, біздің орталықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнап бөлме бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қадам ҮЕҰ ұсынатын қызметке қарағанда әлдеқайда тиімді», – деді баяндамашы.

Жоғарыда тізбектеп шыққан үш орталықтың қызметін ұйымдастыруға былтыр 809,6 млн теңге бөлініпті. Ал биыл 928,3 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар, биыл қиындыққа тап болған тұрғындарға қолдау көрсететін тағы бір орталық ашылғанын хабарлаймыз.

Жаңа орталық  –  «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік мекемесі қазірдің өзінде іске кіріскен. Орталық мамандары қиын жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық, құқықтық кеңестер береді. Мәселені шешу кезінде қажет болса тиісті мемлекеттік органдарды да жұмылдырады. Жаңа жыл басталғалы бері отбасын қолдау орталығынан көмек сұраған үш адамға нақты қолдау шаралары жасалыпты.

Қымбат ДОСЖАНОВА