Оны сүйікті қаласына «Сэd group» құрылыс компаниясы тарту етіп отыр.
Аумағы 25 шаршы метр болатын сквер Тәуелсіздік-Қасымханов көшелері қиылысынан орын тепкен. Бұған дейін он жылдан астам уақыт бұл жерде иесіз үш үй қоршауда, көшенің сұрқын қашырып тұрған еді. Енді олардың орнында сәнді-сәулетті демалыс нысаны пайда болып отыр.



«Жоба тамыз айында әзірлене бастады. Қыркүйекте құрылысты бастап, қазанда аяқтадық. Сквер басты көшелердің біріне, Тәуелсіздік бойына салынды. Себебі бұл жерлестерімізге ғана емес, келген-кеткен меймандарымыздың да көзіне оңай шалынатын жер. Бұл — компаниямыздың қалаға сыйлығы», — дейді компанияның коммерциялық директоры Мадияр Жағапаров.
Мұнда темірмен жақтауланған пергола, самалжай, орындықтар орнатылып, амфитеатр салынған. Сондай-ақ жағалай ақпарат стендтері қойылған. Олардың әрқайсысындағы QR-код арқылы Қостанай қаласы туралы деректермен, арғы-бергі тарихымен танысуға болады.


«Сквер кеш, түн мезгілінде ерекше тартымды көрінеді. Өйткені жағалай жарықтандырғыш құрылғылар орнаттық. Ал айналасы көктем-жаз кезінде көгалмен көмкеріліп, гүлдермен әсемдене түседі. Шырша, бұта, сәмбі тал егіп қойдық. Бұдан бөлек, ортадағы әзірге бос тұрған тұғырға екі қыздың, яғни «Қос Тананың» шағын сәулеттік формасы қойылады. Қола мүсіннің биіктігі 1,70 метр болмақ. Бір ай көлемінде тұғырға қонады», — дейді компания өкілі.


Демалыс нысанымен танысуға өңір басшысы Құмар Ақсақалов арнайы келіп, бағасын берді.

«Қаланы абаттандыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Саябақ, сквер қажет жерлерде жұмыс істеп жатырмыз. Бұл аумақтың да бос тұрғанына аз уақыт болмады. Өте жақсы орынға айналған екен. Қалалықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп ойлаймын. Демеуші компанияға алғыс айтамыз», — деді облыс әкімі.
Ол барлық жоспарлы абаттандыру, көше, қасбет жөндеу аяқталғанын, бүкіл құрылыс-монтаж жұмысы тәмамдалудың алдында тұрғанын, шаруалар келесі жылы жалғасын табатынын айтты.
Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев
