Мемлекеттік тілді оқыту мен медиа сауаттылықты арттыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында түрлі этнос өкілдеріне арналған «Мемлекеттік тілге жеті қадам» облыстық форумы өтті.
Форумды Қостанай облысы әкімінің орынбасары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетов алғашқы болып сөз алып, ашып берді.
«Бұл форум мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге ат салысып жүрген нағыз отаншыл азаматтардың форумы десем артық айтқаным болмас. Мемлекеттік тіл тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты. Тіл мемлекеттің тұғыры. Қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлық», – деді ол.

Бақытжан Нарымбетов форум жеңімпаздарын құттықтап, сыйлықтар мен грамота табыс етті. Сонымен қоса салтанатты жиынға қатысқан басқа да оқушылар да құр қалған жоқ. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қалқаман Жақып, «Қостанай таңы» газетінің директоры-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы және М.Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің президенті, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Рихсибай Мамедов, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы, «Құрмет» орденінің иегері Марина Сахарова, «Халықаралық қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Қостанай облыстық филиалының басшысы Заңғар Санай сынды кеш қонақтары құттықтау сөз сөйлеп, форумға қатысушы оқушыларды марапаттады.

«Бұл – біздің Ассамблея қабырғасындағы ең маңызды жоба. Бұнда облысымыздың түпкір-түпкірінен жастарымыз қатысып отыр. Жоба мақсаты – мемлекеттік тілді қолдау, өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, талпынысы бар жастарға қолдау көрсету. Биыл 106 бала қатысты, оның 75-і финалға өтті. Бүгін 7 номинация бойынша қатысушылар марапатталды. Онымен қоса басқа да қатысушыларға демеушілер дайындаған сыйлықтар табысталды», – дейді жоба авторы әрі ұйымдастырушысы Наталья Рамазанова.

Айта кету керек, аталмыш жоба биыл осымен үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Осы жылдар ішінде 400-ден аса қатысушылар қатысқан. Соның бірі – Сарыкөл ауданынан келген Урицкий мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Алина Дмитровская.

«Осы форумға қатысқаныма өте қуанштымын. Тілге деген қызығушылығымды арттыра түсті. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызы зор. Тілге деген қызығушылығым бала күнімнен қалыптасты, есейе келе тереңдетіп үйреніп жүрмін. Тілді үйренуге ұстаздарымның үлесі зор», – деп ұстаздарына алғысын білдіре кетті.

«Әлеуметтік желінің белсендісі» номинациясымен марапатталған жеңімпаздардың бірі Софья Полякова қуанышын бөлісіп, «Мемлекеттік тілді үйрену әр азаматтың парызы және тілді білу арқылы білім көкжиегінің кеңейе түсетінін, бұл жобаға қатысу оған тілді үйренуге одан әрі қанат бергенін» атап өтті.
![]()
![]()
![]()
![]()
Форум күнін оқушыларға арналған пайдалы шеберлік сағаттары ашты. IQostanai оқушылар сарайының акт залында жас бүлдіршіндерге тіл үйретудің қызықты әдістерін көрсетіліп, интерактивті тапсырмалар арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге жігер берді. Ал кітапханада өткен екінші шеберлік сағатта оқушылар мен мұғалімдерге қазақ тілін этносаралық қатынас тілі ретінде қолданудың тиімді жолдары үйретілді.
Сондай-ақ дарынды жастар ән салып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Кеш қонақтары мен қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Форум аясында қатысушыларға арналған арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында делегаттар Алаш қайраткерлері — Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин және Міржақып Дулатұлының ескерткіштеріне барып, тағзым етті.

Іс-шараның маңыздылығы жайында қоғамдық келісім мекемесінің сарапшысы Айбек Таңатбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шара тұлғаларға тағзым етумен ғана шектелмейді, ол жас ұрпаққа тарихи жадыны жаңғыртып, олардың елдік сана-сезімін нығайту мақсатында ұйымдастырылған.
Айта кетейік, бұл экскурсия Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орайластырылған. Сарапшы Айбек Таңатбаевтың айтуынша, мұндай рухани-танымдық бағыттағы бастамалар жастардың отаншылдық рухын күшейтуге жол ашады.
Сарапшы Айбек Таңатбаев бұл экскурсияның тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті:
«Алаш арыстары – біздің ұлттық санамыздың негізін қалаушылар. Олардың өмірі мен мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақтың тарихи жауапкершілігі. Мұндай тағзым — тек өткенге бас ию емес, болашаққа бағдар. Бұл экскурсия жастардың бойында отансүйгіштік пен рухани бірлікті қалыптастыруға ықпал етеді», – деді ол.
Сонымен қатар, ол «Жеті қадам» форумы аясында осындай танымдық бағыттағы іс-шаралардың жиі өтуі ел ішіндегі қоғамдық келісім мен ұлттық тұтастықты нығайта түсетінін де жеткізді.
Бота МАНЕТ
Суреттерді түсірген Диана Доскеева
