Арқалықта жазасын өтеушілерге жәдігерлер таныстырылды

Арқалықта жазасын өтеушілерге жәдігерлер таныстырылды

№41 түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге «Заң мен тәртіп» тақырыбы аясында өткен танымдық сағат – тәртіп пен тәрбиенің, ой мен өзгерістің ұлағатты үлгісі болды.

Кездесу барысында қатысушыларға адам өміріндегі «уақыттың», «естеліктің» және  «байланыстың» маңыздылығы жайлы ой қозғалды. Сағат – уақыттың өлшемі ғана емес, тәртіп пен жауапкершіліктің белгісі. Әрбір өткен сәт – адамға ой салып, келешекке бағыт береді. Заң бұзған жан үшін уақыт – тек күн мен түннің ауысуы емес, «өзін қайта тәрбиелеу мен түзелуге берілген мүмкіндік.

Арқалықтағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының қорында сақталған сағаттар,телефондар және фотоаппарат колекциялары темір торда жазасын өтеушілерге музей жәдігерлері ретінде таныстырылды.

Фотоаппарат – өмірдің тоқтаусыз ағымындағы сәттердің куәсі. Танымдық сағат барысында суреттер арқылы қатысушыларға қоғамдағы әділдік, еңбек пен адамгершілікке тәрбиелеу жолдары көрсетілді. Әр сурет – бір тағылым, әр кадр – өмірден алынған сабақ.

Ал  телефон – заманауи байланыс құралы ғана емес, адамның сыртқы әлеммен, жақындарымен байланысын сақтайтын көпір. Бұл құрал арқылы түзету мекемесіндегі азаматтар отбасы мүшелерімен сөйлесіп, «үміт пен сенім жібін үзбеуге» мүмкіндік алады. Осы үш құрал – сағат, фотоаппарат және телефон – әртүрлі болса да, олардың түпкі мәні ортақ: «уақытты қадірлеу, өткеннен сабақ алу және болашаққа үмітпен қарау. Бұл танымдық сағат жазасын өтеушілердің бойына осы құндылықтарды сіңіріп, «заңға құрметпен қарауға және өз өмірін дұрыс арнаға бұруға» бағыт берді.

«Бүгінгі танымдық сағат – уақыттың қадірін ұғындырып, өткеннен сабақ алып, болашаққа сеніммен қарауға бағыт берген тағылымды кездесу болды. Музей қорындағы жәдігерлер арқылы біз тарихтың үнін естіп, адам өміріндегі ең басты құндылық – жауапкершілік пен тәртіп екенін тағы бір мәрте сезіндік. Әрбір сағат – түзелуге берілген мүмкіндік, әрбір естелік – өмір сабағы, әрбір байланыс – үміт пен сенімнің нышаны. Уақытты бағалап, өз өмір жолымызды дұрыс арнаға бұру – әр адамның өз қолында. Біздің ұстанған бағытымыз – жазасын өтеушілердің бойына заңға құрмет сезімін қалыптастыру, қоғамға қайта оралуға деген сенімін ұялату. Уақыт тоқтамайды, бірақ әр адам өз тағдырын өзгертуге қабілетті. Олай болса, өткеннен сабақ алып, бүгінгі күнмен өмір сүріп, болашаққа нық қадам жасай білгеніміз жөн», – дейді Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейінің әдіскері Жадыра Камалатдинова.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                  Арқалық қаласы