Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында буллингтің және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған «ДосболLike» жобасы бойынша ақпараттық түсіндірме жұмысы ұйымдастырылды. «Доспыз бәріміз» тақырыбымен психологиялық тренингтік ойындар өткізілді.


Білім ордасының 1-2 курс білім алушылары тартылған іс-шара – студенттер арасында достық қарым-қатынас орнату, бір-біріне деген сыйластықты арттыру, кибербуллинг пен буллингтің алдын алу, жастардың психологиялық сауаттылығын көтеруге бағытталған.

«Досбол Like» республикалық жобасының колледждегі үйлестірушісі, колледж оқытушысы Айнұр Мырзагалиева студенттермен ақпараттық түсіндірме жұмысын өткізіп, аталмыш жобаның негізгі бағыты, міндеттері мен жоспарлары туралы кеңінен мәлімет берді. Сонымен қатар, жастардың өзара қолдау көрсетіп, бірлік пен достықты нығайту қажеттігін ерекше атап өтті.

Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлхашима Оразова студенттерге өмірдегі шынайы достықтың маңызы мен қадірі жайында әсерлі ой қозғап, бір-бірін құрметтеудің, қолдаудың мәнін жеткізді.

Келесі кезекте барлық қатысушылар релакс бөлмесіне шақырылып, мотивациялық бейнероликтер көрсетілді. Қатысушылар ойларын тынықтырып, колледж психологы Айнұр Дакар арт-терапиялық әдістер өрбітті. Релакс бөлмесіндегі тынығуда жастар шығармашылық тапсырмалар орындап, түрлі түстер мен символдар арқылы өз ішкі әлемін жеткізуге мүмкіндік алды. Бұл әдіс жасөспірімдердің ішкі сезімін тануға, ашық қарым-қатынас орнатуына септігін тигізді.
Тренинг арқылы студенттер қызықты ойындарға қатысып, өз ойларын ортаға салды. Буллинг жағдайында не істеу керектігін, кімнен көмек сұрауға болатынын талқылады. «Осындай іс-шаралар жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді, өзара қолдау мен түсіністікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады»,-дейді колледж ұстаздары.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
