Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қала тұрғындарымен кездесуі биыл ерекше форматта өтті. Қала әкімі мен басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында тек ресми есеп қана емес, тұрғындардың базынасы, сыни пікірлері мен нақты талаптары да тыңдалды.
Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, биыл 308 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Береке ауданында 18 көпқабатты үй, Қонайда бұған дейін 20 үй пайдалануға берілген.

Алайда тұрғындар бұл көрсеткіштерге қарамастан, үйге қол жеткізе алмай жүргендерін жасырмады.

Қазір қалада 43 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр.

«Үйлер салынып жатқанын көріп жүрміз. Бірақ сол үйлердің кілті қарапайым халыққа қашан бұйыратыны белгісіз. Кезек қозғалысын байқамаймыз», – деп тұрғындар арасында пікір білдірді Александр есімді орта жастағы азамат.
Кездесуге келген Александрдің айтуынша, оның бауыры бірнеше жылдан бері жер кезегінде, бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ.
«Жер кезегінде тұрғандарға Қонайдан үй береміз деп айтып жатыр дегенді естігелі бері жұрттың жүрегі алып-ұшып жүр. Бірақ іс жүзінде ештеңе көріп тұрған жоқпыз», – дейді ол.
Әкім бұл мәселені бақылауда ұстайтынын айтып, жер кезегінде тұрғандарды үй кезегіне қосу арқылы шешім қарастырылатынын жеткізді. Алайда, қала әкімінің жауабы біршама үміт сыйлағанымен, толығымен күдікті сейілткен жоқ.

«Жеңілдік санаты бойынша тұрғындарға үй кезектен бұрын беріледі. Қабылдауыма жазылыңыз, мәселені жеке қарайық», – деді Марат Жүндібаев.
Валерий Артюшин есімді қала тұрғыны Қайырбеков көшесі №65 үйдің ауласында бой көтеріп жатқан 19 қабатты, 500 пәтерлі үй құрылысына қатысты шағым айтты.

«Үш жылдан бері шенеуніктердің есігін қағып келеміз. Аула тарылып кетті. Балалар ойнайтын, көлік қоятын жер қалмады. Бізді мүлде ескеріп жатқан ешкім жоқ», – деді ол.
Жиында осы Қайырбеков, Сьянов, Әл-Фараби және Гоголь көшелері маңында салынып жатқан басқа үй жобалары да тұрғындардың өмір сапасын төмендетіп отырғаны айтылды.
Мердігерлері нысанның маңайына өзге ештеңе жоспарламауды өтінді. Жеке нысан болып қалуы шарт.
Самбодан спорт шебері Евгений Мовчан КСК ауданында балаларға арналған күрес залының жоқтығын айтты.

«Қарауымызда халықаралық жарыстарда жақсы нәтижемен көзге түсіп жүрген балалар жаттығады. Осы жас спортшыларды әрі қарай дамытып шығару үшін жағдай қажет. Қазір шыны керек, дұрыс жарыс ұйымдастырып, дайындалатын орын жоқ», – дейді ол.
Облыс әкімі сметалық құжатты дайындап, қаржыландыру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Зейнеткер тұрғындар да қала ішіндегі құрылысқа қатысты мәселелерді ортаға салды.
Солардың бірі Закария Балшықбаев кезінде Қамысты ауданында ұзақ жыл қызмет істегенін айтады.

Бүгінде Алтын Арман ардагерлер ұяшығының төрағасы ардагерлерге лайықты орталық қажет екенін жеткізді.
«Юбилейныйдағы 19 үйдің жертөлесін алып едік, қазір ол жер келушілер көбейіп, тарыла бастады. Біз де адамбыз ғой, жағдай жасалса дейміз. Жуырда өзім кезінде қызмет істеген Қамысты ауданында болдым. Аудан әкімі елді мекенің қашықтығына қарамастан, ардагерлерге жағдай жасап отыр. Қазір біз тұратын жерде халық көп. Соны ескеріп, неге шағын орталықтың құрылысын қолға алмасқа?» – деді қария.
Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, жаңа орын табылған соң әлеуметтік кәсіпкерлерді тартуға болатынын айтты.

«Ана жолы ол жерге бір топ қариялар мені де шақырған. «Келіп жағдайымызды көріп кетіңіз» деді. Бірдеңе дұрыс емес екенін бірден түсіндім. Бізге ол үшін бос орын іздеу керек. Жерді алғаннан кейін ғана әлеуметтік кәсіпкерлерді тартқан жөн. Бейімбет Майлин, Қамысты ауданында ардагерлер ондай нысанға солай қол жеткізген. Зейнеткерлерге жағдай жасалу қажет», – деді облыс әкімі.
Екінші Қостанай ауданының тағы бір тұрғыны Астана, Алматыда, Шымкентте зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүретінін айтып, Қостанайда болуы мүмкін бе деп сұрақты төтесінен қойды. Қазір құрылысы тоқтап тұрған «Халық» бульварының жайын сөз етті.
«Бұл нысан міндетті түрде аяқталады. Қоғамдық көлікте жеңілдіктер де бар», – деп қысқа қайырды қала әкімі.
Жиында медицина саласындағы түйткілдер де қозғалды. Жасы келген дәрігер басқарма басшысына емдеу мекемелеріндегі дәрі-дәрмек тапшылығын айтып, жағдайдың шынайы ауыр екенін жеткізді.

«Ұзынкөлден инсульт алған науқасты алып келді. Бірақ керекті дәріні жазып бере алмадық. Қабылдауға кіру – бөлек мәселе. Біз де қиналып жүрміз», – деді ол.
Тұрғындар бұл сөзді қоштап, емханалардағы кезек, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мен мамандардың аздығы туралы өзара пікір алмасып жатты.
Медет есімді азамат ауыл шаруашылығы министрлігінің екі жыл бұрын уәде еткен 7 пайыздық несиеге қол жеткізе алмай жүргенін айтты.

«Осыдан екі жыл бұрын оңтүстік аудандардың шаруаларын жеңіл пайыздық несиемен қамтимыз, бір пайызын біз өзіміз төлеуіміз керек деді. Бірақ қаншама уақыт өтті, бәрібір ала алмай жүрміз. Құжат дайын, нәтиже жоқ», – деді ол.
Облыс әкімі субсидиялар кезек бойынша берілетінін, қаражаттың шектеулі екенін түсіндірді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
